Дүйсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың басшылығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Бөлім мен мекеме басшылары, ауыл әкімдерінің басын қосқан келелі жиында қазіргі таңда аса маңызды мәселелердің бірі болып отырған бірыңғай әлеуметтік төлемді жинау туралы сұрақтар талқыға түсті.
Аталмыш сұрақ бойынша аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Баян Қарамолдаева өз баяндамасын ұсынды. Баяндама барысында осы жұмыстың барысы жайлы статистикалық мәліметтер келтіріліп, төмен нәтиже көрсеткен ауылдық округтер атап өтілді. Баян Нәзікеқызы Жұмыспен қамтудың іс-шараларын орындау барысында, оның ішінде электронды еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне еңбек келісімшарттарын енгізу бойынша Кенен, Қарасу, Қордай, Масаншы, Ноғайбай, Сортөбе, Сұлутөр, Қаракемер ауылдық округтері орындамағанын атап өтті.
Бірыңғай төлем төлеу арқылы өзектендіру жұмысы жалпы аудан бойынша 33679 адамның 9 айдың қорытындысымен 14,7% ғана орындалған, қыркүйек айының 2 аптасының жоспары 32,2% ғана көрсетіп отыр. Жұмысты төмен орындағандар қатарында Масаншы, Сортөбе, Қордай, Сарыбұлақ ауылдық округтері бар.
Бүгінгі таңға аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметіне сәйкес тек 1046 адам ғана өзектендірілген, 110 адам аудандағы емханада тіркелмеген, 431 адам шет елге көшіп кеткен, 1068 адам басқа облыстарға қоныс аударса, 29 адам қайтыс болған. Қорыта айтқанда, ауданда өзектендірілмеген азаматтардың саны көбейіп, көрсеткішті төмен тартып тұр. Әзірге мүдделі мекеме басшылары осыны ретке келтіруге ешқандай шара қабылдамай отыр.
Баяндамамен танысқан аудан басшысы әрбір ауыл әкімін жеке көтеріп, сұрақтың астына алды.
«Әлеуметтік сақтандыру аса маңызды мәселе екендігін есте сақтау керек. Ертең ауруханаға барып, медициналық көмек алуда қиындықтар тууы мүмкін. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет», — деген Мәден Мұсаев аталмыш бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тапсырмалар жүктеп, орындау мерзімін де шегелеп берді. Сонымен бірге жиын барысында алда келе жатқан саяси науқанға дайындық, күзгі дала жұмыстары барысы, жанар-жағармай және газ бағасы, жылыту маусымына дайындық, газға қосу жұмыстары және т.б. мәселелер талқыланды.
БІРЫҢҒАЙ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ МӘСЕЛЕСІ
Next Post