ЧЕМПИОНДАР ШЫҒАТЫН МЕКЕН

0

Ауданымыздың шалғай ауылдарының бірі – Қарасай батыр ауылында Молдасейіт атындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт клубы ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Көпфункционалды спорт нысаны барлық талаптарға сай. Құрылыс құны шамамен жеті жүз миллион теңгені құрады. «AlyStpoyProekt» мердігер компаниясы барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтаған.

Кең әрі жарық залдарда жергілікті балалар футбол, волейбол, бокс, еркін күрес және үстел теннисімен айналысады, тренажер залы да бар. Айтпақшы, әр секцияда 20-25 баладан жаттығады. Спортқұмар балақайлардың қатары күн сайын артып келеді. Оларды тәжірибелі жаттықтырушылар үйретеді. Спорт клубындағылар түсіндіргендей, жас спортшылардың көпшілігі кешкі уақытта, сабақтан кейін жиналады. Балалар әсіресе бокс, күрес және волейболға қызығушылық танытады екен. Мұнда тек қарасайлық ұл-қыздар ғана емес, Еңбек ауылынан да оқушылар келеді. Спортпен шұғылданып, бос уақытын пайдалы өткізгісі келетіндердің арасында ересек тұрғындар да бар. Ең бастысы, спорт нысаны толыққанды жұмыс істеп тұр. Ал ұжым барлық жағдайды жасауға тырысады: клубтың абаттандырылған аумағы алыстан көз тартады. Бұл техникалық қызметкерлердің еңбегі.

— Бұл нысанның ашылуы бұқаралық спортты дамытуға, ауыл жастарының арасында салауатты өмір салтын насихаттауға септігін тигізді. Чемпиондарымыз аз емес, жаңа клубтың арқасында бұдан да көп болады деген үміт бар, — дейді жергілікті тұрғындар.

Алуа ТҰРҒАНБАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.