Қордай ауданының «Орталық» саябағында аудандық «Мансап орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес, елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты, жұмысшы мамандықтары бар жұмыссыз азаматтарға және білім саласындағы жұмыссыздарға арналған бос жұмысорындары жәрмеңкесі өткізілді.
Шараға аудандық білім бөлімі, ҚР ҰҚК Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы, орталық аурухана, аудандық пробация бөлімі, жеке сот орындаушылар, «Жастар ресурстық орталығы» КММ өкілдері, жұмыссыз азаматтар мен оқу орындарының түлектері қатысты.
Жұмыс іздеушілерге аудан бойынша 53 мекемеден түскен 205 тұрақты жұмыс орындары ұсынылды.
Оның ішінде:
Білім саласы бойынша – 132 бос жұмыс орны, денсаулық сақтау – 9, әр түрлі жұмыстар – 60 бос жұмыс орны, экономика – 4 Қорыта айтқанда, 22 азамат тұрақты жұмысқа сұхбаттасуға жолданды. Сонымен қатар, «қысқа мерзімді кәсіптік оқу», «алғашқы жұмыс орны», «жастар практикасы» және солтүстік өңірлерге қонысаударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қатысушыларға кәсіптік бағдар беріліп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсету және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мүмкіндіктері таныстырылды.
Жыл көлемінде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, жастарды кәсіптік білім алуға ынталандыруға және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бұдан да өзге бірқатар іс-шаралар алдағы уақытта да өзжалғасын табатын болады.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ