Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толды. Солардың ішінде аудандық мәслихаттың алар орны ерекше. Халық қалаулыларының бірнеше буыны қалыптасқан, 1994 жылдың 7 наурызынан бастау алған, бүгінде «бұғанасы қатып, буыны бекіген» үлкен институт талай белестерді бағындырып, ел экономикасын өркендетуге айырықша үлес қосып келеді.
5 желтоқсанда аудандық Мәдениет үйінде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуына орай салтанатта шара өтіп, осыған дейін бірнеше шақырылымда депутаттық корпустың мүшесі болған жандар жиналды.
Жалпы осы жылдар аралығында көптеген игілікті істердің басы — қасынан табылған депутаттар, жалпы мәслихаттың құрылуы турасында арнайы дайындалған бейнеролик көрермен назарына ұсынылып, одан соң көпшілік қауымды аудан әкімі Бегзат Болатбеков құттықтады.
«Мәслихаттар – жергілікті басқару жүйесінің тірегі, халық пен билік арасындағы алтын көпір. Соңғы 30 жылда мәслихаттар еліміздің тұрақты дамуы, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолында маңызды рөл атқарып келе жатқаны баршаңызға аян. Қордай ауданының мәслихаты да осы жылдар ішінде аумақтағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қозғаушы күші болып, халық мүддесін қорғауда ауқымды жұмыстар атқарды. Ауданымыздың инфрақұрылымының нығаюына, әсіресе ауыларалық жолдарды жөндеу, мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандарын салу сынды көптеген игі істер аудандық және облыстық мәслихат депутаттарының қолдауларының нәтижесінде іске асты», — деген Бегзат Сейсенқұлұлы бірқатар азаматтарға «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалі мен Құрмет грамоталарын табыс етті.
Келесі кезекте сахна төріне аудандық мәслихаттың бастауында болған, 18 жыл хатшылық қызмет атқарған Қордай ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай көтеріліп, отыз жыл бұрын құрылған аудандық мәслихаттың тарихына, сол кезде депутат деген ауыр жүкті арқалаған азаматтар, қолға алынған ірі саяси шешімдер турасында толғанып, барша әріптестерін құттықтады.
Ал, мерекелік жиында құттықтау кезегін алған аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов жалпы бүгінгі таңда халық қалаулылары қолға алып жатқан игілікті істерге тоқталып, жалпы әріптестер қауымын тамаша мерекемен құттықтады.
«Тәуелсіз елімізде 1994 жылдың 7 наурызы тарихи күн болып қалды. Дәл осы күні еліміз бойынша алғашқы әр деңгейде мәслихат сайлауы өткен болатын. 30 жыл ішінде мәслихаттардағы депутаттар корпусы демократиялық, зайырлы, құқықтық тұрғыда дамып, жергілікті жерлерде үлкен шаруа атқарылды. Мәслихаттар халықтың қалауын білдіретін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі», — деген Нұрдин Есенгелдіұлы «ҚР Мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік медалімен және мәслихаттың Құрмет грамоталары аудан дамуына ерекше еңбегін сіңіріп жүрген азаматтарға ұсынды.
Салтанатты шара аудан өперпаздары дайындаған тамаша концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Жандос ОМАРОВ