Тайланд астанасы Бангкок қаласында бокстан 22 жасқа дейінгі Азия жастары біріншілігі 26 қаңтар күні соңына жетті. Ел намысын қорғаған жастар
арасында қордайлық Диас Молжігітов та болған еді. Қарсыластарын
жапыра жеңіп, финалға жеткен Диас ұпай санымен есе жіберіп байрақты бәсекенің күміс жүлдегері атанды.
75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Диас Молжігітов Қордай ауылының тумасы. Бокстан спорт шебері, Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі. Қазақстан Респуликасының жастар арасындағы бокстан екі дүркін
чемпионы, 2021 жылы өткен әлем чемпионатының жүлдегері, Венгрия мен Болгарияда өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы, ҚР ерлер арасында чемпионы. 10 жасынан бокспен әуестенген Диас Молжігітов белгілі жаттықтырушы
Жомарт Шолпанбаевтан тәлім алған.
Айта кетейік, қазақстандық шаршы алаң шеберлері 5 алтын (үш еркек, екі әйел), 3 күміс (ерлер) және 12 қола (бес ер және жеті әйел) жеңіп алды. Осылайша 25 боксшының 20-сы медальге қол жеткізді.
Сары құрлық бәсекесінде Қазақстан құрамасы 13 салмақ дәрежесінде жұдырықтасты. Атап айтар болсақ, Бангкок шаршы алаңында ел намысын Санжар Тәшкенбай (48 кило), Даниял Сәбит (51 кило), Нұрсұлтан Алтынбек (54 кило), Махмұд Сабырхан (57 кило), Талғат Сырымбетов (60 кило), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кило), Абзал Серік (57 кило), Сабыржан Аққалықов (71 кило), Диас Молжігітов (75 кило), Ерасыл Жақпеков (80 кило), Сағындық Тоғамбай (86 кило), Ерхат Бекзат (92 кило) және Аманат Сабырғали (+92 кило) қорғады.