ДІН ЖӘНЕ ҚОҒАМ

0

Жақында «Діни мәселелер» тобының мүшелері жұмыс жоспарына сәйкес Қордай ауданының бірнеше елді мекенінде болып, дүйсенбі күні «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалында тұрғындарды қабылдады. Облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров және облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, проблемалық мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

Кездесуге келген Қордай ауылының ақсақалдары мешітте жамағатпен намаз оқу мәселесін көтерді. Бас имам бұл өзекті мәселе екенін айтып, тікелей Муфтияттың бұйрығы болмайынша рұқсат жоқ екенін жеткізді. Қоғамдық қабылдауға дінтану пәнінің мұғалімдері келіп, сертификат алу мәселесін көтерсе, жас-тар діни сауат алу курс-тары мәселесін сөз етті. Жангелді Омаров және Бейбіт Мырзагелдиев әр сұраққа жеке тоқталып, тиісті жауаптарын берді.

Сейсенбі күні «Діни мәселелер» тобының мүшелері Масаншы және Сортөбе ауылдарына барып, діни мәселелер бойынша тұрғындармен кездесулер ұйымдастырды. Жалпы, Қордай ауданында діни ахуал тұрақты, дегенмен қордаланған мәселелер жоқ емес. Дәстүрлі дінге қарсы келетін ұстанымдар және көңілге қонбайтын ойлар қоғамда әлі де кездеседі. Алайда, ортақ қуанышқа орай жыл санап білімді азаматтардың қатары артып келеді. Соның арқасында тұрғындардың діни сауаттылығы түзеліп, оң өзгерістер орын алуда. Өңірде діни білім беретін Тараздағы «Һибатулла Тарази» медресесі болса, Қордай ауданында Масаншы ауылындағы «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығы бар. Сондықтан да Жангелді Омаров бастаған топ мүшелері бірінші кезекте «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығына барды. Оқу орталығының бүгінгі жағдайымен толықтай танысқан топ мүшелері бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. Екі жыл бұрын ашылған білім ордасында діни білім беру ісі дұрыс жолға қойылған. Бұл орталықта жергілікті тұрғындармен қатар, алыстан келіп оқитын азаматтар да бар. Оқу процесі үшін барлық жағдай жасалынған. Заманауи жабдықтармен қамтылған оқу сыныптары, кітапқа бай кітапханасы, өз асханасы және жатақханасы бар. Мұнда 6 білікті ұстаз 91 оқушыға қасиетті кітапты жаттап, діни білім алуына барын салып келеді. Оқу барысы 3 жылды қамтиды. Облыс және аудан басшылығының көмегімен аталмыш орталықтың барлық құжаттары реттестіріліп, жаңа директор болып Ғалымжан Шерниязов тағайындалды.

«Діни мәселелер» тобының мүшелері Масаншы ауылында Қоғамдық қабылдау жүргізіп, кейін ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен жиын өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов төрағалық еткен кездесуде Жангелді Омаров өздерінің ауданға келген мақсаттарын баяндап, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Оның сөзіне арқау болған алғашқы мәселе – Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы мешіттердің шамадан тыс көп болуы болды. Жиырма мыңдай халқы бар бір Масаншы ауылының өзінде 13 мешіт бар. Сортөбе ауылында да дәл сондай – 13 мешіт қызмет етеді. Халық санына қарап аталмыш мешіттердің жамағатқа толмауы байқалып ақ тұр. Яғни, бұл ауылдарда мешіт салу ісі бәсекелестікке айналған сыңайлы. Сол себепті екі ауылда да жаңа мешіт құрылысына шектеу қою мәселесі көтерілді. Жангелді Омаров мешіт соға берудің орнына халыққа қажетті жол, спорт алаңдарын, мектеп, балабақша салу сынды ел игілігіне жарамды істерді атқарып, сауапқа жетуге де болатынын атап өтті.

Жиында көтерілген келесі мәселе – шет елде діни білім алу турасында болды. Бұл бағытта дін істері басқармасы және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан біраз жұмыстар атқарылды. Жүйелі жұмыс, үгіт-насихаттың арқасында шетелде оқитын азаматтардың қатары айтарлықтай сейілді. Жангелді Омаров шетелде оқитын азамат діни біліммен қатар сол елдің салт-дәстүрін, ойын және сорақысы жағымсыз идеологияны бойына сіңіруі ықтимал екенін атады. Сонымен қатар, жастардың интернет желісі арқылы діни бейнероликтер көруіне тыйым салу қажеттігі, ата-аналары қаперде ұстау керектігі де айтылды. Себебі, жат ағымның арбауына қаншама қандастарымыздың алданып кеткені осыған дәлел. Жангелді Омаров мемлекеттік тілді үйрену мәселесіне де кеңінен тоқталып, еліміздің барлық халқы бір тілде сөйлесе, татулығы, бір-бірін түсінуі оңайлайтынын айтып, қазақ тілін үйрену заман талабы екенін жеткізді.

Дәл осындай іс-шаралар Сортөбе ауылында да өтіп, «Діни мәселелер» тобының мүшелері халықпен кездесіп, сұхбаттасып, проблемалық мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

Сәрсенбі күні аталмыш топ аудан әкімдігінде жиын өткізіп, оған әр түрлі мекеме қызметкерлері, мектеп мұғалімдері қатысты. Жиында облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерзат Жақып баяндама жасап, өздерінің ауданға келген мақсаттарын және дін саласындағы өзекті мәселелерді сөз етті.

-Дін деген бұл ізгілік пен татулыққа шақыратын құндылық. Сондықтан да ақпараттық-түсіндіру топтарының негізгі мақсаты адамдарды дәстүрлі дінге шақырып, конфессияаралық қатынастарды нығайту, халықтың діни және құқықтық сауатын арттыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, радикалдық, жат ағымдардың арбауына жол бермеу болып табылады, – деді Ерзат Жақып.

Сонымен қатар, ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарына жаңа міндеттер қойғанын жеткізіп, оларды тізіп берді. Діни білім, өзге де мәселелер бойынша тек республикамызда ресми тіркелген діни бірлестік өкілдеріне, мәселен Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының өкілдеріне, мешіт имамдарына жүгіну қажеттігі айтылды.

Осылайша, ауданда үш күн жұмыс істеген «Діни мәселелер» тобының мүшелері аудан әкімдігінде қорытынды жиналыс өткізіп, онда Жангелді Омаров атқарылған жұмыстардың есебін берді. Үш күн ішінде ауданда жалпы 16 іс-шара ұйымдастырылып, 300-ден астам тұрғын қамтылды. Аудан тұрғындарымен әр түрлі форматта кездесулер өтіп, дін саласына байланысты, сонымен қатар әлеуметтік, медициналық және білім беруге қатысты мәселелердің түйіні тарқатылды. Деструктивті діни көзқарастағы азаматтармен сұхбат жүргізіліп, оңалту жұмыстары атқарылды. Азаматтарға дін саласындағы жаңалықтар, құқықтық, жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Ең бастысы «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығына қатысты барлық мәселелер шешілді. Осыны және өзге аспектілерді тізген Жангелді Жайлауұлының сөзінен кейін Бейқұт Жамангозов облыстан келген қонақтардың жұмысына ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді. Ал, жиынға қатысқан құқық қорғау органдарының басшылары қоғамдық тәртіп, ұлттық қауіпсіздікке байланысты бірқатар мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын айтты. Олардың ұсыныс-тілегі назарға алынып, жұмысты жандандыру бойынша шешімдер қабылданды.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.