Қазір «дін қараңғылығына батып кетпейік» деген ескерту жиі айтыла бастады. Себеп те жоқ емес. Бірақ кейбір кісілер бұл сөзді жалпы діннен, оның ішінде ата дінімізден алшақтату үшін қолданатын болды. Сонымен бұл ұғым нені білдіреді? Түпнұсқасы сақталмаған немесе біздің мәдениетке қатысы жоқ діндерді былай ысыра тұрып, төл дініміз Ислам тұрғысынан сараптап көрсек: дін «қараңғылығы» неден туындайды?
Дін «қараңғылығы» – дінді қате түсінуден туындайды, яғни естіген-оқығанын өз ой, өз түсінігімен қабылдап алудан және мән-мағынасына үңілместен тікелей, сөзбе-сөз қабылдаудан, қате, бұрмаланған түсіндірмеге ілесуден туындайды. Бір сөзбен айтсақ: дінді – «ілім, ғылым» деп ұғынбаудың салдарынан, надандықтың себебінен қателікке ұрынады. Осы себептің жалғасы ретінде кім көрінгеннің дін мәселесіне кірісіп, өз көзқарасын «ең дұрысы осы» деген ұстаныммен айтысуы, жік-жік болып тартысуы қараңғылықты қоюлата түседі.
Дінді «қараңғылық» деп ұғынуға: атеистер мен басқа дін ұстанушылардың шабуылынан бөлек, ағымдарға ілескен адасушы топтар, екіжүзділер және қате түсінікке ұрынған дүмшелер мен дін тереңіне бойламаған саяз білімді мұсылмандар да кінәлі. Шәкәрім атамыз: «Жаман тәпсiр жайылып жер жүзiне‚ дiн десе тұра қашты естi азамат. Бар обалы олардың тәпсiршiде, адасып нұрлы аятқа жағыпты тат», – деген екен.
Ата-бабамыздан келе жатқан діни таным мен тәжірибенің үзілуі – «қараңғылықтың» тағы бір себебі. Адам баласы кеше-бүгін-ертең деген Уақыт тізбегінің ішінде өмір сүреді. Кешегіден үзілу – тамырыңнан ажырап мәңгүрттенудің, бүгініңді бағаламау – қапы қалудың, болашақтың болмауы – құрдымға құлаудың хабаршысы. Сондықтан дәстүр сабақтастығы секілді, дін сабақтастығы да – аса қажет дүние. Ал сабақтастық– ұлттық өзгешелік пен өз қалыбымызды сақтап қалудың және дамудың шарты.
Негізі дін атаулы әр ұлысқа, ұлтқа белгілі бір өзгешелікпен сіңеді. Яғни дін белгілі бір мәдениетке келіп қонады. Сол себепті діннің өзіндік реңі, көрінісі, өзгешелігі пайда болады. «Дәстүрлі дін» дегеніміз – осы. Біз – әлемдік Ислам өркениетінің түркі-қазақ бұтағымыз.
Степной ауылдық округінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл көріністерінің алдын алу және тию жөнінде арнайы жоспар құрылып, жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылады. Әсіресе жас буынның діни көзқарастарын тура жолмен бағыттау жөнінде түрлі кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Басты себеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа «Әркімнің діні – оның түсінігі. Ақылы жоқтың – діні де жоқ!» деген түсінікті санасына сіңдіріп, діни қараңғылықтан айналып өту.
Сөзімізді түйіндесек: асыл дінімізде қараңғылық жоқ, жеке тұлғалардың танымы мен тәжірибесінде шатасу бар. Дін ұстанушы адамның қателігі – діннің қателігі емес! Дін ұстанушы пенденің қараңғылығы – дін қараңғылығы емес! Негіз бен қосымшаны, себеп пен салдарды ажырата білу!
Степное ауылдық округі әкімі аппараты