Ботулизм – Clostridium botulinum бактериясы бөлетін күшті уыттың (токсиннің) әсерінен туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Бұл токсин адамның жүйке жүйесін зақымдап, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, ауру өмірге қауіп төндіреді.
Ботулизм көбінесе сапасыз дайындалған немесе дұрыс сақталмаған тағамдарды тұтыну нәтижесінде пайда болады. Әсіресе үй жағдайында дайындалған консервілер, тұздалған және ысталған өнімдер, саңырауқұлақ консервілері, сондай-ақ балық және ет өнімдері қауіпті болып саналады.
Ботулизмнің алғашқы белгілері:
жалпы әлсіздік;
ауыз қуысының құрғауы;
бас айналу;
көру қабілетінің бұзылуы;
жұтынудың қиындауы;
жүрек айну және құсу;
тыныс алудың қиындауы.
Ауру белгілері көбіне күмәнді тағамды тұтынғаннан кейін бірнеше сағаттан 1–2 тәулік ішінде байқалады. Ботулизм кезінде дене қызуы қалыпты болуы мүмкін, бірақ науқастың жағдайы тез нашарлайды.
Ботулизмнің алдын алу үшін:
үй жағдайында консервілеу талаптарын қатаң сақтау;
ісінген немесе күмән тудыратын консервілерді пайдаланбау;
тағам өнімдерін тиісті температурада сақтау;
жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді тұтынбау қажет.
Егер ботулизмнің белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Өздігінен емделу өте қауіпті.
Ботулизмнің алдын алу – қауіпсіз тағам тұтынудың және халық денсаулығын сақтаудың маңызды шарты.
Г.ЧАЛТИКЕНОВ, Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы