ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ

0

Ауыл шаруашылығы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарының бірі. Бұл салада қажырлы еңбек етіп, бар ғұмырын жер мен техникаға арнаған азаматтар аз емес. Солардың бірі – Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны, еңбек ардагері РЫСҚҰЛ СЕЙТЖАНҰЛЫ КӨПБАЕВ.

Рысқұл Сейтжанұлы 1956 жылы дүниеге келген. 1971 жылы 8-сыныпты аяқтаған соң, Красногор, қазіргі Үлкен Сұлутөр ауылындағы СПТУ-7 кәсіби-техникалық училищесінде тракторшы мамандығын алып шығып, туған ауылына оралады. Содан бастап ауыл шаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етеді.

1974-1976 жылдары Мәскеу облысында әскери міндетін өтеп қайтып, елге келген соң қайтадан ауыл еңбеккерлерінің қатарында қызметін жалғастырды. 1977 жылы отбасын құрып, жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бірнеше немере мен шөберенің ардақты атасы.

Жастайынан техникаға құмар болған Рысқұл Сейтжанұлының айтуынша, сол жылдардағы тракторлар мен комбайндар қарапайым құрылымда болған. Ал қазіргі ауыл шаруашылығы техникасы түгелдей дерлік автоматтандырылған, электронды жүйемен жабдықталған. Бұл – уақыт талабына сай дамып жатқан сала екенінің айқын дәлелі.

2020 жылы өмірлік серігінен айырылған Рысқұл аға қазіргі таңда ұлымен, келінімен және немерелерімен бірге тұрады. Ұлы – жеке кәсіпкер.

Айта кетерлігі, Көпбаевтар отбасы – ұлттар достығының жарқын үлгісі. Рысқұл Сейтжанұлының әкесі – қазақ, анасы – орыс ұлтынан. Әкесі Сейтжан мен анасы Марияның арасындағы 41 жас айырмашылыққа қарамастан, бұл отбасы әрқашан өзара сыйластық пен татулықта өмір сүрген.

1997 жылы колхоздан шығып, 2001 жылы жеке шаруа қожалығын құрған. Бүгінде иелігінде 7,12 га суармалы, 83,5 га егістік және 280 га жайылым жері бар. Шаруашылығында арпа, бидай, жоңышқа, жүгері өсіріледі. Қажетті техникалармен толық қамтамасыз етілген: автогрейдер, МТЗ-80 тракторы, ПИК-100 ұсақтағышы бар.

Өнімнің бір бөлігі отбасылық қажеттіліктерге жұмсалса, артығы нарыққа шығарылады. Егістік жұмыстары төрт ағайынды арасында тең бөлінген. Өз жасына қарамастан, Рысқұл Сейтжанұлы әлі де техниканы өзі тізгіндеп, қажет болса жөндеп те алады.

Жақында ауыл әкімдігі тарапынан еңбек ардагеріне құрмет көрсетіліп, арнайы алғыс хат пен сыйлық табыс етілді.

– «Мен үшін бұл күтпеген әрі ерекше қуанышты оқиға болды. Өмір бойы қарапайым еңбекпен айналыстым. Мұндай құрметке лайық болдым дегенге сенудің өзі қиын», – дейді Рысқұл Сейтжанұлы.

Иә, Рысқұл Көпбаев – адал еңбектің, төзімділік пен табандылықтың айқын көрінісі. Ол – ауыл тұрғындары арасында сыйлы, ұрпағына үлгі боларлық азамат. Осындай жандардың арқасында ауыл тірлігі жанданып, ел дамуы жалғаса бермек.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.