29 шілде күні аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары, кеңес төрайымы Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауылдық округтердегі дін саласына жауапты мамандар және имамдар қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Оның біріншісі, яғни аудандағы діни ахуал туралы Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Қабылтай баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша 2025 жылдың І жарты жылдығында 95 іс-шара ұйымдастырылып, 1500 адам қамтылды. Өткізілген шаралар барысында қатысушыларға шетелдегі күмәнді діни оқу орындары туралы тұрақты айтылды. Сондай-ақ, шаралар барысында азаматтардан шетелдегі күмәнді діни оқу орындарында білім алғысы келетін азаматтардың бар — жоқтығын анықтау мақсатында жасырын сауалнамалар алынған. Бұдан бөлек, бөлім басшысы аудан бойынша орналасқан мешіттерді зерделеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталып өтті. «Зерделеу барысында кейбір ауылдық округ бойынша дін саласына жауапты мамандар тиісті құжаттарын көрсете алмады. Жамбыл ауылдық округінде орналасқан 2 мешітке дыбысты режимде бейнебақылау камерасы орнатылған. Бетқайнар, Соғанды, Сарыбұлақ, Қайнар ауылында орналасқан мешіттердің бейне камералары істен шыққан. Сонымен қатар Қасық, Қақпатас, Степной ауылдық округінде бейне камералар дыбыссыз режимде істеп тұр. Зерделеу жұмыстары жүргізілген мешіттердің жұмыстары бірқалыпты, тазалығы орташа деңгейде. Бұл аптада 4 діни неке қиылды», — деп есеп берді баяндамашы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – мешіт имамдарына мемлекеттік тілді үйрету бағытында және жұма намазының өткізу тәртібі бойынша атқарылған жұмыстар туралы болды. Бұл сұрақ бойынша Қордай ауданы орталық мешітінің бас имамы А.Егізбаевтың баяндамасы тыңдалды. Қазіргі таңда имамдарға қазақ тілін үйрету бойынша аудандық тілдерді дамыту орталығымен бірлесе арнайы курс жүргізілуде. Сортөбе, Масаншы, Ауқатты, Қарасу ауылдарында оқыту топтары ашылып, ұстаздар бекітілген. Былтырғы оқу маусымында 16 имам А1 деңгейінде емтихан тапсырса, биыл 38 имам білім алуда. Алайда жаз айларында имамдардың дәріске қатысуы бәсеңдеген – бұған олардың қосымша егіншілікпен айналысуы себеп.
Имамдармен жамағат намазын өткізу тәртібі де қайта қаралып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылғы 29 мамырдағы құжат негізінде семинарлар ұйымдастырылған. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жұма сайын жұма уағызы тақырыбы бекітіліп, имамдарға мәтіні толықтай жеткізілуде. Жұма сайын аудан имамдарына 5 минут қазақша мәтінді оқып беріп, орыс тілінде уағызды ашықтау тапсырылуда. Әр жұма аудан имамының бастамасымен «Ауыспалы жұма» бағдарламасы бойынша дүнген ұлтты жамағат шоғырланған мешіттердің ең аз дегенде біреуіне қазақ тілді имамдары уағыз-насихат айтып, талапқа сай түрде жұма намазын өткізуде. Жамағатқа мемлекеттік тілде насихат айтуда», — деді бас имам.
Кеңесте үшінші болып сөз алған – «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының директоры С.Аманбаев. Оның айтуынша, 2024-2025 оқу жылында орталықта 222 шәкірт білім алған, қазіргі уақытта 198 шәкірт оқып жатыр. Маусым айында 24 шәкірт оқуын аяқтап, арнайы сертификат алған. Орталықта қазақ тілі, Қазақстан тарихы, исламтану, араб тілі, ақида секілді пәндер оқытылады. Алайда Қазақстан тарихы мен теология пәндерінің мұғалімдеріне деген қажеттілік өзекті болып отыр. Сонымен қатар, шәкірттерге тарихи-рухани орындарды таныстыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет екені айтылды.
Төртінші мәселе – аудандағы білім беру мекемелеріндегі жастар арасындағы діни сауаттылықты қалыптастыру және оны шешудің тиімді жолдары жайы болды. Бұл бағытта аудандық білім бөлімінің өкілі А.Қалдарбеков баяндама жасады. «Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар арасында радикалдық діни көзқарас анықталмаған. Алайда сақтық шаралары ретінде 9–11 сынып оқушылары мен мұғалімдерге «Көлеңкелі ағымның белгілері», «Ғаламтордағы жалған көмек», «Терроризмге қарсы тұру» тақырыптарында бейнероликтер көрсетіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасын табады», — деп ақпарат берді А.Қалдарбеков.
Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар мен тапсырмалар беріліп, діни ахуалды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.