«Дәстүрімнің балқаймағы – әжелер»

ӘЖЕЛЕР ӨНЕРІ, МЕКТЕБІ, ОЛАРДЫҢ ӨНЕГЕСІ – БҮГІНГІ ҚОҒАМДА БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ, БОЙҒА ТЕРЕҢНЕН СІҢІРЕТІН ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ.

0

«Жан жүрегім, жарығым» деп әже немересін, шөбересін жүрегіне теңейді, өмірден жиған барлық ғибратын бүлдіршінді тәрбиелеуге арнайды. Сондай-ақ, қыз балаларды болашақ ана болуға, жас келіндерді отбасының ұйытқысы болуға шақырады. Жас балаларды ата жолын  қусын деп адал еңбекке, мейірімді болсын деп қайырымдылыққа баулиды.

5 маусым күні аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл облысының 85 жылдығына орай қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, әже тәрбиесін үлгі ету, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану мақсатында және «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған  «Дәстүрімнің балқаймағы – әжелер» атты байқау өтті.

Байқауға 58-81 жас аралығындағы 17 үміткер қатысты: Қордайдан 73 жастағы Сбанова Зинакүл, Әлжан ана ауылынан 67 жастағы Жоламанова Қорлығайын, Ноғайбайдан 75 жастағы Құрманалиева Өзгетай, Бетқайнардан 66 жастағы Амандықова Мейрамкүл, Отардан 73 жастағы Досалиева Ұлжан, Қаракемерден 81 жастағы Әлімжанова Жұмахан, Күнбатыс-2 ауылынан 79 жастағы Нұрманбетова Несіпкүл, Қарасудан 77 жастағы Дауткулова Есенкүл, Степное ауылынан 75 жастағы Қосаева Арзанкүл, Үлкен Сұлутөрден 70 жастағы Белебаева Күлжібек, Беріктастан 69 жастағы Қадырбекова Сұрбибі, Қызылсайдан 66 жастағы Жақыпова Айсара, Сарыбұлақтан 65 жастағы Таңатарова Рая, Қақпатастан 65 жастағы Дүйсембекова Жаңылша, Жамбыл ауылынан 62 жастағы Садықова Гүлістан, Ауқаттыдан 58 жастағы Бекбау Шынар және Көктөбе ауылынан 60 жастағы Саурукова Жұлдыз.

Шара барысында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы, аудандық мәслихат төрағасы Нурдин Садықов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әбдікерімұлы құттықтау сөз сөйлеп, руханияттың өрінде, өнегелі өміріміздің төрінде тұрған аналардың қоғамдағы орнын, парқы мен нарқын салмақтап, барша анаға сәттілік тіледі.

Ақ жаулықты аналардың өнеріне баға берген әділ қазылар құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық «Аналар алқасы»  кеңесінің төрайымы Роза Қағазбай, мәдени демалыс қызметін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Жанат Ақылбаева, аудандық Мәдениет үйінің директоры Елдар Боранбек және аудандық Мәдениет үйінің әншісі, «Мәдениет саласының үздігі» Қарлығаш Қожағазина  болды.

Концерттік бағдарламаның көркін «Аққу» халықтық би ансамблі аша білді. Сонымен қатар аудандық Мәдениет үйінің бірқатар өнерпаздары Құндыз Байболат, Ұлан Әшімов, Ғалия Иманбаева, Аманғали Сәндібек, Ұлдан Шалабаева, Асем Таубалды, Сауле Жуатбекова, Бостан Оспанов көрермендерге әндерін шашу етті.

Ең алдымен ақ жаулықты әжелеріміз «Сәлем сөздің анасы»  атты бірінші кезеңде өздерін таныстырып өтті. Екінші кезең – өнер сайысы болды. Өне бойына өнер тұнған асыл аналар ән мен жырдан, күмбірлеген күйден шашу шашты. Мәселен, Степной ауылының аналар алқасының төрайымы Арзанкүл Қосайқызы көне түркі халықтарының саз аспабы шаңқобызда ойнап, көрерменді тәнті етті. Үшінші кезеңде қатысушылар бір мезетте халық әнін орындап отырып, ұршық иіруден жарысты. Осыдан кейін кимешекті әжелер ұлттық нақыштағы киім үлгісін көрсетуден сынға түсті. Өткеніміздің өнегесін дәріптеп, өз өнерлерін көрсету, бойындағы мейірімділік пен ізгілік қасиетін сайыс арқылы көрерменге дарыту мақсатында ұйымдастырылған бұл додада қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде Жақыпова Айсараға, 1-орын Дауткулова Есенкүлге, 2-орын Әлімжанова Жұмахан әжелерімізге бұйырса, 3-орынды Сбанова Зинакүл мен Жоламанова Қорлығайын әжелеріміз бөліп алды.

Барлық қатысқан әжелерге бағалы сыйлықтар, диплом және алғыс хат табысталды.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.