ДАЙЫНДЫҚ ЖАЙЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

0

Жайдары жаздың сәулелі күндері артта қалып, қоңыр күздің күрең тынысы жақындап келеді. Бұл кезең, әсіресе, мектеп оқушылары үшін жаңа өмір белесін ашады. Алғашқы қоңырау соғылып, бірі мектеп табалдырғын жаңа аттаса, енді бірі бір сынып алға басып, жаңа сатыға көтеріледі.

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Сондықтан аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ білім беру мекемелеріне арнайы сапарлап, жаңа оқу жылына дайындығына көз жүгірту мақсатында зерделеу жұмыстарын бастауда. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жетекшілік ететін топ құрамында аудандық полиция бөлімінің, орталық аурухананың, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, төтенше жағдайлар бөлімінің, аудандық электр станциясының, білім бөлімінің, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының басшылары мен өкілдері бар.

Тексеру жұмыстары Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп лицейінен басталды. Білім мекемесіне келген жұмысшы топ, бұл білім ошағында кездескен кемшіліктерді анықтай отырып, жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін жасау керек шараларды талқылауға кірісті.

Шарада білім беру ұйымдарындағы ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінде және сапалы аяқтау, мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Осыдан кейін, жұмысшы топ ауданымыздағы білім беру мекемелерінің бірі Шерхан Мұртаза атындағы мектепке бағыт алды.

Алайда, тексеру барысында мектептің кейбір мәселелері де назарға алынды. Оқушылардың қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне, санитарлық жағдайларға қатысты кемшіліктер анықталды.

Топ жетекшісі Дамира Маратқызы жаңа оқу жылында оқушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстап, аталған талаптарды күшейту бойынша тиісті мамандарға тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.