Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы екені рас. Осы орайда мемлекетіміз балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасауға барын салуда. Қордай ауданында бірінен соңы бірі бой көтеріп жатқан спорт кешендері соның дәлелі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Осы орайда, бірер жыл бұрын Сарыбұлақ ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Заманауи спорт кешені спорттық оқу-жаттығу жарыстарын өткізуге, спортшыларды спорттық және зияткерлік ойын түрлеріне дайындауға, жалпы дене шынықтыруға арналған. Қазіргі таңда спорт кешенінде қазақ күресі, дзюдо, бокс, футбол, волейбол және тоғызқұмалақ сынды спорт үйірмелері бар. Спорт нысанының директоры Кеңес Мараттың қарамағында 20 адам жұмыс істейді, сонымен қатар №17,18 және 19-шы спорт мектептерінің жаттықтырушылары келіп, балаларды спортқа баулиды. Олардың жаңа ғимарат ішінде қарқынды жұмыс жасап жатқанын байқаймыз. Үлкен жетістіктер де жоқ емес. Соның ең елеулісі Сарыбұлақтың, қала берді ауданның атын асқақтатып жүрген Данил Федоровтың қазақ күресінен жетістіктерін атап өтуге болады.
Бізбен әңгімесінде дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің директоры былайша сөз сабақтады:
— Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Өзім де өмір бойы спортпен шұғылданып келемін. Осында күн сайын спорт бөлімдеріне жазылып, спортқа деген қызығушылықтарымен көңіл қуантып жүрген жастар жеткілікті. Олар да келешекте егеменді еліміздің айбынды спортшылары атанып, халықаралық ірі жарыстарда топ жарады деп сенім артамыз. Сол бағытта жүйелі жұмысымызды жандандыра беретін боламыз. Секциялардан бөлек кез-келген тұрғын кешенге келіп, спортпен айналыса алады. Кешкі уақытта бірнеше ауылдардан команда келіп, мини футбол ойнайды. Ауылдағы балақайлар да уақытты босқа өткізбей, осында келіп доп тебеді, — деген Кеңес Мараттың да дзюдодан жеткен жетістіктерін қордайлықтар жақсы біледі.
Жаттықтырушылардың арасынан ардагер спортшы Мықтыбек Алтыбайды атап өту керек. Талай ауылдың қарадомалақ баласына үлкен спортқа жолдама берген ақсақал, әлі де сүйікті ісіне адалдығын танытып, қазақ күресінен жаттықтырушы атануда. Иә, жастайынан осындай мықты жаттықтырушылардан тәлім алған жеткіншектер тек шымыр болып қана қоймай, олардың арасынан болашақ чемпиондар да суырылып шығарынан үмітіміз зор.
Е.Беков