ДІН – ӨМІРЛІК БАҒЫТЫҢ, ДӘСТҮР-ТАНЫМЫҢ

0

Күллі әлемді жаратқан Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын! Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Алла тәуелсіздікті нәсіп етіп, бодандықтан арылып, дін мен дәстүрімізді еркін ұстануымызға жол ашылды. Исі мұсылман кеңестік қатаң дәуірде де салт-санасын, Раббысын ұмытпай осы күнге жетті. Дегенмен, бәһадүр бабаларымыз салып кеткен сара жолдар ұмытыла бастап, уақыт өте түрлі қайшылықтар пайда болды. Әлемнің дамуымен өзгерістердің пайда болуы заңдылық. Осы орайда, біз дінге сабақтастырылған дәстүрімізді ұмытпай, шариғатымызды дұрыс ұстануымыз маңызды.
Құранда: «Жаратқан Ие былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» («Хужрат» сүресі 13 аят) – дейді. Осы аятқа зер салсақ, мынадай қорытынды шығарамыз. Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі бір, барлығы Адам атадан тарайды. Сондықтан да мұсылмандар басқа ұлттарды көргенде шарапатты аят-хадистерге сүйеніп: «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ», – деп айтады.
Дін мен дәстүр екі бөлек ұғым. Яғни, дін – Алланы тану жолы, дәстүр – ұлт болып өмір сүру жолы. Бірақ бұл екеуі құстың қос қанаты секілді. Әрбір ұлт пен ұлыстың өз тұрғылық мекеніне қарай тілі, дәстүрі қалыптасқан. Дәстүрді теріске шығару – адасушылық. Пайғамбарлар түсірілген барлық ұлттардың өз дәстүрі бар. Және оны пайғамбар кезеңінде де дінге қайшы келмейтіндері ұстанымда болды, дін арқылы жаңа дәстүрлер орнығып, атадан балаға яғни бізге жетті. Қазақ халқы сонау ғасырлардан бері мұсылман болғандықтан, дін біздің дәстүрімізге сіңген. Сондықтан да ел басына қанша ауыртпашылық, қиындық, жау келсе де, дәстүріміз бүгінде жалғасын табуда.
Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. Алланың Елшісіне (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды. Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды. Сол сияқты қазақ халқында «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген нақыл қалыптасқан.
Қазақ халқында ғана емес әлемнің барлық ұлттарында шариғатқа қайшы әрекеттер, дінге жат әдеттер бар. Атап айтсақ, болашақты болжау, ырымшылдық, құмалақ ашу, әруақ яғни өлген адамнан сұрау, бір затқа сену. Бұл ешқандай ұлттық дәстүр емес және ешбір ұлттың дәстүрі емес. Ақ жүрген жерде қара болатындай, адамның адасуы болады. Егер бұл бұрыннан бар дүние, біздің дәстүр десеңіз – қате. Дәл қазіргі уақытта парақорлық, аманатқа қиянат, Аллаға ширк келтіру сынды күнәлі істер бар болғандай, о заманда да сауатсыз әрекеттер болған. Оның барлығын дәстүр дей салу дұрыс емес.
Ержан қажы Малғалыұлы өзінің «Дін мен дәстүр» кітабында: «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі», — дейді. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінен, ел аузында жүрген сөз оралымдары мен өлең шумақтарынан имани ұғымдар мен ұстанымдардың жарқын мысалдарын таба аламыз. Мұның өзі Алаш жұртының салт-санасының, ақыл-ойының асыл діннен ажырамағандығын көрсетеді.
Жубейр ибн Мутғим (р.а.) жеткізген риуаятта Алланың Елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұлтшылдыққа, рушылдыққа шақырған адам бізден емес. Ұлтшылдық, рушылдық үшін шайқасқан адам бізден емес. Ұлтшылдық, рушылдық үшін өліп кеткен адам бізден емес», – деп ескерткен.
Яғни, қаншама ұлт, дәстүр болса да біздің шыққан тегіміз бір – Адам ата мен Хауа ана. Дәстүр Алла бізді бір-бірімізді, өзімізді тану үшін ұлттарға бөлгеніндегі болмысымызды, тарихымызды танытушы ғана.
Адам болмысындағы, жүрегіндегі сенімнің түп-негізі Құран Кәрім мен хадистерде жатыр. Раббы Тағала білімнің көзі Жаратқаннан қорқу екендігін баяндаған. Алла Тағала былай дейді: «..Әрі Алладан қорқыңдар, сонда Алла сендерге үйретеді..». Өмірді, дәстүрді, әлемді тану үшін ең әуелі Алланы тану маңызды.
Дініміз бақытты өмір сүрудің бағыт-бағдары, бағдаршамы болса, дәстүріміз адам ретінде өзімізді танудың құралы.
Алла дінімізге қуат, елімізге ауызбіршілікті нәсіп еткей! Әмин!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша
бас имамы

«ДІНАРАЛЫЌ ТАТУЛЫЌ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІЅ ТІРЕГІ»
Әлемде мемлекет пен дінаралық қатынасты реттеудің онға жуық формасы бар. Қазақстан осылардың ішінде зайырлылықты таңдады. Ал, зайырлылық дегеніміз – ғылыми әдебиеттерде «лайцизм», «секуляризм», «светский», «дуневий» деген терминдермен аталады. Яғни, зайырлылықтың бірінші мағынасында – мемлекет тек бұл дүниелік мәселелерді реттеуді мақсат етеді. Демек, зайырлылық жүйенің заңдылықтары теократиялық жүйедегідей о дүниелік бақытты басты мақсат етпейді.

Мемлекет діни еркіндікті бергенімен, халықтың тек бұл дүниедегі қажеттілігін өтеуге күш жұмсайды. Зайырлылықтың екінші мағынасы – мемлекет діннен бөлінген, яғни құзырлы органдар діни ұйымдардың қызметіне араласпайды немесе діни ұйымдар мемлекеттік саясатқа араласпайды деген сөз. Ал, мемлекет зайырлы құқыққа неге мұқтаж? Зайырлылық – құқықтық ұстаным. Мемлекет шешім шығарғанда діни танымға сүйенбей құқықтық заңдар шығарып, қоғамдық қатынастарды реттейді. Зайырлы мемлекет діни басшылыққа, яғни діни билікке тәуелсіз. Неге? Себебі, әр діннің басшылыққа қатысты өз ұстанымы бар. Сондай-ақ, әр дін уақыт өте бірнеше ағымға бөлінген. Мемлекет бір діннің діни басшылығымен жүрсе, онда басқа діндерге қысым көрсеткен болып есептеледі. Бұлай халықты біртұтастықта ұстау мүмкін болмас еді. Мемлекет азаматтарының бақытты болуы үшін жұмыс жасайды. Сондықтан олардың діни сенім және бостандықтары тапталмауы тиіс. Зайырлылықтың мәні осында.
Ислам – «бейбітшілік» деген мағынаны береді. Ал мемлекет бейбітшілікті сақтау үшін заңдар шығарады. Соңғы кезде кейбір әсіредіншілдердің әркетінен қоғамда дін мен Отан ұғымы бір-біріне қарама-қарсы түсініктер ретінде ұғыныла бастады. Діни экстремизм идеология-сымен уланған базбір отандастарымыз Қазақстанды діни жолды ұстанбайды деп айыптап, мемлекеттік құрылымға қарсы күресуді «қасиетті күреске» балап, елді бүлдіруде. Негізінде, зайырлы елдердегі діннің мемлекетке деген қатынасы қандай болу керектігі шариғат заңдылықтарында қарастырылған. Шариғат бойынша саяси ұйымның ұстанымдары дінге негізделмегенімен, діни рәсімдердің орындалуына рұқсат беретін мемлекет «дәрул сулх» немесе «дарул аһд» деп аталады. Мұсылман заңгерлері діни рәсімдердің жүзеге асуына рұқсат бергендіктен, «дәрул сулх» тұрпатындағы мемлекеттің қабылдаған заңдарына мойынсұнуды уәжіп деп біледі. Қазіргі біздің зайырлылықты осы «дарул сулх» дәрежесіндегі мемлекет қатарына жатқызуға болады. Яғни, лаңкестердің Қазақстанды дінсіз мемлекет санауы – шариғат бойынша мүлде негізсіз. Мемлекет заңнамасымен де оларды ақтай алмаймыз. Себебі олар қоғамдық тәртіпті бұзып, қылмысқа ұмтылуда. Ал, мемлекет оларды азаматтық құқықпен жауапқа тарта бастағанда, олар қарсыласады. Бұл тірліктері Алланың заңын қорғап жатқандай көрінеді. Алайда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі Мәдина ата заңын жасағанда, басқа да ұлттардың құқықтарын қорғаған болатын. Сондықтан зайырлылық – дінсіздік те емес, діндарлық та емес. Ол құқықтық ұстаным.
Осындай ұлт мүддесіне нұқсан келтіретін, бейбітші-лікті бағалай алмайтын әсіредіншілдер әр жерден бір шақпақ шағып, өз ұяластарының санын арттырып жатқанда, біздің ұстанымымыз – ел бірлігі болуы тиіс. Елімізде дәстүрлі емес жат ағымдарды шектейтін батыл саяси шешім, құқықтық реттеу, ақпараттық түсіндіру мен ғылыми сараптау, қоғамдық, діни ой-салаларында тұжырымдар тез арада жасалуы тиіс.
Діни экстремизмге қарсы күресте ең алдымен діни сауаттылықты арттыру маңызды қадам екендігі даусыз. Осы орайда діни сауаттылықты жақсарту мектеп қабырғасынан бастау алуы керек. Ол үшін де сапалы оқулықтар мен отаншыл дінтанушы мамандар қажет. Сонымен қатар, оқулықтардағы мықты мәліметтер діни экстремистік ақпараттарға «антивирус» қалыптастыра алуы керек. Біздің жастарымыз жалпы дәстүрлі діндердің тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесін танып білулерімен қатар, жалған діндердің белгілерін ажырата алулары да аса маңызды. Бұл олардың радикалды топтардың ықпалында кетпеуіне оң әсер етері сөзсіз.
Келесі өзекті мәселе – сауатты имамдарды даярлау. Имамдардың біліктілігін арттыру арқылы тек діни емес, зайырлы білім үйреніп, оның шешендігі, келбеті, жүріс-тұрысы, көркем мінезділігіне барынша мән берілуі маңызды. Сондай-ақ, еліміздегі дәстүрлі дінімізге көлеңке түсіретін сайттардың, әлеуметтік желілердің жауапкершілігін барынша қатайту, қажет болған жағдайда жауып тастау тетіктері жасалуы тиіс.
Болашақ ұрпақ бойына ұлттық діл мен дәстүр жөнінде тәлім-тәрбиені сіңіру үшін әрбір азамат табанды түрде атсалысуы керек. Ханафи мазхабында үкім берудің жеті қайнар көзі бар. Солардың жетіншісі «үрф», яғни әдет-ғұрып деп аталады. «Үрф» бойынша, Ислам таралған елдердің салт-дәстүрінде Исламға қайшы келетін нәрселер жойылуы тиіс. Егер исламға қайшы келмесе, ол – сахих, яғни дұрыс. «Оларды сақтау қажет. Тіпті оларға бейне бір исламның үкімі ретінде қараңыздар. Өйткені, олар онсыз да қоғамдық қатынастарды дұрыс реттеп отыр», – делінеді. Қазақ даласында Ханафи мазһабы салт-дәстүрімізбен сабақтасып кең қанат жайған. Қазақ осы мазһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқып, қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға етіп баласының тұсауын да кескен, келінге сәлемін де салдырған, азанын шақырып, домбырасында да күй ойнатқан. Осы арқылы ұлттық келбетімізді де сақтап, шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білді. Соның арқасында қазақ даласында діни алауыздықтар мен келіспеушіліктер орын алмаған еді.
Ұлттық құндылықтарымызды өзге жұрттардың ұғына алмайтындығы оның қайталанбас төлтумалығын аңғартады. Сондықтан бабаларымыздың ғибратты жолын жоққа шығару немесе оның орнына басқа жат нәрсені әкелуге тырысудың зардабы өлшеусіз. Баршаға белгілі, дәстүріміздің озығы да, тозығы да бар. Бұған қатысты мән беретін екі жәйт бар. Біріншісі – дәстүрімізді сол қалпында тұтастай қайталап, оны іске асырудың мүмкін еместігі. Екіншісі – қайталап қолдануға болатын сол дәстүріміздің діни негіздегі (дінмен біте қайнасып кеткен дәстүрдің) ұстанымдарын, құрылымдық үлгілерін, қағидаларын біліп, һәм насихаттауымыз қажет. Біз рухани бай мұрамыздың мөлдірлігін өзге жұрттарға тектілігіміздің дәлелі ретінде паш етуімізге болады. Ол біздің мақтанышымыз.
«Дінаралық татулық – тәуелсіздіктің тірегі» демекші, Қазақстанда әр түрлі дін өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүреді. Ал, олардың тату-тәтті өмір сүруіне кепіл – Конституцияға негізделген заңдар жинағы. Әр азамат өзге дін өкілінің діни-наным сенімін құрметтеп, олардың ұстанымдарымен санасуы тиіс. Себебі, дін – адам үшін өте маңызды және сезімтал дүние. Бір адамның жүрегіне екі дін қатар сыймайды. Сондықтан адамның діни сеніміне нұқсан келтіру ол үшін өте ауыр тиеді. Сонымен қатар, Қазақстанда тыйым салынған діни бірлестіктер мен ұйымдар бар екенін де ұмытпаған абзал. Бүгінде олардың саны – 23.
Дейтұрғанымен, ел азаматтарының басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Елбасының: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біздің елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымыздың орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды», – деп баяндалатын «ҚАЗАҚСТАН-2050» стратегиясынан біз өткеннің өнегесін үйреніп, үлгі ала отырып, болашақ ұрпақтың санасына жеткізе алуымыз ләзім екенін аңғарамыз.
Мемлекетіміздің мерейі үстем, бірлігіміз баянды, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!
Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.