ЦИФРЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ОШАҒЫ

0

Өткен жұмада аудан әкімі Бегзат Болатбеков кәсіпкерлер және бірқатар бөлім басшыларымен бірге №7 Бетқайнар колледжіне барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты. Өңір жастарына техникалық және кәсіптік білім беретін колледжде бүгінде 556 студент оқиды. Мұнда «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» сынды мамандықтың төрт түрі оқытылады.
Аудан басшысы бастаған жұмысшы топ ең алдымен ауыл шаруашылығы техникаларын көріп шықты. Оқу орнының директоры Г.Алимбаева колледжде «John deere», «Енисей» комбайндары, «MTЗ-80», «deutz fahr» тракторлары, камаз, экскаватор, соқа, дән сепкіш сынды барлығы 20 техника, 3 виртуалды тренажер барын мәлімдеді.
Осыдан кейін Бегзат Болатбеков дәнекерлеу цехының және жүн түтетін цехтың жұмысымен танысып шығып, ауданға ғана емес, облыс көлемінде шырынды лимонымен танымал болған колледж базасындағы жылыжайға барды. 224 шаршы метрді құрайтын жылыжайда жылыту, сумен қамту жүйелері бар, ондағы жұмыс жыл бойы жалғаса береді. Жұмыс сапары барысында аудан әкімі колледж кітапханасын, оқу залын, оқуға құштар колледж орталығын және студенттер жатақханасын көріп шықты. Білім ордасының директоры жатақханада қазір 50 студент барын және ғимараттың газбен жылытылатынын жеткізді.
Келесі кезекте аудан әкімі студенттердің өз қолымен жасаған колөнер бұйымдарын, этно стильде тігілген киім үлгілерін тамашалап, жас шеберлердің жұмысына жоғары бағасын берді.
Білім алуға ынталы жастарға бұл жерде барлық жағдай жасалған. Бұған аудан басшысы бастаған жұмысшы топ әр кабинетті аралау барысында толық көз жеткізді. Мәселен, комбайн және трактор тренажері кабинетінде студенттер виртуалды түрде техниканың тізгінінде отырып, жер жыртып, астық жинап, егін шаруашылығының қыр-сырын үйренеді. Ал ауыл шаруашылығын механикаландыру кабинетінде виртуалды тренажердің көмегімен трактор тораптарын дұрыс жинауды үйренсе, дәнекерлеу ісі кабинетіндегі тренажер-симулятор білімгерлерге дәнекерлеу процесінің дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу орнының жұмысымен толық танысып шыққан Бегзат Сейсенқұлұлы кәсіпкерлер, бөлім басшылары және колледж ұстаздарының басын қосып, дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел барысында аудан әкімі бүгінгі жұмыс сапарының негізгі мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерді колледж жұмысымен таныстыру, оқу орнына қандай көмек қажет екендігінен, нендей өзекті мәселелері барынан хабардар болу екенін атап өтті.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер өңірімізде тапшы мамандықтарды осында кәсіби білім алып жатқан жас мамандар толықтырса деген ұсыныстарын жеткізді. Колледж директоры да бірігіп жұмыс істеуге даяр екендіктерін айтып, аудан орталығынан арнайы келген азаматтарға алғысын жеткізді. Дөңгелек үстелді қорытындылаған аудан әкімі жиын барысында көтерілген маңызды мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.