ДЕРТКЕ ДАУА ДАРЫТАТЫН ДӘРІГЕРДІҢ ӨЗІ

0

Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Бұл – сырқат жандардың дертіне дауа, еміне шипа беруден еш аянбайтын абзал жандардың төл мейрамы. Ақ ниетті, батыл жүректі дәрігерлерге қарапайым халықтың алғысы ешқашан толастаған емес. Осы ретте алыс-жақын ауылдармен үнемі байланыста болып, аудандық медицина саласының дамуына өзіндік үлес қосқан қордайлық ақ халаттылардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Ал бүгінгі біздің кейіпкеріміз өзінің нәзік жаратылысына қарамастан денсаулық сақтау саласының күрделі бағытын таңдаған. Черных Светлана Николаевна – Қордай аудандық орталық ауруханасының патологоанатомия бөлімшесінің меңгерушісі. Тәжірибелі әрі білікті маманның осы қызметте жүргеніне тоғыз жылдан асыпты. Биязы да нәзік әйел затының неліктен осындай ауыр саланы таңдағанын сұрағанымызда дәрігер болу бала кезгі арманы екенін айтып күлімдеді: «И.К.Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясын тәмамдаған соң 2013 жылы Қордай аудандық орталық ауруханасына жұмысқа қабылдандым. Дәл патанатомия бөлімшесіне келуіме ауданымыздың құрметті, тәжірибелі дәрігері Эйвас Файзуллаевич тікелей әсер етті. Ол кісі маған осы бөлімде қызмет етуді ұсынды. Мен көп ойланбастан патологоанатом дәрігеріне оқып алдым. Міне, осы мамандықты серік еткеніме биыл 9 жыл болыпты. Маған бір кезде бағыт-бағдар берген Э.Замановқа алғысым шексіз. Осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Тіпті мамандығымды сүйемін деп сеніммен айта аламын. Бәлкім патанатомияны жақсы көремін деуім құлаққа ерсі естілетін шығар, бірақ патанатомия дегеніміз тек мәйітті сою ғана емес, жұмысымыздың 90% тірі адамдардың биологиялық материалдарын зерттеуден тұрады. Яғни, өз диагноздарын күтіп жүрген науқастарға зерттеу нәтижесін хабарлаймыз. Бұл көбіне онкологияны растау немесе теріске шығару бойынша. Біз барлық дәрігерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Өйткені терапевт те, хирург дәрігер де біздің қорытындымызсыз пациентке дәл диагнозды қоя алмайды».
Паталогоанатом дәрігері болу оңай емес. Әсіресе қайтыс болған адамдардың туыстарымен жұмыс істеуде қиындықтар жиі кездесетін көрінеді. Дәрігердің сөзінше, әр адам суыт хабарды әртүрлі қабылдайды. «Жақынынан айырылған адам қайғы жұтып, эмоцияға беріледі, өзін агрессивті ұстайды. Осындай ауыр кезеңде онымен дұрыс тіл табыса білу маңызды.Мен әдемі сөйлей алмаймын. Дегенмен науқастарға немесе қайтыс болғандардың туыстарына медициналық терминдермен емес, қарапайым тілмен сөйлеуге, қолдау білдіруге барынша тырысамын»,-дейді кейіпкеріміз. Жұмыс барысында ол өзінде психологтарға тән қасиеттің бар екенін байқамаған да екен. Өйткені, әңгіме барысында ол марқұмның туыстарына суық хабарды байыппен жеткізуді үйренген.
Светлана Николаевна патанатомия маманы болу үшін адамның бойында ең біріншіден өз ісіне деген адалдық, шексіз махаббат және адамгершілік болуы қажет деп санайды. «Сырқат жан үшін ең басты дауа – бұл дәрігердің өзі. Сондықтан әр пациентке мейіріммен қарау маңызды. Біздің мамандықтың қоғам үшін қажеттілігі үлкен. Өйткені патанатомия мамандары ең ауыр дерттердің бірі – онкологияны анықтайды».
Аталған қиындықтарға қарамастан маман өз ісін сүйіп істейді. Сұхбат барысында оның әрбір айтылған сөзінен өзінің жұмысына деген жылулығы сезіліп тұрды. Батыл жүректі дәрігер үйіндегі үш перзенті үшін жай ғана аяулы ана, жолдасы үшін сүйікті жар. Жауапкершілігі мол күрделі жұмысы мен отбасын қатар алып жүрген Светлана Николаевнаға кәсіби мерекесі қарсаңында мықты денсаулық, мол табыс, шаңырағына шаттық тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.