Күн суытқанда адам ағзасында көбіне, күн сәулесінен келетін D дәрумені азайып кетеді. Сырқаттардың көбі адам ағзасында осы D дәрумені қорының төмендеуіне байланысты күшейеді екен. Сондықтан, қандағы D дәруменнің мөлшерін тексертіп отыру керек.
Егер қаныңызда дәрумен жетіспеушілігі анықталса, Сізге Д витаминін қосымша қабылдау үшін оның мөлшері мен ішу ұзақтығын анықтау мақсатында дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.
«Д» дәруменінің бұлайша аталуының себебі – оның адам терісінде күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен түзілетінінде. Әрине, күнделікті ішетін тағамдардан да бұл дәрумен алынады, бірақ ол көбіне жеткілікті болмай жатады. Ол балық майында, бауырында, уылдырығында, жұмыртқаның сарысында, жануарлардың бауырында, сүт өнімдерінде мол. Әсіресе өзен, көл жануарларына қарағанда, «Д» дәрумені теңіз балығында көп. Ал дәстүрлі қазақ дастарқанында теңіз өнімдерінің аздығын еске алсақ, дәруменнің біз үшін негізгі алынатын көзі күн екені айқын. Алайда еліміздің барлық аймағы бірдей шуақты емес, алты ай қысы, салқын күзі мен көктемі бар сахара тұрғындарында «Д»-ның жетіспеушілігі айқын сезіліп жатады.
Ағзаға дәрумен тигізетін әсер мол, алайда ең бастысы — кальций мен фосфордың ішектен бөлінуін жылдамдатып, сүйек ұлпасының мықтылығына әсер ететінін айтқан жөн. «Д» жетіспеушілігі балаларды мешелдікке әкелсе, ересектерге де тигізетін салқыны мол. Дәруменнің ұзақ уақыт бойы ағзада жеткіліксіз болуы рак, жүрек-қан тамырлары ауруларын тудырып, сонымен қатар остеопороз сынды түрлі сүйек сырқаттарын, Альцгеймер, шашыраңқы склероз сынды ауыр кеселдер тудыратыны анықталған. Әсіресе кішкентай бөбектердің мешелге шалдығуы баланың қаңқасын дұрыс қалыптастырмайды. Аяқ сүйектері дене салмағының әсерінен майысады, сүйек баяу дамиды, ұйқысы қашады. Жұқпалы аурулармен көп ауырады. ағзамыз үшін «Д» дәрумені қажет-ақ. Оның тіпті мидағы серотонинді қалыпты деңгейде ұстап тұруда атқаратын қызметі зор. Сондықтан мамандар бойымыздағы дәруменді бақылауда ұстауымызға кеңес береді. Дегенмен, осыны біле тұра, көпшілігіміз күнделікті ас мәзірінде дәрумен қабылдауды естен шығарып та жатамыз.
D ДӘРУМЕНІ АЗАЙЫП КЕТСЕ…
Prev Post
Next Post