Ауданымызда соңғы жылдары кәсіпкерлікке ден қойып, жеке ісін бастап жатқан жігерлі жастардың қатары артып келеді. «Жас келсе іске» дегендей, күш-қуаты тасыған шақта кедергілер мен тәуекелден қорықпай, алға ұмтылған қыз-жігіттерді көргенде көңілің толады. Сондай жастардың бірі – Бағдат Кенчімбай.
Ақхалатты жан тіс емханасын ашып, оны озық технологиямен жабдықтап, халыққа сапалы қызмет көрсетсем деген көптен бергі арманына жетіп отыр. Ол осы жылдың наурыз айында Отар ауылынан «Dental lux» жеке тіс емханасын ашты. Үш бөлмеден тұратын ғимараттың іші жарық, заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған, жалпы келушілердің жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Бағдаттың дәл Отар ауылынан стоматологиялық орталық ашуының өзіндік себебі бар. «Мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне грантқа оқуға түсіп, кейін Алматы қаласындағы Қазақ-Ресей Университетіне ауыстым. «Стоматолог» мамандығы бойынша білім алып, оқуды тәмамдаған соң бес жыл Алматы қаласында тіс дәрігері болып жұмыс істедім. Одан кейін туған ауылым Қордайға келіп, жекеменшік емханалардың бірінде мамандығым бойынша жұмысымды жалғастырдым. Сол уақытта Отар ауылдық округінен азаматтардың көп келетіндігін байқадым. Өйткені, аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекенде стоматологиялық емхана жоқ. Тісі ауырған пациенттер амалсыздықтан бірнеше шақырым жол жүріп, аудан орталығына келуге мәжбүр. Ал бұл ауыл халқы үшін үлкен шығын. Бір адамның барып-келу жол ақысы бар, бұған емдеу мен тіс салдыруға кететін қаржыны қосқанда науқастың қалтасына оңай тимейді. Оған қоса, тіс емдеу бір күнде бітпейтін шаруа. Сондықтан ойлана келе, осы ауылдан тіс емханасын ашуды жөн көрдім»,-дейді ақ желеңді абзал жан.
Алдына нақты мақсат қойып, оны іске асыруға білек сыбана кіріскен Бағдат Отар ауылынан бос тұрған ғимаратты жалға алып, оның ішін толығымен еурожөндеуден өткізіп, қажетті жабдық-жиһаздарды Алматыдан алдырады. Осының барлығына шамамен 12-13 млн. теңге қаражат жұмсапты. Қазір мұнда екі дәрігер және бір санитар жұмыс істейді. «Dental lux» емханасында тіс жегін емдеу, кез келген күрделіліктегі тістерді жұлу, протездеу, ортодонтия, брекет система, имплантация сынды медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. Қызмет ақысы да қолжетімді. Бір тісті емдетудің құны – 4000 теңгеден жоғары. Жұмыс кестесі де келушілер үшін ыңғайлы. Аудандағы көптеген стоматологиялық клиникалар жексенбі күні жұмыс істемейтіні белгілі. Ал «Dental lux» емханасы сейсенбі-жексенбі күндері аралығында сағат 9:00-18:00 дейін пациенттерді қабылдайды, дүйсенбі – демалыс.
Ашылғанына бес айдың жүзі болған тіс емдеу мекемесіне қай уақытта барсаңыз да келушілердің қатары сейілмейді. Жергілікті тұрғындардан бөлек, арнайы аудан орталығынан, Алматы облысынан келетін пациенттер барын айтады кейіпкеріміз. Бұл – қызмет сапасының жоғарылығының, дәрігердің кәсіби біліктілігінің көрсеткіші. Бағдат Бүркітханұлының жұмысына тиянақты, қолы жеңіл дәрігер екендігін пациенттері де растайды.
«Бүгін тісімді емдетіп жатқаныма екінші күн. Тіс дәрігерінің көрсеткен қызметі көңілімнен шығып жатыр. Қолы епті, өз ісін жақсы біледі. Біздің ауылдан осындай заманауи талаптарға сай стоматологиялық емхананың ашылғанына өте қуаныштымыз. Қызметтердің бағасы да қолжетімді, дегенмен, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге жеңілдік жасалса нұр үстіне нұр болар еді»,-дейді шынайы пікірімен бөліскен ауыл тұрғыны Серік Айтпаев.
Тіс дертіне дауа тауып, халықтың алғысына бөленіп жүрген кейіпкеріміз сөз соңында тіс күтіміне көп көңіл бөлуге кеңес берді. «Біздің халық тісі дуылдап, жай таптырмай, жаны көзіне көрінген қысылтаяң кезде ғана тіс дәрігерінің көмегіне жүгінеді. Бұл дұрыс емес. Қазір балалар арасында да тіс аурулары жиілеп кетті. Сондықтан, тіс күтіміне бала кезден көңіл бөліп, мұқият тазалап, үнемі назарда ұстаған жөн»,-дейді Бағдат.