-Табысқа жету үшін белгілі бір жасқа толу міндетті емес, табыс адамның жасына емес, мінезіне байланысты. Өйткені бизнесте сағат таңғы 9.00-ден 18.00-ге дейін жұм ыс істеу, демалыс, мереке күндері деген жоқ. Кәсіпкер боламын деп шешсеңіз аптаның 7 күнінде 24 сағат бойы еңбектенуге, өз қателіктерің үшін жауапкершілікті көтеруге дайын болыңыз. Ал қателік кез келген адамның басынан өтеді, бір ғана нәрсе – олардан сабақ ала білу керек, – дейді кейіпкеріміз.
Қордай ауылының тұрғыны Даниил Ли небәрі 19 жаста, ал өзінің «Даке» атты компаниясын (өз есімін қазақ тіліне ұқсастырып қойған) осыдан бір жыл бұрын, 18 жасында құрған. Жалынды жастық максимализм, романтика және идеализм — ол өз ісін осы қасиеттерге негіздейді.
Даниилдің айтуынша, оны бала кезінен ешкімге тәуелді болмауға үйреткен. Отбасындағы жалғыз ұл, өкінішке орай, әкесінен ерте айырылды. Бұл жағдай оның өмірге деген көзқарасына әсер етті. Кішкентай кезінен анасына көмекші, тірек болуға тырысты. Ол отбасындағы жалғыз ер адам, қорғаушы және сәйкесінше өзін солай ұстайды. Жігіттің іскерлік дағдылары мектеп жылдарында көріне бастады — ол үнемі ақша табу және тәжірибе жинау мүмкіндігін ізденетін. Ең алғаш ақшаны телефонды қайта сатып тапты. Сатып алып, қайта сату ісі, ешкімге тәуелді болмай, аз да болса өз қаражатыңды тауып, анасы мен әжесіне көмектесу оған ұнап қалды. Ноғайбай ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжіне агроном мамандығына оқуға түсіп, Даниил автожуу кәсіпорнында қосымша еңбек етіп жүрді. Бұл салада бір жылдан астам жұмыс істеген соң оған осы автожуу орнын жалға алуға ұсыныс жасалды, ол бірден келісті.
-Ірі, көлемді іспен айналысқым келді. Кәсіпкерлікке қызығамын, — дейді Даниил. Негізгі жұмысымен қатар қосымша табыс көзін табуды ойластыра бастады.
Ол қызмет көрсету саласында істегісі келетін, бірақ қандай қызмет түрін таңдауды білмеді. Қызмет саласы автокөліктермен байланысты болуын қалады, бірақ сол сәтте көлік жөндеу мен автосервиске қызығушылығы болмады. Даниил бір жағынан перфекционист, тазалықты жақсы көреді, бәлкім содан болар, автокөліктерді химиялық тазалау бойынша қызмет түріне тоқталып, осы салаға қатысты ақпарат көздерін іздей бастады. Бастапқыда бәрін өз қолымен жасауды шешті, өйткені, ол әр мәселені өзі қадағалап, анықтап, біліп, үйренуге құштар адамдар санатынан саналады.
Жас кәсіпкер алты айдан астам уақыт бойы кәсіптің ерекшеліктері мен технологияларын зерттеді. Сонымен қатар жұмсақ жиһазды химиялық тазалау процесін үйреніп алды, өйткені жеке адамдарға да, компанияларға да жиһаз тазалау қызметі қажет-ақ. Жоба қызықтырды, бірақ қаражат қажет болды. Өзінің жиған ақшасы мен білімі жеткіліксіз еді.
-Кәсіпті ашуға ұзақ дайындалдым. Көптеген сұрақтар мазалайтын, бірақ нақты жәрдемдесетін білікті адамдарды танымайды екенмін. Бүгінде менен: «Қалай бастадың? Ешқандай тамыр-танысы, ешнәрсең болмады ғой» деп сұрайтындар көп. Әрине, қол қусырып, әлденені күтіп отыра берсең таныс та, тамыр да, ақша да болмайды, — дейді Даниил.
Кәсіби шеберлер – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жолығу керек деп шешті. Мұнда «Бастау бизнес» тұжырымдамасы базасында кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Содан кейін өз жобаңды іске асыру жолдары мен бизнесті тіркеуде қажетті іс-әрекеттерді түсіне бастады. «Атамекен» қызметкерлері бизнес-жоспар құру, оны қорғауға, мемлекеттік грант алуға көмектесті.
-Қордай ауданы – ауылшаруашылығына қолайлы өлке. Ауылдықтар көбінесе мал шаруашылығымен айналысады, оны дамыту үшін мемлекеттік гранттарға жүгінеді. Даниил Ли бизнесінің идеясы өзгеше еді, басқалардікінен ерекшеленіп, сонымен қатар бәсекеге қабілетті еді.
— Қордай нарығында «Даке» ЖК өз қызметтерін ұсынуда жақсы жағынан таныла бастағанын атап өту керек. Қордай ауданында осындай жалынды, іскер жастар көптеп шыға берсе екен дейміз, — деп бөлісті өз пікірімен Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ержан Әден.
Жобасын сәтті қорғап, мемлекеттік грант алған соң Даниил жабдықтар мен қажетті материалдар (тазалауға қажетті химиялық қоспалар) сатып алды. Енді өз ісіңді қалай жария етіп, таныту керек деген сұраққа жауап табу ғана қалды. Кәсіпкердің маркетингтен мүлдем хабары жоқ еді. Жарнамалау үшін жасалған жұмыстың фотосуреттері мен бейнебаяны бар портфолио қажет болды. Даниил үйде, достарымен бірге жаттыға бастады. Біраз уақыттан кейін алғашқы фотосуреттер мен жұмыс туралы түсінік пайда бола бастады. Әлеуметтік желілер арқылы жарнама жариялап, бизнес біртіндеп дами бастады.
Даниил жұмыс орнын көрсетіп, әр құрылғының мақсаты туралы айтып берді. Мысалы, химиялық тазалаудағы ең бастысы – экстрактор, ылғалдап жуатын шаңсорғыш. Ол тұрмыстық емес, өндірістік болуы тиіс. Өндірістік жабдықтар тұрмыстық құралдардан едәуір қуатты болып келеді. Тағы құрғақ тазалау үшін шаңсорғыш қажет, онымен жиһаз бетін ылғалды тазалаудан алдын ұсақ қоқыстан тазартып алады.
Кәсіби жабдықтар мен химиялық заттарды ұтымды пайдаланып тазалауды тиімді және жылдам жүргізуге болады. Мысалы, бір диванды тазалауға екі сағат кетеді. Жиһазды жуып қана қоймай, оны құрғатып кептіріп береді. Тазалағыш кәсіби заттарды ол сенімді жеткізушілерден сатып алады. Кәсіби химия күрделі дақтарды жақсы тазалайды, сонымен бірге оның құрамы жұмсақ болып келеді.
-Енді мен өз ісіңді бастау, қызмет ұсынуда жауапты бола білу дегенді іс жүзінде түсіндім, — дейді Даниил. Айтпақшы, ол агроғылым бойынша алған білімін де пайдалану жолдарын ойластыруда. – Жан-жақты адаммын, мотивациялық фильмдер көріп, кәсіпкерлікті дамыту бойынша дәрістер тыңдаймын. Мәселен, отандық «Бизнесмен» фильмі өте күшті әсер қалдырды. Қазір, мұндағы жұмыс процесін реттеп болған соң бизнестің басқа да тармағы жайлы ойлануға болады. Бір орында тұрып қалуға болмайды, алға жылжу керек. Өз ісіңе жауапты бола білсең, жас бала демей, бәрі сыйлайтын болады, — деп сенеді Д.Ли.
Жас кәсіпкердің айтуынша, бұл жолда ол өзіне сеніп, қолдау танытып, ақыл-кеңесін берген тек жақсы адамдарды кезіктірген. Жақын туыстары да жас та болса мақсатына жетіп, намысқа тырысатын қасиеттері үшін сыйлайды.
Даниил үшін отбасы — оның бизнесінің негізі. Анасы мен әжесі оған күш-қуат пен оның табысты кәсіпкер болатынына сенімнің қайнар көзі болды. Және ол сол сенімді ақтау үшін барын салуда.
Ләйлім Досембекова