Жақында аудандық Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Бізде бала болғанбыз…» тақырыбында сала маманымен кездесу кеші өткізілді
Қазақ жұртында би өнері бұрыннан қошеметке ие. Бұл өнер талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіктің көрінісін айшықтайды. Оған қоса, жұрттың эстетикалық болмысын әспеттейді. Ол халқымыздың мәдениетін дене қозғалыстары арқылы жеткізеді. Көрерменге айтар ақпаратты би тілімен көрсету үшін өнерпаздың тума дарыны, ерекше табиғи қабілеті болуы шарт. Музыкалық ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалыстары арқылы мың бұралған сан түрлі образдарды бейнелеуге болады. Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізуді көздейді.
Бүгінде осы саланы өркендетуге қырық жылға жуық өз үлесін қосып жүрген «Махаббат» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Зияш Жазықбаева. Өзінің жанына жайлы жұмыс істеуді жөн көретін адам өмірінің соңына дейін мәнді ғұмыр кешуіне тура келеді. Бұл айтылған сөз кездесу кешінің қонағына қатысты айтылғандай — дей келе Зияш Еркебекқызы өзінің балалық шағы, ата- анасы, отбасы, ұзақ жылғы еңбегі туралы баяндап, көрермендерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Айта кететін жайт, қазақтың ұлттық салт дәстүрін, әдет-ғұрыптарын жас ұрпақтың бойына сіңіру. Ұлттық өнерге соның ішінде би өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру. Би өнері денсаулыққа тигізер пайдасы да зор екенін ұқтыру, эстетикалық талғампаздыққа, әдемілікке үйрету шараның басты мақсаты болып табылды.