БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

0

15 қыркүйек күні Қордай ауданы бойынша мансап орталығы филиалының ұйымдастыруымен жұмыссыз азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге жұмысқа мұқтаж азаматтар, оның ішінде: алимент бойынша үш айдан астам берешегі бар азаматтар, пробация қызметі есебінде тіркеуде тұрғандар, жұмысқа жарамды мүгедектігі бар азаматтар және жас мамандар қатысты.

Жұмыс іздеушілерге аудан бойынша 69 мекемеден түскен 220 тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтатын болсақ, білім саласы бойынша – 78, денсаулық сақтау бойынша – 29, экономика – 3, заңгер – 2, әр түрлі жұмыстарға – 108 бос жұмыс орны ұсынылды.

Жәрмеңкеге жұмыс беруші ретінде 5 мекеме қатысып, бос тұрған жұмыс орындары бойынша ақпарат берді. Нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 30-дан астам азаматтың ішінен 8 азамат тұрақты жұмысқа, 3 азамат жастар практикасына, 1 азамат алғашқы жұмыс орнына және ақылы қоғамдық жұмыс орнына 2 азамат жолданды, сондай-ақ, барлық жұмыссыз азаматтар бос жұмыс орындарымен танысты.

Бұдан бөлек шара барысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқудың, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант берудің шарттары туралы және солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.