ДЕСТРУКТИВТІ АҚПАРАТТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

0

Күн өткен сайын интернет қолданушыларының саны артып келеді. Сол себепті интернетте пайдалы мәліметтермен қатар, деструктивті, яғни адамның психологиялық, физикалық саулығына теріс әсер ететін, құқығына қайшы келетін теріс ақпараттар та баршылық. Мұндай ақпараттар қоғамның қалыпты дамуына қауіп төндіреді. Сондықтан оны дер кезінде тану және онымен күресу өте маңызды.

Деструктивті мазмұндағы ақпарат адамды күрделі, сонымен қатар күнделікті қажетті тапсырмаларды орындаудан алшақтату үшін жасалған. Мұндай ақпараттарды оқу жұмыс процесін баяулатып, адамды өз бетінше және креативті ойлау қабілетінен айырады. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер, форумдар, басқа да цифрлық платформалар қылмыс жасаудың және жекелеген адамның дүниетанымына әсер етудің алаңына айналды. Зерттеушілердің пікірінше, интернет қолданушылары, соның ішінде жас буын өкілдері (14-25 жас аралығы) әлеуметтік желілерде экстремистік идеология насихаты, суицид жолдары, есірткі қолдану және т.б. ақпараттарға көп кезігеді. Осындай ақпараттардың салдарынан адам баласы ауыр күйзеліске ұшырап, ата-анасы, қоршаған ортасымен қарсы келіп, соңында түрлі қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ұрынуы мүмкін.

Цифрлық технологиялар дамыған сайын адамдар басқа адам туралы қажетті мәлімет алып қана қоймай, оның абырой-беделін түсіруге бағытталған ақпарат тарата алатындай мүмкіндікке қол жеткізді. Әсіресе мұны деструктивті ағым өкілдері белсенді түрде пайдаланып келеді. Мысалы, экстремистік идеяларды насихаттау көбіне «бізді» «өзгелерден» бөлуге бағытталады. Олар адамдардың тәрбиесіздігіне сүйене отырып, арнайы әсер ету әдістерін қолданады, рухани ілімдер мен тарихи фактілерді бұрмалайды және т.б.

Сонымен қатар деструктивті діни ағымдар әлеуметтік желіде арнаулы дайындалған стратегия бойынша әрекет етеді. Олар өзге адамдарды қатарына қосу үшін әлеуметтік желілерді өте белсенді пайдаланып, арнаулы ойластырылған стратегияны іске асырып қана қоймай, әртүрлі бұрмаланған, жалған ақпарат тарату арқылы өзгелерді шатастырады. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде Қазақстанда тыйым салынған ИГИЛ секілді экстремистік ұйымдар интернеттің шексіз мүмкіндігін шебер пайдаланғанын, желілер арқылы виртуалды орта қалыптастыруға әрекет еткенін жазған болатын. Шынында қазіргі таңда әлеуметтік желілерді пайдалану оңай.

Желілердің көмегімен радикалды ағымдар өз хабарламаларын аудиторияның нақты топтарына бейімдеп, виртуалды әлем арқылы миллиондаған адамның үйіне еніп жатқаны жасырын емес.

Деструктивті мазмұндағы ақпарат тасқынына қалай төтеп беруіміз керек? Оның алдын алудың алғашқы қадамы – қауіпті білу және тану. Алайда үрейге беріліп, өзіңізді интернеттен толық шектеудің қажеті жоқ. Себебі интернет – адамзаттың ең үлкен жетістігі. Сондықтан одан бас тарту қиын. Интернетті меңгерудің ең тиімді жолы – оны дұрыс қолдану. Сол арқылы ғана интернеттің игіліктері мен мүмкіндіктеріне қол жеткізе аламыз.

Қазіргі қоғамға қажетті дағды – медиа сауат. Ол ақпараттық хабарламаларды дұрыс оқуға, оларды талдауға және солар арқылы қалыптасқан пікірді сыни тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Медиа сауаттылық адамдарға манипуляцияға қарсы тұруға, жалған немесе деструктивті мәліметтерді тез анықтауға көмектеседі.

Деструктивті ақпараттан сақтану үшін қарапайым ережелерді біліп, деструктивті мазмұнды саралауға көмектесетін цифрлық нұсқамаларды қолдану қажет. Мысалы, қажетсіз ақпаратты бұғаттайтын түрлі антивирус бағдарламаларын орнатуға болады. Көптеген танымал интернет браузерлерде веб-сайттарды бұғаттауға арналған қосымшалар бар. Сонымен қатар «Бейтаныс адамдармен сөйлеспе» ережесін есте сақтап, әлеуметтік желіде барлық белгісіз нәрседен сақ болуымыз керек. Бейтаныс сілтемелерге өтпей, беймәлім жерден келген хабарламаларды қабылдамау аса маңызды.

Деструктивті ақпаратпен күресу үшін әркім өзінің медиа сауатын арттырып, ақпаратты дұрыс талдауды үйренуі қажет. Бүгінде ақпарат ағынының көптігі сонша, интернеттегі ақпараттар өзіне назар аудартпай қоймайды. Алайда сыни ойлай алатын және ақпаратты ресми дерек көздерден ғана пайдаланатын адамдар деструктивті ақпараттар ағынынан өзін қорғай алады.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде де жалған және деструктивті ақпарат көп тарайды. Себебі желілердегі ақпаратты тексеру механизмі әлсіз. Желілерде таралып ақпараттардың ақ-қарасын анықтау қиын. Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпараттарға алданбай, тек ресми және сенімді дереккөздерге жүгінген жөн.

Діни ақпаратты шекараның арғы жағында отырған беймәлім ұстаздардан, белгісіз сайттардан үйренуге болмайды. Діни мағлұмат алам деушілерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының muftyat.kz сайты бар екенін еске салғымыз келеді. Біз бірге сыйластық пен өзара түсіністікке негізделген үйлесімді қоғам құру арқылы деструктивті ақпараттың барлық түрінен бас тарта аламыз.

Ислам МАРАТҰЛЫ, ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.