Деструктивті діни ағымдардың жеке тұлғаға ықпал ету әдістері

0

Деструктивті діни ағымдар — бұл адамның  заңды құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін, радикалды діни идеяларды тарататын және адамның рухани, психологиялық және физикалық денсаулығын бұзатын, материалдық зиян келтіретін, мемлекеттіліктің негіздеріне күмән келтіретін, дінаралық және халықаралық қақтығыстарды қоздыратын, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды мойындамайтын және азаматтық борыштан бас тартуға итермелейтін құрылымдар.

Деструктивті культ немесе деструктивті діни ағым – латын тілінен аударғанда «destructio», яғни бүлдіргіштік, залал тигізуге ұмтылыс, нәтижесіздік деген мағыналарды береді.

Деструктивті діни ағамдардың мынадай ерекшеліктерін атап өтуге болaды: ол белгілі бір харизматикалық тұлғаға көзсіз еру, салт-дәстүрге қaйшы келу, діни түсінікте эмоциялық-психологиялық жaғы бaсым болу, жетекшілері өздеріне «құдай» мәртебесін иелену, діннің әлеуметтік міндеттеріне және т.б. бaсымдық беру. 

Деструктивті радикалды діни топқа адам өз еркімен мүше болуы, негізінде екі тараптың өзара бірлесе әрекеттесуінің нәтижесі: яғни бірінші фактор: адептің өзіндік психологиялық тұрғыдан осалдығы, екінші фактор: вербовщиктердің адепті өз қатарларына тартуы, ұстап тұруы, өңдеу тактикаларының нәтижесі.

Қазіргі уақытта адамдардың деструктивті діни ағымдардың қатарына кетіп қалуының басты себебі ретінде ұйым өкілдерінің интернет желісінде белсенділігі мен азаматтардың діни сауатының төмендігі деген пікірді алға тартады.

Ағымдардың ықпалына түсуге ерекше осал топқа қарқынды түрде рухани ізденістегі тұлғалар, ақиқатқа немесе абсолютті ақиқатқа қол жеткізуді армандаушылар, екі жақты жауабы бар күрделі сұрақтарға жалғыз жауап іздеушілер, сонымен мәселені тікелей сөзбен түсінуге қабілеті жетпейтін, көз алдына елестету арқылы ғана түсіне алатын ақыл-ой жүйесіне ие адамдар жатады. Сондықтан деструктивті діни ұйымдардың, жалған ақпараттың, манипулиятивті әсерлердің құрбанына айналмас үшін, ДДҰ тартушылары қолданатын айла-тәсілдерін жақсы білуіміз керек.

Адамдардың санасын улау кезінде ДДҰ көшбасшылары ең алдымен «өмірдің шынайы құндылықтарын» негіздерін белгілеп, қазіргі қоғамның қателігін көрсетуге асығады. Бұған сендіру оларға қиын емес. Шынында да, егер сіз жан-жағыңызға қарасаңыз нашақорлық, алкоголизм, жезөкшелік, сыбайлас жемқорлық, бір жынысты некені  насихаттау және басқа да өмірдің негативті жақтарын көре аласыз. Жас аналар қалдырған балалардың саны, балалар тастап кеткен қарт ата-аналар және осы сияқты қазіргі қоғамның жағымсыз жағын ұзақ уақыт тізімдей аласыз. Алайда қоғамның жағымсыз тұстарымен бірге сол сияқты жағымды жағы да бар. Бірақ бұл мәселелердің шешімін табудың орнына, деструктивті діни топтар өздерінің «шынайы дұрыс жолын» ұсыну арқылы, адамдарды өз қатарларына тартуға тырысады. 

Деструктивті  діни ұйымдар  адептілерді өз қатарына тарту үшін арнайы тәсілдерді қолдана отырып, кезең-кезеңімен жүргізеді. ДДҰ өкілдері ең бірінші  адептімен жалпы қоғамды алаңдататын ортақ тақырыпта сөз қозғау арқылы жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысады. Сөз барысында адептінің сөзін соңына дейін тыңдап, арасында оның қаншалықты білімді, қазіргі қоғамда сондай адамдар қажет екендігі және сол сияқты жылы сөздер арқылы комплименттер айтып, еліктіреді. Мұның бәрі адептіні ДДҰ өкілімен сөйлесу барысында олар туралы жағымды пікір қалыптастыру, олардың ұстанған жолы туралы оң көзқараста болу үшін әдейі жасалынады.

Екінші адептінің сеніміне кіріп, оның алдында белгілі бір дәрежеде абырой жинағаннан кейін оның сыни ойлау, өз пікірін білдіру қабілеттерін басуға әрекет жасайды. Ол үшін адептінің миын өздерінің діни көзқарасы, «миссиясы» сияқты ақпараттармен толтырып, оларға ойлаунға, оңаша қалуға мүмкіндік бермейді. Яғни, адептіні әр түрлі серуенге, жиындарға, тамақтануға шақырып барынша шаршатуға тырысады. Сөздік қорын өзгертіп, ойлау өрісін тарылтады. Осы арқылы адептіні бұрыннан араласатын ортасымен қарым-қатынсын үзуге итермелейді.

Үшінші ДДҰ өкілдері адептінің қалыпты қоғамдық қатынастардан алыстатуға тырысады. Мысалы, оқуын/жұмысын тастауға итермелейді, шетелге шығуға үгіттейді (білім алуды сол жақта жалғастыру, әскери қақтығыстарға қатысу), отбасынан, достарынан, қоғамнан оқшауландырады, кез келген сырттан келген ақпаратты күмәнді санайды,  топты сынаушылардың барлығын жағымсыз (негативті), адам дамуына қарсы, қауіпті тұлға ретінде таныстырылады. Бұндай адамдар мүлдем кездеспеуге шақырады, оларға жала жауып, сотқа беруге үгіттейді. Кейде топ мүшесінің бұрынғы өмірінде немесе қазір басына келген қиыншылықтарға отбасын кінәлайды.

Төртінші, отбасынан, жақындары мен достарынан алыстаған адептілердің қоғаммен қалыпты қатынасы бұзылады. Жұмысын жиі ауыстыруына байланысты, тұрақты табыстан айрылған азаматтар терең депррессиялық күйге түседі. Осының бәрі адамның тек сол ұйымның мүддесіне ғана жұмыс істейтін, фанатқа, құралға айналуына әкеліп соқтырады.

А.Қалмырзаев, Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.