Елімізді 74 мың дүнген мекен етсе, оның 52 мыңы Қордай ауданында жинақы тұрады. Сортөбе ауылында 22 мың, Масаншы ауылында 20 мың, Ауқаттыда 6 мың, Қарасу және Бәйтерек ауылдарында 4 мың дүнген қазақпен қоян-қолтық өмір сүруде. Қорада қойы, өрісте малы, үйде бала-шағасы араласып жатқан қазақ пен дүнген бір-біріне алыс емес. Күнделікті тірлікте бір үйдің тете баласындай қалжыңдасып, кейде “бір атым насыбайдан көңілі қалып” жатса да, қиын-қыстау кезде бір-бірінің жанынан табылады, иыққа түскен ауыр жүкті бірлесе көтереді.
Соның бір дәлелі — 25 маусымда «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, Қордай ауданының Құрметті азаматы Лугмар Буларов бастаған Сортөбе, Масаншы ауылдарының белсенділері Үлкен Сұлутөр ауылына жол тартты. Сапар мақсаты біреу- табиғи апаттан зардап шеккен қазақ ағайындарға алғашқылардың қатарында қол ұшын созу, қолынан келгенше сел салдарынан орын алған шығынның орнын толтыруға көмек беру.
“Дүнген этносының басына қиындық түскен жылдарда қазақ халқы соңғы бір үзім нанын бөлісіп, ештеңені аямағаны үшін, баршамыз ортақ бір шаңырақта болғандай сезімде болғанымыз үшін қазақ халқына әрқашан шын жүректен алғыс айтамыз. Қазақ халқына деген ризашылығымыз жүректен шығады. Біз осы жарасымды қарым-қатынасымызды жоғары бағалап қастерлейміз. Үлкен Сұлутөр ауылының басына бұлт үйіріліп, тұрғындары абыр-сабыр болғанда біз қарап жата алмадық. Бауырларымыздың жағдайымен танысып, көзбен көріп, алдағы көрсетер көмегімізді жоспарлап алсақ деген оймен осы ауылға келдік”,- дейді Зайнуддин мырза. Махусеев Зайнуддин Абдулбахтиярұлы еліміздің озық ойлы жастарының өкілі ретінде 15 жылдан астам қоғам өмірінің барлық салаларына белсене араласып келеді. Жамбыл облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы, Жамбыл облысы әкімдігінің «Вынхуа» АДКО бастығының орынбасары, қазір «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Зайнуддин Абдулбахтиярұлы бастаған топ Үлкен Сұлутөр ауылы тұрғындарымен кездесіп, шығын орнын толтыруға барынша атсалысатынын жеткізді. Барша дүнгендердің табиғаттың тосын мінезінен жапа шеккендердің шығынын қалпына келтіруге көмек қолын созатынын, алғашқы көмек қысқа мерзімде жететінін айтты.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, Үлкен Сұлутөр ауылына алғашқы қаржылай көмек Масаншы мен Сортөбе ауылдарынан болмақ.
ДҮНГЕН АҒАЙЫНДАР КӨМЕКТЕСУГЕ ДАЙЫН
Prev Post
Next Post