ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ

0

Бейсенбі күні аудан әкімдігіның жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның V отырысы өтті. Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, әйелдер кеңесінің төрайымдары және БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен жиынның регламенті бекітіліп, қатысушыларға күн тәртібіне енгізілген мәселелер таныстырылды. Бірінші мәселе – білім беру ұйымдарында балаларға қатысты ерте жүктіліктің, қатыгездік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы болды. Ол бойынша аудандық білім бөлімінің өкілі Асхат Қалдарбеков баяндама жасады. Хабарламашы Қордай АПБ ұйымдастыруымен балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын нығайту, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғылмаушылықтар бойынша кешенді іс-шаралардың жүргізіліп жатқандығын жеткізді. «Қордай аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полициясы есебіне жалпы саны – 15 отбасы алынған. Оның ішінде балалар саны — 30. Білім бөліміне қарасты жалпы мектеп оқушылары – 21, балабақша –7, 1 жасқа дейінгі балалар – 2. Аталған отбасылардың тұрмыстық жағдайы мектептер тарапынан зерделеніп, мектепте білім алатын балаларына «Мектепке жол» акциясы бойынша мектеп формасы мен канцеляриялық тауарлар алынып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», — деді Асхат Қалдарбеков.

Күн тәртібіндегі екінші сұрақ бойынша АПБ жергілікті полиция қызметінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы тобының инспекторы Ынтымақ Кәден сөз алып, отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құқығын қорғау бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Баяндамашының берген мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша Қордай ауданы аумағында әйелдерге қатысты 48 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп – 11,6%(2023ж.-43) өсу динамикасы байқалады, олардың ішінде отбасы-тұрмыстық әйелдерге қатысты қылмыстар жоқ.  2024 жылдың екінші тоқсанының қорытындысында суицидтің 2 (2023ж-0) дерегі тіркелген. «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыру мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс аумағында өткізілген «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар», «Стоп-трафик» және  т.б. жедел-профилактикалық іс-шаралар белгілі бір оң әсерін тигізді», — деген полиция инспекторы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өткізген өзге де шараларға, аудандық дағдарыс орталығының жұмысына тоқталып өтті.

Келесі кезекте Алға, Степной ауылдық округтеріндегі әйелдер кеңесі төрайымдарының атқарып жатқан жұмыстары талқыланды. Комиссия төрағасы әйелдерге қатысты туындаған мәселелерді уақытылы комиссияға жеткізуді және әйелдер кеңесінің жұмысын жандандыру қажеттігін алға тартты.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастыру және өткізу туралы Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Б.Ыбышеваның хабарламасы тыңдалды.

Комиссия отырысын қорытындылаған Дамира Сүгірбай ауылдық округ әкімдері мен әйелдер кеңесі төрайымдарына, ішкі істер бөліміне және білім бөліміне күн тәртібінде көтерілген мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.