БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

0

Еліміздегі жұмыссыз азаматтардың санын азайту – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екені мәлім. Оны шешу жолында оңтайлы мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, әр облыс, аудандарда ауқымды шаралар жүргізілуде. Осы ретте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – «екі қолға бір күрек» таппай жүрген азаматтар үшін мол мүмкіндік екенін айта кеткен жөн. Ай сайын өткізіліп тұратын аталмыш шараның нәтижесінде осы күнге дейін көптеген аудан тұрғындары тұрақты жұмыс орындарын тапты.

Өткен жұмада Қордай ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарға арналған кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеге жұмысқа мұқтаж азаматтар қатысты, оның ішінде: алимент бойынша үш айдан астам берешегі бар азаматтар, пробация қызметі есебінде тіркеуде тұрған азаматтар, жұмысқа жарамды мүгедектігі бар азаматтар және жас мамандар.
Жұмыс іздеушілерге аудан бойынша 69 мекемеден түскен 151 тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде: білім саласы бойынша 40 бос жұмыс орны, денсаулық сақтау бойынша 14 бос жұмыс орны, әртүрлі жұмыстарға 86 бос жұмыс орны, экономика саласы бойынша 10, заңгер мамандығына 1 бос жұмыс орны ұсынылды.
Жәрмеңкеге жұмыс беруші ретінде 5 мекеме қатысып, бос жұмыс орындарымен таныстырды. Нәтижесінде жәрмеңкеге қатысқан 50-ден астам азаматтың ішінен 8 азамат тұрақты жұмысқа, 4 азамат «Жастар тәжірибесі» бойынша, 1 азамат «Алғашқы жұмыс орны» және 2 азамат «Күміс жас» жобасы бойынша, ақылы қоғамдық жұмыс орнына 2 азамат жолданды.
Сонымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқудың, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант берудің шарттары туралы және солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.