Бірліктің киелі бесігі

0

1 мамырда еліміздегі айтулы мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті. Татулық пен сыйластықты басты орынға қойып, бейбітшілікті бағалай білген мемлекетіміз үшін бұл күннің орны ерекше.

Қордай ауданын қазақ, орыс, неміс, кәріс, ұйғыр, дүнген, әзірбайжан, украин, балқар, шешен, т.б. 20-дан астам этнос өкілдері мекендейді. Екі жылдан бері пандемияға байланысты аталмай қалған мерекені биыл қордайлықтар асыға күтті. Орталық алаңда айтулы күнге арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Түрлі-түсті жалаулар мен шарлармен безендірілген алаңда қалықтаған әуезді әуен көңілді тұрғындардың мерекелік көңіл-күйімен үндесіп, мейрамның шырайын аша түскендей.
Этномәдени бірлестік өкілдері халық әндері мен билерін орындап, аудан тұрғындарын ұлттық тағамдардың дәмін татуға шақырды. Қазақстанды мекендейтін әртүрлі ұлыс өкілдерінің көрсеткен өнері жиналған қауымның көңілінен шықты. Іс-шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, «Аманат» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мырзағали Күзербаев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет Қордай жұртын мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. «Халықтың бірлігі, сенім мен толеранттықтың арқасында Қазақстанды бүкіл әлем біледі. 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар тұратын еліміз көпэтностылығымен ерекшеленеді. Барлық жетістіктеріміз – мызғымас достықтың жемісі»,-деген құттықтаушылар ортақ шаңырағымызға бейбітшілік, игілік, бірлік тілеп, еліміздің өркендеуі мен гүлденуіне тілектес екендерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.