ДАУДЫ ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

0

Құрылғанына көп болмаса да қазіргі таңда билер кеңесінің жұмысы жандана бастаған. Олар халық арасында бірлік пен ынтымақты нығайтуда, жастарға халықтық тәрбие беруде белсенділік көрсетуде. Ел ішіндегі дау-дамайды сотқа жеткізбей шешуді де абыроймен атқарып келеді. Бұл тек бастамасы ғана. Өткен сәрсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл облыстық билер кеңесінің семинар-кеңесі болып өтті. «Билер кеңесі-дауды шешудің тиімді жолы» деп аталған жиында аузы дуалы билер қауымының алдына бірқатар мақсаттар мен межелер қойылып, ақсақалдар көптеген көкейтесті мәселелерді ортаға салды.
Жамбыл облыстық Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Қордай аудандық сотының төрағасы Ерлан Ілиасов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Біржан Әлімбет және аудандық билер кеңесінің төрағасы Нұржан Молдабеков, әр ауылдық округтегі билер төрағалары мен құқық қорғау органдары өкілдері қатысқан алқалы кеңестің күн тәртібі де ауқымды болды. Семинар барысында Жамбыл облысы билер кеңесінің атқарған жұмыстары және міндеттері туралы Оңласын Есіркепов бірінші болып баяндама жасады. «Соңғы жылдары қоғамда орын алған дау-дамайларды, келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешудің жолдары қарастырылуда. Әрі сол мақсатпен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалдарының қатысуымен және әр деңгейдегі соттардың тікелей ықпал етуімен жер-жерде билер кеңестері құрылып, жұмыс істей бастағаны мәлім. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында 2018 жылдың қарашасында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрамы 7 адамнан тұратын билер кеңесі құрылған болатын. Ал 2019 жылдың басынан бері облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында құрамы 7 адамнан, 156 ауылдық округте құрамы 3 адамнан тұратын билер кеңестері іске кірісіп, өз жұмыстарын атқаруда. Қазіргі таңда облыс бойынша билердің жалпы саны 566-ға жетіп отыр. Аталған билер кеңестерінің құрамына ел ішінде беделді, абыройлы, ақыл-парасаты мол, біліктілігі зор,өмірлік тәжірибеге ие ардагер мен дін өкілдері тартылған. Олар даулы мәселелерді мүмкіндігінше бейбіт жолмен шешіп, екі жақты бәтуаластыруға қабілетті екендіктерін танытуда», — деген О.Есіркепов аудан билерінің жұмысын әлі де болса ширату қажеттігін алға артты. Сонымен қатар, әр ауылдағы билер кеңесінің жеке кабинеті болғаны абзал екенін айтты. Ол үшін жергілікті атқарушы орган қамқорлық көрсетсе деген тілегін де жеткізді.
Келесі кезекте Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің «Дәнекер» жобасын жүзеге асырудағы атқарылған жұмыстары туралы Біржан Әлімбет баяндама жасады.
«Халықтың өзін-өзі басқару заңдылықтарына сәйкес қоғамда түрлі институттар пайда болуда. Солардың бірі-ғасырлар бойы қалыптасқан «Билер» институты болып табылады. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтар күні қабылданған «Медиация туралы» Заң қабылданысымен елімізде жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) медиацияның қатысуымен медиаторлар арқылы шешіле бастады. Осы құқықтық саланы одан әрі дамыту үшін ҚР Жоғарғы Соты соңғы жылдары «Дәнекер» жобасын ұсынып, дау-шараларды ежелгі салт-дәстүр бойынша билер соты арқылы шешуді қолға ала бастаған болатын. Осы жобаға сәйкес бұл қанатқақты жоба еліміздің бірқатар өңірлерінде жүзеге аса бастады», — деді баяндамашы.
Қордай ауданында осы тапсырманы орындау үшін Жамбыл облыстық, Қордай аудандық соттар мен аудандық ардагерлер кеңестерімен бірлесіп, ұйымдастыруымен 2018 жылы Билер кеңесі құрылған. Әр ауылда 2-3-тен, аудан орталығында 5 адамнан тұратын билер кеңесі бар. Аудандық билер кеңесі аудандық ардагерлер кеңесінің офисінде орналасқан, сондай-ақ аудандық сот ғимаратында да билер бөлмесі ашылған, онда билер кеңесінің мүшелері кезекшілік етіп, сотта шешілетін дауларға қатысады. Қазіргі таңда 19 ауылдық округтер, 41 елді мекенде 76 билер, қоғамдық тұрғыда халыққа қызмет етіп келеді екен. «Билер кеңесімен 2020 жылы 90 іс қаралса, 2021 жылы – 92 іс қаралған, 2022 жылы – 41 іс қаралған.
«Бір атап өтерлігі, билер кеңесінің араласуымен шешімін тапқан мәселелерден кейін, жалпы жұртшылықтың оған деген сенімі артып келеді. Отбасы мәселелері бойынша аудан әкімдігі жанынан құрылған «Бастау» жұмысшы тобы да биыл жұмыстарын белсенді атқарды. Құрамында Билер кеңесінің, ардагерлер ұйымдарының мүшелері бар. Биылғы жылдың 8 айында неке бұзу туралы 41 іс қаралды. Нәтижесінде 6 отбасы ажырасты, 3 отбасы табысты, 32 отбасымен жұмыс жалғастырылуда», — деді Біржан Әбдікерімұлы. Осыдан кейін Қордай аудандық билер кеңесінің жұмыстары туралы Нұржан Молдабеков баяндама жасады. Бітімгершіліктің жаршысы атанып жүрген билердің бүгіні туралы толықтай баян еткен ауданық билердің басшысы алдағы уақыта қолға алатын жұмыстары жайында да сөз қозғады. Семинарда «Медиация – бітімгершілікке әкелетін жол» атты тақырыпта аудандық сот төрағасы Ерлан Ілиасов та көлемді баяндама жасады. Сот төрағасы соңғы жылдары билер кеңесімен бірге атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізіп, сонымен бірге кейбір заңдарға толықтай түсініктеме беріп өтті.
Соңғы жылдары қоғамда үлкен рөл атқарып жүрген билер кеңесінің жұмысын одан ары жандандыру, проблемалық мәселелерді бірлесе шешу және өзге де тақырыптар турасында сөз қозғалған семинар-кеңесте ауылдық округтерде қолға алынған жұмыстар жайы көтерілді. Мәселен, «Билер кеңесі-дауды шешуді ең тиімді жолы» атты баяндамасымен облыстық билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек бірқатар проблемалық мәселенің басын шалса, ауылда аталмыш бағыта атқарылып жатқан жұмыстар жайында Степное ауылдық билер кеңесі төрағасы Аманхан Рысымбетов, Қарасай ауылдық округі әкімі Күлжахан Елемесова баяндама жасады.
Жиын соңында аталмыш тақырыптар талқыға түсіп, бірқатар ұсыныстар мен ескертулер айтылды. Мәселен, жалпы билер кеңесінің жұмысына жататын ұсақ-түйек, отбасындағы, ағайын, көрші-қолаң, жас жұбайлар арасындағы дау- дамайдың барлығын сот отырысында шешіп қана қоймай, билердің, ақсақалдардың араласуымен де шешуге күш салу қажеттілігі баса айтылды. Олардың ішінде соңғы жылдары жиілеп кеткен жас жұбайлардың ажырасу мәселесіне де билер қауымы алаңдаулы. Осы кемшіліктерді жою үшін аудандық, ауылдық билер кеңестері үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізулері керек, — дейді жиынға қатысушылар. Ол үшін Билер кеңесінің әрбір мүшесі бітімгершілікте жақсы нәтижеге жету үшін атақты билерден қалған өнеге-сабақтарын біліп, насихаттап, дауды шешуде негізге алып жүргені абзал», — деген оймен қорытындыланды жиын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.