ДАЛА ДАРАБОЗЫ «КАРБОЗ»

0

Сары алтындай күз мезгілі аяқталып, көзді ашып-жұмғанша, қылышын сүйретіп, қыс та келді. Орақ науқаны аяқталуға жақын. Осы ретте, күзгі дала аруын жинауға кіріскен Степнойлық «Қарбоз» шаруа қожалығының жетекшісі Айбек Жолдасбаевпен тілдесудің сәті түсті.

Осыдан жиырма жыл бұрын құрылған аталмыш қожалық ауыл шаруашылығы саласында негізінен дәндік дақылдар мен көкөніс өнімдерін егумен айналысып келеді. Барлық жетістік еңбекке байланысты екендігі даусыз. Тек бейнетіне бейімделе білсең болғаны, береке өзі келеді. Әке жолын қуалап, аманат арқалап жүргендердің бірі, аталмыш иеліктің басшысы Айбек Қайратұлының мәліметіне сүйенсек, биыл шаруашылығындағы 405 гектар егіс алқабының 230 гектарына – арпа дақылын, 100 гектарына – бидай, 40 гектарына – жоңышқа, 35 гектарына – пияз өнімін отырғызып, жинау науқанын ойдағыдай аяқтап үлгерген. Осыдан біршама күн бұрын 15 гектар аумаққа отырғызылған жүгері жиын-теріні басталып, редакция ұжымы алқаптағы қызу еңбектің үстінен түстік.

«Қазіргі таңда алқап-тағы жүгері дақылының басым бөлігі орылып, қырманға жеткізілуде. Әр гектардан жиналған дән орта есеппен 80 центнерден айналуда. Астықты жинау тиісінше техника күшімен атқарылуда. Егістік жұмысын жеңілдететін 1 бірлік – комбайн, 3 бірлік – трактор, 1 бірлік – камаз, 1 бірлік – Газ 53 сынды ауылшаруашылығы техникаларымыз игілікке жарауда. Әкемнің сынағынан сүрінбей өтіп, қожалықты көтеру маған артылған үлкен парыз. Шаруашылық жұмысына 2021 жылдан бері жетекшілік етіп келемін», — дейді Айбек Жолдасбаев. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал тектен текке айтылмаған сияқты. Өзіне артылған жауапкершілік жүгін арқалаған, жас болса да бас болған шаруагер қарамағындағы бес адамды тұрақты жұмыспен қамтуда. Олардың ішінде тракторшы, зоотехник-агроном, сушы сынды жауапты лауазымды арқалаған азаматтар бар. «Осыдан жиырма жыл бұрын қожалық іргетасын өзім қаладым. Бүгінгі таңда осының барлығын балаларыма тапсырдым. Енді еңбек демалысындамын. Қазір шаруасына араласпаймын, тек сырттай ғана тілекші болып отырамын», — дейді қожалық негізін қалаған Қайрат Жолдасбаев. Ата кәсіптің қырын сырын еркін меңгерген қожалық жұмысына сәттілік айтып, қоштастық.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.