БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ, ЖІГІТТЕРДІҢ ТӨРЕСІ…

0

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында ел қорғаны болып жүрген, қызметінде мінсіз, міндетіне адал азаматтар туралы сөз қозғаймыз. Солардың бірі Арзыханов Саят Жұмабекұлы.

Бір бойында бірнеше асыл қасиетті жинай білген, оның ішінде атына заты сай саятшылығы, атқұмарлығы, салауатты өмір салтын ұстанатын мол ерік-жігері, құқық қорғау саласында үлкен абыройы бар кейіпкеріміз туралы әріден сөз қозғасақ.

Ауқатты ауылының тумасы Саят Жұмабекұлы бала күнінен спортқа жақын болған. Бұл спортқұмарлығы кейін өзіне көп көмекке келді. Білімпаз, жақындарына бауырмал, ең бастысы ата-ананың тағлымды тәрбиесіне қанып өскен кейіпкеріміз мектепті жақсы аяқтап, Алматыдағы Ауыл шаруашылығы университетін «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша аяқтап шығады. Сонымен қатар, кейін Тараз қаласындағы «Әулиеата» университетіне оқуға түсіп, «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алады.

Еңбек жолын ауыл мектебінде бастаған Саят Жұмабекұлы, кейін «Жастар ресурстық орталығында» маман, одан кейін «Нұр Отан» қазіргі «Аманат» партиясы аудандық филиалында кеңесші болып еңбек етеді. Сол жерде жүріп түрлі саяси науқандарға қатысып, өзін тек жақсы жағынан көрсете білген ол 2012 жылы Президенттің Алғыс хатына да ие болады.

Жастайынан формаға қызығушылық, әскери болсам немесе құқық қорғау саласында еңбек етсем деген арман жолында ол 2013 жылы полицияға жұмысқа ауысып, өзінің туған жеріне учаскелік инспектор болып барады. Жаңа қызметке бірден бел шеше кіріскен Саят Жұмабекұлы көп ұзамай өзінің өте білімді, сауатты маман екендігін дәлелдей біледі. Осында бір мысал келтіре кетсек. Шамамен 2015 жыл болу керек. Ауқаттыда аудан басшысының тұрғындармен кезекті есеп беру кездесуі өтіп жатқан. Округтегі қылмыстық ахуал туралы сөз болып, аудан әкімі Саят Арзыхановтан «қанша қылмыс жасалды, оның қаншасы ашылды?», деген сұрақ қояды. Сол кезде учаскелік инспектордың «барлығы ашылған, ашылмаған қылмыс қазір тілкелген жоқ», деген жауабына барша халық ризашылығын білдірген болатын. Ол шын мәнінде солай еді.

Кейін білікті инспекторды басшылары өзге округтерге ауыстырып, сол жақтағы құқық қорғау жұмыстарына араластырады.  2013 жылдан бастап Ауқатты, Сортөбе, Қаракемер, Қақпатас ауылдарында учаскелік инспектор болып еңбек еткен ол 2021 жылдан қазіргі уақытта дейін Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында Қордай ауданы бойынша қызмет көрсету взводының аға инспекторы болып қызмет атқаруда. Шені — полиция майоры.

Соңғы қызметі туралы тоқтала кетсек жақсы білімді, мықты спорттық дайындықты, ептілік пен шұғыл қимыл жасауда, психологиялық тұрғыда да мықтылықты қажет ететін жұмыс. Яғни, барлық жағынан дайындығы мықты, өзін тек жақсы қырынан көрсете білген қызметкерлер ғана осы жұмысқа алынады. Бұл жақта да өзін үздік көрсете білген Саят Жұмабекұлы Полиция департаментінің Алғыс хатымен бірнеше рет марапатталған.

Жоғарыда атап өткеніміздей Саят Арзыханов ат спорты, күрес түрлері десе «ішкен асын жерге қоятын» азамат. Аудандық жарыстарда өз күшін сынап, талай рет жеңіс тұғырынан да көрінген. Мәселен, Наурыз мерекесінде дәстүрлі қой көтеруден жарыста соңғы жылдары Саяттың алдына түскен ешкім болмаған. Биылғы жылы өткен мерекеде қойды иығына салып алып, 150 рет көтерген Саяттың балуандығы жайында айта кеткен жөн болар.

Қызметте, қылмыспен күресте тау қопарарлық күші бар, білім мен тәжірибесі толысқан Саят Арзыханов үйінде аяулы жар, ардақты әке. Алтындай алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы жан. Жұбайы Салтанат Салқынбаева бастауыш сынып мұғалімі. Балалар тәрбиесіне ден қойған, аналық жылуын аямаған, үйдің шырайын келтіріп отырған аяулы жар.

Мереке қарсаңында Саят Жұмабекұлына мықты денсаулық пен қажымас қайрат, отбасы алдында Алатаудай әке болып, құрметіңіз арта берсін, ал қызметте тек табыс тілейміз.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.