2024 жылдың 23 тамыз күні Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен, Қордай ауданы білім бөліміне қарасты жалпы және қосымша білім беру педагогтеріне арналған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: жаңартылған мазмұны және енгізу алгоритмі» тақырыбында оқыту семинары өтті.
Семинарға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары, сынып жетекшілері, қосымша білім беру педагогтері, аудандық прокуратура өкілі, аудандық ювеналды полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім мамандары қатысты.
Бағдарлама тыңдаушыларға білім беру ұйымдарындағы 2024-2025 оқу жылында жүзеге асырылатын тәрбие жұмысының беталысын түсіндіруге, құндылықтар негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерін нақтылауға, білім алушылардың бойында құндылықтарды пәндік мазмұн, сынып сағаттары мен сыныптан тыс әлеуметтік тәжірибелер арқылы дарытудың әдіс-тәсілдерін меңгертуге бағытталды. Семинарды Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының «Жеке тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие жұмыстары» бөлімінің жетекшісі Гүлзат Келдібаева ашып, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұнына, оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктеріне тоқталды. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұны, құндылықтар жүйесі, тәрбие үш тағанының идеологиясы, түйінді идеясы, іске асыру механизмдері мен әдіснамалық негіздері туралы ақпарат берілді.