Басы ауырып, балтыры сыздағанда адам баласы ақ желеңді абзал жандардан мейірім күтіп, алдына баратыны белгілі. Алайда бір дәрігердің алдындағы ұзын-сонар кезек дертіне дауа іздеген кісіні қажытып жіберетіні де мәлім. Неге? Өйткені елімізде дәрігерлердің тапшылығы айқын сезіледі.
Осыдан біршама уақыт бұрын мыңдаған дәрігердің шекара асып кететінінен хабардар болғанымызда таңғалған едік. Ал жұмыс істеп жүрген мамандардың 30 пайызы зейнет жасына жеткені көпшілікті ойландырмай қоймайды. Тіпті есеп комитеті еліміз бойынша медицина кадрларының тапшылығы 23 мыңға жетіп, кадрлық дефицит екі есеге дейін артқанын хабарлаған болатын. Ал өңірлерде жағдай қалай? Кадр тапшылығын жоюда Жамбыл облысында қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Мәселенің мәнісін білу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке арнайы жолыққан едік. Оның айтуынша, өңірде кадр тапшылығы сезіледі. Алайда жыл өткен сайын аталған мәселені жою жолында айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр. Жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнына түскен студенттер жыл сайын өңірге оралуда.
«Жалпы, облыста жыл басынан бері дәрігерлер тапшылығы 2021 жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 1,9 есе төмендеген. Алайда білікті дәрігерлердің дефициті әлі де сақталып отыр. Бүгінгі таңда өңірге 125 дәрігер қажет болып отыр. Жалпы, қаланы есепке қоспағанда ауылды жерлерде 61 дәрігер жетіспейді. Бүгінге дейін өңірге 23 жас маман келді. Аталған жас мамандардың бесеуі қалаға қоныстанса, қалған 18 жас маман аудандарға жұмысқа орналасты. Олардың үшеуі Байзақ ауданына, бесеуі Жамбыл ауданына, жетеуі Қордайға, біреуі Тұрар Рысқұлов ауданына, екеуі Меркі ауданына жұмысқа орналасты», дейді басқарма басшысы жағдайды түсіндіріп.
Ә.Қалиевтің айтуынша, өңірге келген жас мамандар әлеуметтік қолдаудан құр алақан қалған емес. Әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс істеуге бекінген жас дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр екен. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да сәтімен жалғасын таппақ.
«Өңірдің ауылдық жерлеріне жұмыс істеуге барған қызметкерлерге қолдан келген көмектің барлығы көрсетіліп жатыр. Өйткені кадр тапшылығымен күресу – біздің міндетіміз. Атап айтар болсақ, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 64 маманға 800,0 мың теңге көлемінде ақшалай көтермеақы бөлінді.
Денсаулық сақтау саласының 81 қызметкеріне (2021 жылы – 58) республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Нақтылап айтар болсақ, 1 500 АЕК-тен аспайтын сомада бюджеттік несие бөлінді (Байзақ ау- даны — 14, Жамбыл — 8, Жуалы — 7, Қордай — 6, Меркі — 11, Мойынқұм — 5, Т.Рысқұлов — 6, Сарысу — 4, Талас — 4, Шу — 16). Ауылдар мен аудандарға қызметке орналасқан дәрігерлер жергілікті атқарушы билік тарапынан қарастырылатын көмектен тыс қалмайды. Аудан әкімдіктері тарапынан жаңадан келген мамандар үшін коммуналдық қызметтерге, отын, су, көмірге арналған шығындарды өтеу мақсатында арнайы қаражат қарастырылған», дейді басқарма басшысы мәселенің мәнісіне бойлап.
Басқарма басшысы келтірген деректерге сүйенсек, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалмаған көрінеді. Бұл жұмыс аудандарда нақты қолға алынған.
«Талас ауданына келген жас мамандарды қажеттілігіне қарай тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Одан бөлек, Қордай ауданының әкімдігі жалдамалы пәтерді қажет ететін мамандарға жағдай жасауды қолға алмақ. Бірінші жұмыс істеген жылы үшін ай сайынғы жалдау қаражаты төленеді. Алайда бұл мәселе бойынша қолдау көрсету жағы об- лыс орталығы Тараз қаласында қарастырылмаған», дейді ол.
Жалпы, облысымызда кездесетін ең тапшы мамандықтардың мәселесін шешу бойынша да нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтар болсақ, білім беру гранттарын көбейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Атқарылып жатқан жұмыстар қаншалықты нәтижелі болатынын уақыт көрсете жатар.
«Жалпы, облысымыздағы ең тапшы делінген мамандықтардың мәселесін майшаммен қарап отырған жайымызбар. Резидентураның білімберу гранттарының санын ұлғайту бағытында жергілікті атқарушы органның грантымен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де жоғары білімді кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 32 азамат оқиды. Олардың он екісі 2019 жылы, оны 2020 жылы, тағы оны 2021 жылы оқуға жіберілген болатын. Жергілікті атқарушы органның грантымен білімін арттыруға барған сол қыз-жігіттер жоғары оқу орнында тәжірибесін толыстырғаннан кейін облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесін алады. Сонымен қатар, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды да- ярлау үшін 50 дәрігер резидентурада оқиды. Олардың қатарына 2019 жылы оқуға түскен 12, 2020 жылы қолдауға ие болған 10, 2021 жылы оқу орнына түскен 28 дәрігер оқиды. Денсаулық сақтау министрлігіне тапшы мамандықтар бойынша 2022 жылға республикалық грантпен 70 дәрігерді резидентурада оқытуға тапсырыс берілген болатын. Ал жергілікті бюджеттен 30 дәрігерді оқыту жоспарланған», дейді Ә.Қалиев.
Әлбетте, жауапты министрлік пен жергілікті атқарушы билік тарапынан нақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Алайда зейнет жасындағы кадрлар мен зейнет жасына жақындаған дәрігерлер алдағы уақытта орнын босататынын, ал жоғары оқу орнына түскен мамандар ұзақ жылдар бойы білім нәрімен сусындайтынын ескерсек, кадр тапшылығын жақын арада толық шешу мүмкін емес.
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ