Қордай ауданында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне мерзімді әскери қызметке шақырылған жастарды іріктеу науқаны басталды. Бұл – ел жастарының Отан алдындағы парызын орындап, азаматтық борышына адалдық танытатын маңызды кезеңдердің бірі.
Науқан аясында алғашқы болып Сортөбе ауылынан жеті жас өз еріктерімен әскер қатарына аттанды. Болашақ жауынгерлерді ауыл тұрғындары мен туыстары салтанатты түрде шығарып салып, оларға сәттілік пен абырой тіледі. Шара барысында жергілікті ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері жастарға ақ батасын беріп, елін қорғау – әр азаматтың ең жоғары міндеті екенін атап өтті.
Мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздар елдің әртүрлі аймақтарындағы әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Олар алдағы уақытта әскери дайындықтан өтіп, жауынгерлік машықтарын жетілдіріп, еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосатын болады.
Әскерге шақыру комиссиясының өкілдерінің айтуынша, биыл Қордай ауданынан ондаған жас азамат Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіледі. Барлық үміткерлер медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтары мен моральдық-психологиялық дайындығына қарай іріктеледі.
Бұл бастама – жастардың патриоттық рухын нығайтып, елге деген сүйіспеншілігін арттыратын маңызды шара. Әскер қатарында болу – тек борыш емес, сонымен қатар ер-азаматтың мінезін қалыптастырып, жауапкершілігін арттыратын өмір мектебі.