Біздің Гүлнұр ұлттық сұлулық байқауында

0

«Қазақ аруы» елімізде жыл сайын өткізілетін ірі сұлулық байқауы болып есептеледі. Оған әртүрлі салада белсенділік танытып, қайырымдылығымен, жетістіктерімен көзге түскен арулар қатысады. Ал биылғы байқау әсіресе біздер – қордайлықтар үшін ерекше болмақ. Өйткені, сондай ірі байқауда Жамбыл облысының атынан біздің жерлесіміз қатысады.

Таныс болыңыздар, бұл арудың есімі – Гүлнұр Тоқталы, батыр баба Өтеген ауылының тумасы, 2006 жылы 1-қаңтарында дүниеге келген. Қазіргі таңда «нархоз» университетінің 3-ші курс студенті. Жастайынан би билеуге, кітап оқуға ынтық болып өсті. Бос уақытында театрға баруды, тауға шығуды ұнатады. Сабақтан тыс, ағылшын тілі курсында білім алып, фитнес-залға тұрақты түрде барады және саябақтар мен демалыс орындарына шығып кітап оқуды ұнатады.

Гүлнұрдың шығармашылық қабілеті жоғары, өйткені сол арқылы өз ойын еркін білдіруге мүмкіндік алады. Сондай-ақ өте еңбекқор жан, себебі бұл қасиеті оған көптеген мақсаттарына қол жеткізуде көмегін тигізеді.

«Мен әрдайым өзімді дамытып, жаңа дүниелерді үйренуге тырысамын. Менің арманым — осы қоғамда өз орнын тапқан, білімді және рухани бай адам болу. Өз миссиямды табуды армандаймын. Айналамдағы адамдарға шынайы қызмет етіп, өз елімнің дамуына үлес қосып және қоршаған ортаға пайдамды тигізсем деймін», — дейді Гүлнұр Мұратқызы.

 

Бұл байқаудың негізгі ерекшелігі – жеңімпазды қазылар алқасы емес, қалың жұрт анықтайды. Дәлірек айтсақ, телекөрермендер дауыс береді. Көп дауыс жинаған ару «Қазақ Аруы-2024» атанады.

Дауыс беру 13 қараша күні ютуб арнасында сағат 19.00-де тікелей эфирде басталады. Жерлесміз Гүлнұрға дауыс берейік, қолдау көрсетейік!

Leave A Reply

Your email address will not be published.