Сейсенбі күні өрт қауіпсіздігі, сел және көшкін сияқты техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жұмысына азаматтық қорғау органдарының дайындығы тексерілді. Кешенді тексерісті ауданға жұмыс сапарымен келген ҚР ПӘ мемлекеттік инспекторы Ғ.Кенжеахметов жүргізді.
Қордайдың орталық алаңында төтенше жағдай, өрт сөндіру, коммуналдық қызмет, жедел жәрдем, полицейлер және өзге де азаматтық қорғау органдарының өкілдері сап түзеп, жеке құрам мен техника дайындығын көрсетті. Аудан әкімінің орынбасары, жауапты штаб төрағасы Ж.Бақаев және аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік инспектор Ғ.Кенжеахметовке аудандағы ахуалды баяндап әр қызмет өкілдерімен таныстырып шықты. Әр қызмет басшысы қарамағындағы жеке құрам мен техника санын айтып, болуы мүмкін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаса, әрқашан дайын екендерін жеткізді.