БИЫЛ 17 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

0

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспары бойынша облыс аумағында 140,8 млн. дана ағаш көшеті отырғызылады деп көзделген.
Аталған жоспар аясында 2021-2022 жылдары 35,1 млн.дана ағаш отырғызылды. Ал, 2023-2025 жылдары 105,5 млн ағаш отырғызылмақ. Оның 16 миллион 655 мың көшеті биыл егіледі. Көшеттердің арасында сексеуіл, қарағаш және тағы да басқалары бар.
Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Башанов айтып берді.
«Бүгінгі күнге, 5670 га жерді дайындау жұмыстары толығымен аяқталған. Қазіргі уақытта 16651,0 мың дана сексеуіл және қарағаш көшеттерін тұқымбақтардан қазу жұмыстары жүргізілуде.
Көктемгі орман отырғызу жұмыстарына қажетті көшет материалдарын, мекемелердің тұқымбақтарында өсірілген көшеттермен толық қамтамасыз етіледі және барлық көшет материалдардың карантиндік сертификаттары алынған»,- деді Данияр Башанов.
Мекемелер бойынша көктемдік жұмыстарға қажетті жанармай мәселесі толық қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, облыс аумағын абаттандыру және санитарлык тазалық жөніндегі көктемгі екі айлық аясында сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Ағымдағы жылдың 4 және 11 наурызы аралығында сенбіліктер өткізілген. Оған облыс бойынша 8700 адам қатысып, 301 тонна қалдықтар жиналды. Жалпы тазаланған аумағы 72,2 гектарды құрайды.
Ауданымызда да биыл тазалық жұмыстары мен ағаш отырғызу мәселесіне айырықша көңіл бөлінуде. Жуырда аудан басшысының тапсырмасымен аудан орталығына, біздің климатымыз бен жердің ерекшелігін ескеріп, осыны жерсінеді, өседі деген 1000 ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Олар кәдімгі емен ағашының көшеттері. Ауыл ажарын аша түсетін жасыл желектерге ендігі кезекте уақтылы күтім қажет. Осы орайда, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес орталықтағы Жібек жолы көшесі бірнеше бөлікке бөлініп, сол орындарға отырғызылған ағаш көшеттеріне үнемі қарап, суару, әктеу, баптау жүргізуге жауаптылар бекітілген. Яғни, өзіне бекітіліп берілген аумақтағы тал-дарақтарды күтіп-баптау енді үнемі қадағаланып отыратын болады.
Бүгінде аудандағы мекеме және ұйым қызметкерлері жұмылдырылған сенбіліктер де жалғасын табуда. Әр мекемеге белгіленген аймақ қоқыстан тазартылып, нәтижесін көзіміз көруде. Мыңдаған тал-дарақтар отырғызылып, ағаш қурандылары шабылып, арықтар тазалануда. Тек белгілі бір ұйым қызметкерлері ғана емес, аудан тұрғындарының көпшілігі өз ауласын, тұратын көшесін күл-қоқыстан тазартып, ауылымызды көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысуда. Көктем айы басталғалы ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер жалпы аудан бойынша өткізіліп жатыр. Бұл жұмыстар мамыр айының 1 жұлдызына дейін жалғасатынын еске саламыз. Жыл сайын өткізілетін шараның мақсаты – туған өлкені түлетіп, қолдан келгенше жайқалту. Сондықтан, туған жерінің ауасын жұтып, суын ішіп, табиғатынан қуаттанған әрбір тұрғын ауыл тазалығына атүсті қарамауы тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.