Қариялар — дария,
Дархан көңіл өлшемі.
Қарттарым аман-саумысың?
Құрметтейді ел сені.
Иә, көңілі дария, дархан, ел құрметіне бөленген жанды көрсең тұнығында тазалық, тереңінде таза құт, шекпені шежіремен өрілген, өресі өркеш таулардың биігімен тірескен, бойына жиғаны тектілікпен тізбектеле, қырағылықпен қырандай қалықтайтын, қиыннан қиыстырып сөз табатын, қажет болса басу айтатын, жігері барға жебеу болып, жанам дегенге жалау беретін жандардың қатары кім? десең, сұраққа жауап көп ұзатпайды. Әр елдің төбе биі бар, алайда Төле биі бір басқа. Қордай елінің төбе биі іспеттес, жақсылығы мен қиындығында да үнемі топ алдында қасқайып тұрып небір күрмеудің шешімін қылыштай қиып түсетін қариясы бар. Қазір 85 жасқа аяқ басқан ТӨЛЕ АМАНЖОЛҰЛЫ Қордайдың данасы да, дарасы да, ақылшы ағасы да.
Сынаптай сырғыған өмір жолында тоқтау бар ма. «Тепсе темір үзетін» жігіттік шағында Жаратқанның қалауымен туған жерде түрлі басшылық қызметте болып, «қылышынан қан тамған» жүйеде жүрсе де адами қалпынан таймаған, өскен өңірдің әр тасын қызғыштай қорғап, тұрғындардың ізгі тілегін қайтсем орындаймын, деген себезгі ойдың жетегінде талай істі қисынын келтіре орындап, елге сыйлы азаматқа айналды. Ал, күні кеше ғана қарапайым мектепте мұғалім, мектеп басшысы болып жүрген жанның ел басқаруға шақырылуы ең алдымен алғырғы, бастаған ісін соңына дейін жеткізе алатын іскерлігі, туа біткен намысты қасиетінде жатса керек.
Төле Аманжолұлының еңбек жолында жоғарыда атап өткен алғырлығы, қажет жағдайда қажет адамдарға ел мүддесі үшін жүйелі сөзді жеткізе алатын, жеткізіп қана қоймай соны орындата алатындығында жатыр. Иә, қолдағы билік қоғамда өз орныңды таптырады. Бірақ, адам бойында «мыс» деген қасиет болады. Сол «мысы» басып тұратындығы, небір билік өкілдеріне «Тура биде туған жоқ» демекші, тайсалмай тура айтатындығы, сол үшін аудандағы талай дүниенің сақталып қалуына сеп болғанын қазір біреу білсе біреу білмес.
Мерейтой иесі Қордай ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. Осылардың ішінде шоқтығы биігі облыстың Құрметті азаматы атануы. Өйткені, бұл атақты алғандар көп емес, саусақпен санарлық. Миллиондаған халқы бар Жамбыл облысында неге сол бір санаулы жандар қатарында Төле Аманжолұлы бар? Өйткені, ол еңбектің өтеуі, сырт көзге көп көріне, біліне бермейтін, тыныш жүріп тындырымы көп, қажырлы еңбектің арқасы. Оның дәлелі көп, дәлелдеп жатуға ол ынтызар емес. Өйткені, үзеңгілес, қызметтес болған жандар солай айтады. Олар сенімді сөйлейді.
«Төле Аманжолұлымен ұзақ жылдар қызметтес болдық. Мен ол кезде облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағасының орынбасары едім. Ал, Төле ағамыз аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болатын. Жұмысымыз үнемі байланысты. Сол кезде жұмысында мінсіз адам кім десек, алдымен Төле Сүгірбай тұратын. Заңды сыйлататын, заң үстемдігін өте қатал ұстанатын. Сол еңбектің арқасында нағыз сыйлы жанға айналды. Ол азаматты қорыққаны үшін емес, жұртшылық құрметтегендіктен сыйлайтын. Қазір де солай. Жай адам облыстың Құрметті азаматы атанбайды. Ол өзіне міндеттелген қызметті абыроймен атқарған, адалдық пен жауапкершілік деген екі ұғымды қатар ұстаған, ардан аттамаған жан. Қызмет атқарған жылдары біздің алдымызда жүрген, тәжірибесі мол болатын. Ағалық ақылын аямаған тұлға. Қазір де арамызда үлкен сыйластық бар. Төкеңді мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Қордай деп соғатын үлкен жүрегі бар азаматтың өмір жасы ұзақ, денсаулығы мықты болсын. Әрдайым тілекшіміз», — дейді қазіргі таңда облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қасымхан Төлендиев.
Расында да Төле Аманжолұлы заң үстемдігін қатты ұстанған. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында мемлекеттің дүниесі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатты. Қолынан келгендер қарпып қалуға барын да, жанын да салды. Сол кезде облыс пен аудан ортасында Төкең құнды дүниені тиынға өзіне қиып алмақшы болғандарға қарсы тұрды. Аудандағы «Автобаза», «Балауса» лагері, бірнеше ауылдың мәдициналық мекемелері осы азаматтың арқасында мемлекет меншігінде қалып, бүгінде елге қызмет етіп келеді. Қазіргі балалар мен жасөспірімдер орталығының аудандық газеттің ғимараты сақталып қалуында да Төле ағаның сіңірген еңбегі орасан. Бұны да біреу білсе, біреу білмес.
Сол жылдары есімі жалпы елге таныс Берден Байқошқаровпен үзеңгілес жүріп, ауданның ең күрделі мәселелерін шешкені, ең қиын учаскелерде жүргенін жерлестері ұмытпағаны жөн. Бір кездері қазіргі Сортөбе ауылы жанындағы кеден бекетінде көпір орнату, Шу жағалауының шайылып бара жатқанына дабыл қағып, оны бекітуге күш салған да сол арда азамат. 1990 жылы ауданда алғаш рет мешіт ашылғанда лайықты ғимарат табу үшін де жанталасқан осы Төле Сүгірбай екендігі қазір көп адамға мәлім емес.
Таудай басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, ауданның әлеуметі үшін талай жанға шапағат тигізген. Осы жылдары Төкең туралы «қызық адам» деген әңгімелер көп айтылған. Ол жайында ұзақ жылдар қызметтес болған, Қоғам қайраткері, бірқатар аудан мен басқармаларға басшылық жасаған, қазіргі зейнеткер Амангелді Карентаев былай дейді:
«Қазір Төкеңнің артынан біз де 80 жастан астық, ізін жалғастырып, өкшелеп келеміз. Тоқсаныншы жылдары барлық мемлекеттік меншіктегі дүниелер жекелешеленіп жатқанда Төле Аманжолұлы оларды ел иелігінде қалдыру жолында аянып қалмады. Ел болашағы, балалардың болашағы үшін дамыл таппастан еңбек етті. Қолына аз ғана билік тигендердің барлығы бір дүниені өзіне алып қалуға тырысса, Төле Аманжолұлы керісінше, мемлекеттің мүддесін қорғап, барын салып, қадағалады. Арада талай жыл өтті. Сол үшін «Қызық адам екенсіз, қолыңызда билік бола тұра өзіңізге тартпай, керісінше, ел мүддесі үшін барын салдыңыз» деген сөз шықты. Ол рас. Сол азаматтың арқасында Қордайдағы талай мәдениет ошақтары, қоғамдық және әлеуметтік нысандар мемлекет меншігінде қалып, халыққа қызмет етуде. Нағыз мемлекетшіл жан осындай болады. Сол қасиетінің арқасында елге қадірі артты, талай жанға қамқорлық жасады. Ал, қазір Төкеңнің жанқиярлық еңбегінің арқасына сол мекемелер халыққа қызмет көрсетіп келеді».
Осы орайда Төле Сүгірбайдың еңбек жолына тоқталып өтсек. Елу жылдан астам уақыт еңбек ету, оның ішінде ел басқару қызметінде болу әркімнің қолынан келе беретін іс емес. Оған, ең алдымен, қабілет қажет. Ал, ол қабілет деген қасиет Төле Сүгірбайда жастайынан бойында туа біткендей еді.
Мектеп директоры болып жүрген кезеңінде ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Колхоз парткомы хатшысының орынбасары, ауылдық кеңес төрағасының орынбасары, ауылдық кеңестің депутаты болды, аудандық партия конференцияларына делегат ретінде қатысып отырды. Сонымен бірге насихатшылық пен лекторлық қызметті қатар атқарып, жиі мінберлерден көрініп жүрді. Осындай белсенділігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі зейнетке шығуға жақындаған кезде оның орнына үміткер ретінде кадрлық резервке де енгізілген еді. Алайда, барлығы басқаша өрбіді.
1976 жылдың шілде айында Қырғыз телевизиясы екі елдің достығына арналған тікелей эфир дайындап, Тоқпақ қаласының бір мектебімен байланыс орнатып, оның басқаратын мектебінің өнерпаздарын, өз басын және жақында ғана аупарткомның бірінші хатшысы болып тағайындалған Берден Байқошқаровты студияға шақырды. Эфир барысында екеуіне де сөз берілді. Камера алдында мүдірмей еркін сөйлегені бірінші хатшының назарына іліккен болуы керек, арада үш күн өткенде ол аупартком бюросына шақырылады. Алайда, өзі күткендей оқу бөліміне емес, аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалатыны хабарланды.
Үгіт-насихат бөлімі тек идеологиялық жұмыстарға ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, кинофикация, аудандық газет пен баспахана сияқты сан түрлі салаларды қадағалайтын. Партиялық қызметте өткізген алты жыл оның кәсіби һәм адами тұрғыда өсуіне үлкен мектеп болды. Ал қатал талап қоя отырып, әрқашан әділ бағасын беріп, қолдау көрсеткен Берден Байқошқарұлының ықпалын ерекше ризашылықпен айтады.
Өмір жолы әрқашан бірқалыпты сүрлеумен жүрмейді. Оның тағдыры да талай рет өз қалауынсыз басқа арнаға бұрылып отырды. 1981 жылы ол партиялық жұмыс және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. 1982 жылы аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болады. Ол кезеңде партиялық қызметтің жауапкершілігі жоғары еді. Сол жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен атқара білді. Тоқсаныншы жылдардың басында елде басқару жүйелері түбегейлі өзгеріске түскен шақта ол еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы және аудандық кеңес төрағасының орынбасары ретінде өтпелі кезеңнің қиындықтарына төтеп беріп, ауданның бірлігін сақтауға айтарлықтай үлес қосты. Сол жылдары ауданға басшылық еткен Берден Байқошқаров, Өмірбек Байгелді, Анатолий Шупта, Құрманғали Уәли сынды азаматтардың Қордай өңіріндегі еңбегін ол үнемі ерекше құрметпен атап жүргені. Әкімдік жүйе енгізілгеннен кейін аудан әкімі болып тағайындалған Құрманғали Уәлимен тоғыз жыл, Байжан Әденмен екі жыл, Мұратбай Жолдасбаевпен үш жыл, ал Ілияс Тортаевпен екі жыл бірге қызмет атқарып, талай ортақ істің басынан табылды.
Осы орайда Қордай ауданының Құрметті азаматы Анатолий Шупта былай дейді:
«Төле Сүгірбаймен таныс-тығыма 48 жыл болыпты. Ол таныстығымызды үш бөлікке бөліп айтсам да болады. Ең алғаш ол азамат аудандық идеология бөлімінің меңгерушісі болғанда біліп бастадым. Сол кезде өзінің тиянақтылығы, жауапкершілігі мен өз қызметіне деген адалдығын аңғараған едім. Екінші бөлік — 90-шы жылдардың басында нағыз күрделі кезеңде қатарласа еңбек еттік. Ол кезде Төле Аманжолұлы халықтық бақылау комитетінің төрағасы еді. Осы жерде мен Төкенің нағыз принципшілдігін аңғардым. Күрделі уақытта шешім таба білетін жан еді. Кейін мен басқа облысқа ауысып, тек 2002 жылы ауданға келгенімде менің қоғамдық өмірге араласуым басталды, ал Төкең мәслихаттың хатшысы, кейін «Нұр Отанның» аудандық филиалын басқарып, туған жерге көптеген жақсылықтарын жасап, үлкен құрметке ие болды. Ал, кейінгі жылдарды Төкеңмен бірге ардагерлер кеңесінде бірлесе жүрдік. Жалпы айтқанда бұл азамат Қордай ауданының бағына туған жан».
1994 жылдың сәуірінде жаңа кезең бастау алған болатын. Бұған дейін еңбекшілер депутаттарының кеңестері таратылып, олардың орнына жаңа заң бойынша мәслихаттар құрылған еді. Жаңадан сайланған 23 депутаттың бірауызды қолдауымен ол мәслихат хатшысы болып бекітілді. Сол уақыттан бастап төрт шақырылым бойы депутат әрі хатшы міндетін атқарды.
Аудан басшылығымен өзара сыйластық пен сенімге негізделген ынтымақтастық нәтижесінде көптеген ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Солардың ішінде шалғай ауылдарға байланысты шешімі табылмай келе жатқан бір жай бар еді.
Ол, ауданның шетінде, тау етегін жағалай созылған «Қаракемер — Қарасай» жолы талай жыл бойы шешімін күтіп тұрған күрделі мәселе болатын. Бұл отыз шақырымдық жолдың табаны тас пен топырақтан ғана құралған, асығыс салынғандықтан әр бұрылысы мен ой-шұңқыры көлік түгіл, ат арбасына да ауыр тиетін. Шекара шекенделген кезде шалғайдағы ауыл адамдарының тұрмысы тіпті қиындай түсті — ежелден қырғыз жақпен ерсілі-қарсылы жүретін жұрттың еркіндігі шектеліп, бүкіл ауыл осы тозған учаскеге қарап калды.
Ол кезде ауданның да, облыстың да шамасы жетпейтін бұл мәселені республикалық деңгейде шешу қажет еді. Алайда оған қол жеткізу оңай емес. Құжат керек, қисын керек, ең бастысы — шешім қабылдайтындардың өз көзімен көргені керек. 2010 жылдың жазында ол күрделі істің оңды орындалуына мол мүмкіндік туды. Осы орайда Төле Аманжолұлы қарап қалмады. Шекара жайын қарау үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен облыс әкімі Қанат Бозымбаев Қарасай ауылына келетін болып, мәселені сол орында төтесінен қоюға мүмкін болды. Үкімет мүшелері жолдың бойымен жүріп өткенде, көліктің әр сілкінісі көп жылдан бері жиналған мәселенің бүкіл салмағын сездіргендей еді. Сол сапардың нәтижесінде жобалық-сметалық құжаттар шұғыл дайындалып, келесі жылы-ақ көптен күткен асфальт төсеу жұмыстары басталып кеткен еді.
Тағы бір жылы Шу өзені тасығанда бүтін бір ауылдың тағдыры қыл үстінде тұрды. Өзен иірімі күн сайын ұлғайып, жағалауды жалмай берді. Бұл қауіптің көлемін көрсету үшін ол Парламент депутаты Серік Қонақбаевпен келісіп, Мәжіліс депутаттарының көшпелі отырысын тікелей сол қауіпті жерде өткізуді ұсынды. Депутаттар өз көздерімен көрген соң, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жағалауды бекіту жұмыстары басталды.
Қала типтес поселке мәртебесін алған кезде Гвардейскийдегі мұғалімдер мен дәрігерлер ауылдық коэффициенттік үстемақысынан айырылып қалатын болды. Бұл шешім талай отбасының тұрмысын ауырлататынын сезген ол депутаттарды жинап, Астанаға жол тартты. Мәжіліс спикері Орал Мұхаметжановпен кездесіп, мәселенің маңызын дәлелдегеннен кейін ғана қала типтес поселкенің де ауылдармен тең коэффициент алу құқығы қалдырылды. Байқаған жанға бұл орасан жұмыс.
Отар, Кенен, Қарасу, Жамбыл ауылдарына жаңа АТС орнату, байланыс желілерін жетілдіру, банкротқа ұшыраған шаруашылықтардан Қасық, Өтеген, Бетқайнар ауылдарындағы медпункттерді халық иелігіне беру, аудан орталығындағы Жібек жолы көшесін абаттандыру, жарықтандыру, тротуар салу — мұның бәрі де мәслихат депутаттарының тікелей араласуымен біртіндеп жүзеге асып жатты. Ал, оның бастауында Төле Аманжолұлы тұрған еді.
Осы орайда Төле Аманжолұлының осы бір іскерігі жайында тағы бір әріптесі, ҚР Президенті әкімшілігі мен ҚР Парламенті аппаратында ұзақ жылдар еңбек еткен, ҚР Парламенті мәжілісінің бұрынғы депутаты Әмзебек Жолшыбеков былай дейді:
«Төле Аманжолұлы ең алдымен қол астындағылардан қамқорлығын, ағалық ақылын аямаған азамат. Қатал емес, талапшыл еді. Сол талапшылдығы талай буынға өнеге болды. Төкеңе қарап қаншама азамат бой түзеді. Оның ортада өзін ұстауы, орайы келгенде сөз саптауы үлгі еді. Жас басшыларға қатал сөйлеуі ол ең алдымен қамқорлығы болатын. Біз солай түсіндік. Ақты ақтай, қараны қара етіп көрсетуі, турашылдығы ол жанды азаматтықтың үлкен биік белесіне шығарды».
Оның өмір жолында «Нұр Отан» партиясының да өз өрнегі бар еді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен қоғамдық жұмыстағы белсенділігі оны партия аудандық филиалының төрағалығына алып келгенде, бұл қызмет өміріндегі жаңа кезеңнің басы болғандай сезілді. 2002 жылдан басталған он жылдық еңбек қоғамдық негізде атқарылса да, жауапкершілігі төмен болған жоқ. Партияның алғашқы кезде жүздеген ғана мүшеден тұратын тізімі оның ұйымдастыру қабілетінің арқасында он еседен асып, 5 жарым мың адамға дейін жетті. Әрбір филиалдың жұмысын материалдық-техникалық жағынан нығайту, партия беделін арттыру, елдік мүддені қорғау — мұның бәрі оның күнделікті атқаратын ісіне айналды. 2010 жылы алған «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі де, партияның VIII-XII съездеріне делегат болып қатысуы да оның осы жолдағы еңбегінің бір парасы ғана еді.
Төкеңнің үзеңгілестері жайында жалғастырсақ, домбыраның қос ішегіндей болып, бірі ауданды басқарса, екіншісі мәслихатқа төрағалық етіп, Қордайдың күйлі болуына қатар атсалысқан жан – ҚР Қоғам қайраткері Құрманғали Уәли былай деп толғанады:
«Біздер кеңес заманының тәрбиесін көріп, жемісін татып өстік. Егемендігімізді толық қолымызға алып, жаңа заманда жаңаша өмір сүріп, ел тәуелсіздігін баянды етуге, екі буын арасындағы сабақтастықты жалғап, ел-жұртты нарық өткелінен алып өтуге өз үлесімізді аямастан күш салдық. Сол еңбектеріміздің нәтижесін де елмен бірге көрдік. «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің орнымызға солар келеді», — деп анық айтқан Мұқағали Мақатаевтың сөзі рас екен. Арада ондаған жылдар өткен соң, сол кезде атқарылған айтулы істерді қазіргі көзқараспен қайта қарасаң, жер мен көктей айырмашылық байқалады.
Төле Аманжолұлымен жан-жақты араласып, қызметтес болған уақытым 1994 жылдың сәуір айынан бастау алады. Төкең аудандық мәслихатының І-ІІ-ІІІ-VI шақырылымының депутаты әрі мәслихат хатшысы болып сайланды. Міне, сол жылдардан бастап, яғни 1994–2007 жылдар арасында, мен 2007 жылы дәм-тұз бұйырып Мәжіліс Парламентінің ІІ–шақырылым депутаты болып ауысқанға дейін, сыйластықпен, түсіністікпен, ынтымақпен ауданымыздың өркендеп өсуіне, экономикасының алға жылжып көтерілуіне бірлікте еңбек еттік. Кордай ауданы барлық көрсеткіштерімен алдыңғы қатардан еш төмендеген емес.
Сол атқарылған еңбегіміздің нәтижесі шығар, бүгінде Қордай ауданы туралы сөз болса, ауыз толтырып айтарлықтай жайлар аз емес. Соның бір мысалы ретінде айтсам, 2005 жылы Үкіметтен арнайы комиссия келіп, апталап жатып талдау жасап, салыстырмалы түрде еліміздегі міндеттелген басым бағдарламаларды жүзеге асыруда аудан бойынша қарқынды, мақсатты жұмыстар атқарылып жатыр екен деген қуанышты хабарды келген комиссия мүшелері айтты. Көп ұзамай Премьер-Министрдің Қаулысымен республика бойынша бірқатар аудандар мен қалаларда, соның ішінде Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасындағы тәжірбиесін үйрену жөніндегі жұмыс тәжірибесін назарға алсын деген үкіметтің ұсынысы таралды. Бұл бір айқын мысал ретінде айтып өттім.
Негізгі айтайын дегенім бұл – аудан әкімшілігі мен аудан мәслихатының бір бағытта атқарған жұмыстарының көрсеткіші деп бағалауға тұрарлық дүние. Сол уақыт аралығында біздің ауданымызға бір емес, төрт рет еліміздің Президенті келіп, жаңа жобаларды көріп, өзі ерінбей аралап, өзінің ризашылығын айтты. Бұл – біздің мерейімізді өсіріп, көңілімізді марқайтып, қуанышқа бөлеп кеткен жағдай.
Атам қазақ айтқандай, «Бірлік бар жерде – тірлік бар», бұл сөзді айтпай-ақ, біздің Төкең екеуіміздің бірлесіп, елдік бастамаларды біріктіріп, ынтымақпен, бірлікпен еңбектенудің нәтижесі екенін атап өтсек, артық етпейді. Кейбір аудандарда әкім мен мәслихат хатшысы әрқайсысы «мен мықтымын» деп, бір-бірімен қырғи қабақ болып, тартысып, тіресіп, жұмыстың берекесін кетіріп жатады. Сол тартыстың кесірі елге тиіп, тірлікті тұралататыны белгілі. Ондайдан ешкім ұтпайды, ұтылмаса.
Төле Аманжолұлы кіммен қызметтес болса да, кіммен араласса да кісілік келбеті мен адамгершілік қырларынан, ізгілік ілтипатынан жаңылмайтын тұрақты азамат екеніне менің толық көзім жетті. Төкең, табаны күректей 18 жыл аудандық мәслихат хатшысы болып, 72 жасқа дейін ерінбей еңбектенді. Ол бірінші мәслихат хатшысы, мен бірінші Қордай ауданының әкімі деген қызмет екеумізге бұйырыпты. Осы барлық қол жеткізген табыстарымыз аудан жұртшылығының арқасы екенін ешқашан есімізден шығармаймыз, халыққа шексіз алғысымызды айтамыз.
«Құрметті Төке! Алланың берген күш-қуатының арқасында адам өмірінің биік белесі сексеннің бесеуіне шығып отырсыз. Туған еліңіздің ортасында жүріп, туған жеріңіздің төрінде отырып, елмен бірге атқарған еңбектің қорытындысын оймен сараптап, електен өткізіп, бәріне шүкіршілік айтатын ең бір ерекше шағыңыз. Қазақтың бойына сіңген қасиетті мінезі, ел үшін еңбегі сіңген Сіз секілді қарияны айрықша құрметтейтін асқарлы кезең – міне, бүгінгі 85 жасыңыз. Сізге зор денсаулық, алда көретін өміріңіз жақсылыққа толы болсын. Немере-шөберелеріңіздің қызығын, атқарған бейнетіңіздің зейнетін көріңіз. Қарияның әдемі қартаюы да – мәдениеттің ең бір ғажап көрінісі. Тойыңыз тойға ұлассын!».
85 жастың биігіне құрық салған Төле Аманжолұлы Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап ел игілігі үшін жасалған әр ісіне қуана қарап, туған жердің дамуына аз да болса үлес қосқанына шүкіршілік етіп келеді.
Өмірдің ең үлкен сыйы — отбасы. Жарты ғасырға жуық жан серігі болған зайыбы Нюрамен бірге ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір олардың әрқайсысы өз шаңырағының түтінін түтетіп отыр. Немерелері де үмітін ақтап келеді. Бір ғана өкініш — өмір бойғы серігі, қуанышты да, қиындықты да бірге бөліскен Нюра апаның осыдан бірер жыл бұрын дүниеден өтуі.
Төле Аманжолұлы жасы ұлғайғанмен, қоғамдық жұмыстан қол үзіп көрмеген жан. Ардагерлер кеңесі мен билер кеңесінің белді мүшесі ретінде ел арасындағы талай даулы мәселенің шешіміне араласып, талай түйінді тарқатуға себепші болды. Сол беделдің шешуші сәтте қаншалықты тағдырлы маңызы барын уақыттың өзі көрсетті. 2020 жылдың ақпанында Масаншыда орын алған қақтығыс бүкіл елді алаңдатқан шақта ол тағы да халық ортасына шықты. Жиналыстарда, шұғыл басқосуларда, абыржып жүрген халықтың ішінде жүріп, жұртты сабырға шақырған да — Төле Аманжолұлы.
Қашан көрсең де, елдің тыныштығын ойлап, татулықтың түйінін тарқатуға ұмтылып жүргені — оның бүкіл ғұмырына тән ерекшелік сияқты сезілетін.
Жоғарыда атап өткеніміздей, еліміздегі салмағы басым «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінің иегері, бес мәрте ҚР Президентінің «Алғыс хатына» ие болған, «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған, «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» Төле Сүгірбайдың арда жолы осындай.
«Мен еңбек жолымда түрлі қызметтер атқардым, барлық жерде абырой биігінен айнымасақ деген оймен жүрдік, осы орайда мен үшін «Нұр Отанның» орны әрдайым басқаша, ерекше болды. Партиялық жұмыс талай күрмеулі дүниенің шешімін табуға, ел игілігіне бағытталған ісіміздің орайын келтіруге сеп болды. Сол үшін де ризашылығым шексіз. 85-жас оңай шаруа емес. Менің жолымда жақсы адамдар көп кездесті. Бірақ, осы жасқа келіп, өткенге көз салсам тарам жолдар мен тарау тірліктерде айымыз оңынан туғанын түсінім. Сол үшін де елге, әріптестерге, барша жақындарға алғысым шексіз», — дейді Төле Аманжолұлы Сүгірбай.
Жандос ОМАРОВ