БОТА ОЙНАҚТАСА – МОЛШЫЛЫҚ 🐪✨
Қаракемер ауылдық округі – төрт түлігі түгел, тіршілігі берекелі өңірлердің бірі. Мұнда тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіпті заман талабына сай дамытып келеді. Соның ішінде «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы – еңбегімен ерекшеленіп, ауыл экономикасының өркендеуіне үлес қосып отырған құрылымдардың бірі.
Жақында Тараз қаласында өткен ат бәйгесінде қаракемерлік сәйгүліктер топ жарып, жүлде ретінде қос бота иеленді. Бұл – тек бір қожалықтың ғана емес, бүкіл ауылдың ортақ қуанышы. Жүйрік баптап, еңбектің жемісін көру – табандылық пен төзімділіктің айқын көрінісі.
Қазақ халқы үшін төрт түлік – береке мен ырыстың бастауы. Әсіресе түйе малы ежелден ерекше бағаланып, оның шұбаты, еті мен жүні тұрмыс тіршілікте кеңінен қолданылған. «Бота ойнақтаса – молшылық» деген ұғым да осыдан туындаса керек.