«Боздаланың бозторғайы»

0

Кенен Әзірбаев сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз. Жырау, әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші, әрі композитор, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер. Оның байтақ мұрасы халқымыздың биік эстетикалық мұраты есебінде ұрпаққа үздіксіз қызмет етіп, ғалымдар тарапынан зерттеле береді. Ақынның он дастан, жүзге жуық ән, оннан астам айтыс, мыңға тарта өлең, халық қазынасын жинаған том-том қолжазбалары қалды. Екі бірдей ғасырды басынан кешкен Кененнің өмірі өз халқының өмірі, оның тағдыры өз елінің тағдыры еді. Ол ескінің соңы, жаңаның басы болған ежелгі замандардан келе жатқан баба жыраулар дәстүрін жаңғыртып, оған жаңа мазмұн, жаңа сипат берген ақын.

Халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаев 1884 жылы 19 маусымда қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ ауылында дүниеге келді. Ал 1957 жылы сол кездегі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Киров колхозына көшіп барып, өмірінің соңына дейін осы елді мекенде тұрды. 1976 жылы 92 жасында қайтыс болды. Ақынның мәйіті, тұрған үйі, мұражайы осы жерде. «Кенен – екі облысқа ортақ ақын» дейтіні сондықтан. Қазіргі күні бұл жер «Кенен ауылы» деп аталады.

ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырда ұлттық рухтың ұлы өнерпазы: жырауы әрі ақыны, жыршысы әрі күйшісі, әншісі әрі композиторы, шежірешісі әрі ірі қоғамдық қайраткері болып танылған Кенекеңнен халқымыздың алтын қорына барып қосылған сан-салалы мол мұра қалды.

2024 жылғы 19 маусым күні Кенен ауылында, Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінде және ауылдық Мәдениет үйінде көңілді күйге бөлеп, дарқан даланы асқақ әнімен тербеткен, сөз маржанынан асыл ойлар тұндырып, телегей теңіз жыр тудырған  халық ақыны, айтулы әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың туылғанына 140 жыл толуына орай әдеби-сазды шара өтті. «Боздаланың бозторғайы» тақырыбында өткен шара  ақын музейі ұжымының ұйымдастыруымен қолға алынған.

Мереке Құран бағыштап, ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды, содан кейін қонақтар мұражайды аралап, экспонаттармен танысты. Кенен Әзірбаевтың жеке заттары, оның сүйікті кітаптары мен фотосуреттері, балалық шағында ойнаған кішкентай домбыра, ескі патефон, марапаттар, тіпті шапан — өткеннің тірі бөлігі, білгірлер үшін нағыз сирек кездесетін нәрсе. Аталмыш салтанатты жиында қазақтың жүз жылда біртуар тұлғасы, халқымыздың аса дарынды ақын-сазгері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі, қазақтың ұлттық мәдениетіне, әдебиетіне қосқан үлесі мол Алатаудың ақиығы атанған халық ақыны Кенен Әзірбаев өмірі мен шығармашылығын айқын көрсететін фотосуреттер мен құжаттардан Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі «Ғасырында бір келер – қазағымның бұлбұлы» тақырыбында фотокөрме жасақтады.

Іс-шарада арнайы Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалдық музейлері, Сабит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов музейлер кешені, Кенен ауылдық кітапханасының көрмелері ұйымдастырылып халық назарына қойылды.

Ары қарай іс-шара осындай жүрегі жүз жыл жырлаған ақын Кенен Әзірбаевтың шығармаларынан Қордай аудандық Мәдениет үйі мен «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының» өнерпаздарының орындауында концерттік бағдарламада жалғасын тапты. Онда музей директоры Алмабек Жаманкозевтің «Екі Кенен тумайды Алатауға ексеңде» атты баяндамасын баршаның назарына ұсынды. Сонымен қатар,  Кенен ауылы тұрғыны, ардагер-ұстаз Бейсекүл Даукеева «Жамбыл мен Кенен» арнау өлеңін оқып, Жамбыл Жабаев әдеби-момориалды музейінің директоры Салтанат Жамбылова, Сүйінбай Аронұлы   әдеби-момориалды музейінің меңгерушісі Қарлығаш Муширова, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Арайлым Рахымбердіқызы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов музей кешенінің жетекшісі Анар Көшербаева және Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалдық музейінің меңгерушісі Айда Искакова құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатты жиын барысында музей директоры А.Жаманкозев бірқатар азаматтарға «Аманат» партиясы аудандық филиалының Алғыс хатын табыс етіп, сый-сияпат жасады. Жиын концерттік бағдарламаға ұласып, Қордай және Кенен ауылының өнерпаздары әннен шашу шашты.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.