БІЗДІҢ ТАТУ ОТБАСЫ

0

Бүгінгі жас – ертеңгі  қария. Мұны әрбір азамат жадында сақтап, көңілге түйген дұрыс деп ойлаймын. Атасыз үйлер – батасыз, анасыз үйлер – панасыз қалатынын да ескергеніміз абзал. Қарттарымыз бағасыз байлық. Олардың төрімізде отыруының өзі бір бақыт емес пе? Мұндай бақытқа екінің бірі жете бермейді. Сондықтан да қарияларымызды, ақсақалдарымызды құрметтеп, қадірлейік ағайын!

«№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ-сінде 15 қарт ата-апаларымыз өмір сүріп келеді. Олар бұл үйде бір отбасыдай тату десек да қателеспеймін.

Отбасы дегеніміз не? Менің ойымша отбасы дегеніміз – әрбір адам үшін өте жақын әлеуметтік орта. Адам алғаш рет шыр етіп дүниеге келгеннен бастап өмірмен, айналасындағы қоршаған ортамен танысады. Мінез-құлық нормаларын отбасы мүшелері арқылы игереді. Яғни, бір отбасыдай болып кеткен қарттарымыз орталықта тату  өмір сүріп, тек құрбы-құрдас қана емес, нағыз отбасы. Мұнда бастысы, не ішемін, не жеймін, не киемін деп уайымдамайды, үкімет барлық жағдайды жасап қойған. Бөлме таза, кір жуулы, қысқасы, алаңсыз тіршілік.  Қариялар бірнеше  үйірме жұмыстарына тартылып, түрлі іс-шараларға атсалысады. Ал, қолдары алтын жандар киім тоқып, сурет салады. Спорттан да бұл жандар қалыс қалмауға тырысады. Аудандық спорт іс-шараларына қатысып мадақтама, алғыс хаттарға ие болғандар да жоқ емес. Осылайша, зейнет жасын дос-жарандарының ортасында қызықты өткізуде. Әлеуметтік орталықты қарттар үйі демесек, мұнда олар үшін демалыс кешеніндегідей барлық жағдай жасалған. Орталықтағы әрбір құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандар мен егде жастағылар үшін ыңғайлы орналастырылған. Сонымен қатар, 4 мезгіл тамақ та беріледі.

Бізге «Қанша адам ата-анасын тапсырды?» деген сұрақ жиі қойылады. Көпшілігі қарттар үйіндегі қарияларды халі мүшкіл, еш жылулық пен күтім көрмейтін, бақытсыз жандар деп ойлайды. Бірақ бұл жаңсақ пікір. Бізде  стандартқа сәйкес, қарияларға жеті түрлі қызмет көрсетіледі. Әрбір бөлмеде кереуеттер, оған жабылатын жапқыштар, төсеніштер, теледидар, үстел, орындықтар, мұздатқыш, басқа да тұрмыстық ұсақ-түйек заттар болады. Оларды күн сайын тазартып, жаңалап отыру мекеме қызметкерлерінің мойнында. Мұны тұрмыстық қызмет дейміз. Екінші – күнделікті таңертеңгі астан соң, әрбір тұрғынға медициналық қызмет көрсетіледі. Бізде психологиялық қызметтің де маңызы жоғары. Мекеме болған соң, оның қалыптасқан тәртібі, ережесі, өзінің бағдарламалары болады. Барлық тұрғындар таңертеңгі сағат жетіде тұру керек, сегізде тамақ ішу керек деген сияқты. Мұндайды бұрын көрмеген жандар біраз уақытқа дейін бейімделе алмай, қиналыңқырап жүреді. Сондай кезде оларға психологиялық қызмет көрсетіледі. Төртінші – құқықтық қызмет. Күннен күнге өзгерген, толықтырылған заңдар мен нормативті-құқықтық актілер түсіндіріледі. Бесінші – экономикалық қызмет. Бұл таза зейнетақыға қатысты. Зейнетақыларының дәл уақытында, нақты берілуі қадағаланады. Еңбек терапиясы қызметі бар. Бұрын белгілі бір кәсіппен айналысқан жандардың сол кәсіптерін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік береді. Мәдени қызметтің де біздің мекемемізде алатын орны зор. Түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қарттардың Қордайдағы мәдени ошақтарда болуы да қамтамасыз етіледі. Міне, орталықтағы қарияларға біздің мамандар  қамқорлықтарын аямай, толыққанды күтім жасап, көңіл бөліп келеді.

А.Алматаева, №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.