Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта біздің алдымызға қойылған негізгі талаптардың бірі – білікті кадрлар мен озық үлгідегі түрлі сала мамандарын даярлау мәселесі тұрды. Мұның ішінде дін саласы да бар. Қазір әлемнің кез келген жерінде білім алып жүрген қазақстандықтарды кездестіруге болады. Алайда, шет мемлекеттерде білім алған жастар Қазақ еліне қаншалықты жаңа идеялар мен тың жаңалықтар әкелуде? Олардың барлығы бірдей еліміздің мүддесі үшін қызмет етіп жүр ме? Дегенмен шетелде білім алуға ниетті жастарды назарда ұстау аса маңызды болып тұр. 2001 жылға дейін елімізде дінтану мамандығы бойынша жүйелі оқыту моделі болмағандықтан, елімізден діни білім алуға көптеген азаматтар шетел асқаны мәлім.
Соңын бірі Cауд Арабиясында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған 41 жастағы Ділмұрат Махаматов Сауд Арабияға діни білім алуға барған алғашқы қазақстандық студенттердің бірі болған. Ол кезде Сауд Арабиясының білім беру мүмкіндігі мен студенттерге жасалатын жағдайы бізден көш ілгері еді. Сауд Арабия Корольдігі бізден барған азаматтарға білімді ғана емес, жатын орны мен үйіне барып қайтуының билетіне дейін тегін берді. Тіпті, жылына бір рет қажылыққа тегін баруларына да жағдай жасады. Әрине, ол кезде Қазақстандағы діни білім беру ошақтары Сауд Арабиясымен бәсекелестікке түсе алмайтын. Жастарымыз Арабияның ұсынған осындай мүмкіндігін пайдаланып, сол елге діни білім алуға аттанды. Өкінішке қарай, болашақ «діндарлар» өздері білім алған елдің діни ағымының жетегіне түсіп, ғаламтор арқылы елімізге жат ағымның уағыздарын айтып, өздерінің қатарына кіруге шақыруды белсенді жүргізді. Сауд Арабия елінде оқып жүріп, алғашында-ақ дәстүрлі емес салафи ағымына бет бұрған. Теологиялық университетке грантқа оқуға түскеннен кейін, белсенді болып, жаңадан келген студенттерге діни дәрістер жүргізген. Оған қоса, Медина қаласының қонақ үйлерінде Қазақстаннан және Орта Азиядан қажылыққа барған тұлғаларға да діни дәрістер өткізген. Сол арқылы басқа тұлғалардың дәстүрлі емес салафи ағымына бет бұруына өз септігін тигізген. 2019 жылдың 2-мамырында Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының шешіміне сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің «әлеуметтiк, ұлттық немесе дiни алауыздықты қоздыру» және «терроризмдi насихаттау» бабы бойынша кінәлі деп танылып Ділмұрат Махаматовты 8 жыл бас бостандығынан айырды.
Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсатынсыз бір де бір студент Сауд Арабиясының діни оқу орындарына түсе алмайды.
Себебі соңғы уақытта өзге елде дін саласында білім алып жүрген кейбір жастардың түрлі келеңсіз жағдайларға ұшырап жүргендігінен қоғам хабардар. Білім іздеп кеткен кей жастардың темір торға қамалып, тіпті кейбірінің жат ағымның жетегінде кетіп жатқанына да мысалдарда жеткілікті. Шетелдегі жастардың түрлі саяси-діни ұйымдармен байланыс жасауына, түрлі идеологиялық үрдістерге бой алдыруына шектеулер назардан тыс қалуда.
Қазірде Түркия, Мысыр, Пәкістан және т.б. мемлекеттерден жастарымыз діни білім алып келуде. Сондықтан шетелге діни білім алуға кеткен әрбір азамат потенциалды қауіптің көзіне айналып үлгерді. Өзге елге дін үйренемін деп кетіп, сол елдің тұрғылықты діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын өзімен қоса алып келіп жатады. Бұл дегеніміз, олар шетелдерде алған діни танымы арқылы сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын, діни тәжірибесін яғни басқа мәдениеттің тарихи жүріп өткен жолы мен дүниетанымдық қабатын өздерімен бірге алып келеді. Қазақтың рухани дүниетанымы негізінде қалыптаспаған қабаттар адамның діни санасы діни фанатизмге әкеліп соқтырады. Әсіресе араб мемлекеттерінде білім алған жастардың танымына қарасаңыз, олардың қазақтың рухани тарихынан, мәдениетінен бейхабар болып, мемлекет пен дін арақатынасы, зайырлылық пен дін, қазақ халқының діни тәжірибесін білмейтіндігі байқалады.
Елдің ішінде діни санасы қалыптасқан азамат, кейін қайда барса да өз ұстанымын да қала алады. Егер ешқандай діни білімі жоқ азамат сыртқа шықса, экстремизм, радикализм сынды діннің шектен шығуына алып барады. Саудияның діни ұстанымы қаталдау, Мысырдың өзінде де радикализм проблемалары бар. Адамның діни фундаменті дұрыс қалыптаспаған болса, ол кез-келген уақытта жат ағымға еріп кетеді. Бұл мәселені шешудің жолдары жоқ емес. Шешудің тетіктерін, әдістері мен шарттарын салыстырмалы зерттеуді қолға алып, өз бетімен діни білім алуды шектеу керек. Егер бұл шектеу жүзеге аспаған жағдайда, оның алған дипломын да жарамсыз деп тауып, ол студентті өз еліміздің университеттерінде арнайы екі жылдық бағдарлама негізінде қайта оқыту керек. Мұндай тәжірибе Түркия мемлекетінде бар, мәселен «Әл-Әзһар» діни білім беру университетін тәмәмдаған азамат міндетті түрде екі жыл Анкара университетінде оқып барып дипломын алады. Міне осылай, өзге елде діни білім алу мәселесін шешіп отыр.
Ал, алғашқы бакалаврлық діни білімді өз елінде демек Қазақстанда жалпы білім беру стандарттарына сәйкес тамамдап, ары қарай шетелде магистратура, докторантура бағдарламалармен жалғасып жатса онда тосқауылсыз құба құп.
Сондай-ақ ҚР АжҚДМ Дін істері комитеті мен Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, діни білім алу үшін ұсынылатын шетелдік теологиялық жоғары оқу орындарының тізімін жасақтады. Бұл тізімге Мысыр, Түркия, Ресей және Өзбекстан елдерінің теологиялық 9 жоғары оқу орны енді. Олардың қатарында «Әл-Азхар» университеті, Стамбул университеті, Мәрмара университеті, Анкара университеті, «Селжүк» университеті, «Хасеки» институты, Нажмеддин Эрбакан атындағы университет (Түркия), Ресей ислам университеті (Қазан қаласы), Мәскеу ислам университеті және Ташкент ислам университеті бар. Яғни, шетелдерде діни білім алғысы келетін азаматтар ҚМДБ жолдамасы арқылы аталған оқу орындарында білім ала алады. Егерде құзырлы орган тарапынан рұқсат берілмесе, ешқандай шетелдегі діни оқу орнына түсе алмайды.
Қазіргі уақытта өңірлердегі дін істері басқармалары мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, шет елдердегі әртүрлі күдікті діни оқу орындарында оқып жүрген азаматтардың ата-аналары мен туған-туысқандарымен тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оларға шетелдегі қауіп-қатерлер туралы, әртүрлі діни оқу орындарында берілетін білімнің еліміздің қалыптасқан дәстүрлі діни ұғымдары мен салт-дәстүрлеріне сәйкес келмейтіндігі туралы жүйелі түрде түсіндіріп отырады.
Жалпы, еліміздің азаматтары шетелдегі беделді әрі ресми діни оқу орындарында сапалы білім алған жағдайда мемлекет тарапынан оған қарсылық білдірмеседе, қатал қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырады. Алайда, отандастарымыздың жергілікті саяси-әлеуметтік, діни ахуалды, мәдени ортаны, тіпті, діннің өзін толық білмей, сол жақтағы заңсыз немесе күдікті оқу орындарында сабақ алумен қатар, теріс діни ағымдардың жақтаушыларының ықпалына түсіп кеткен оқиғалар жоқ емес.
Қазіргі таңда жүйесіз діни оқуды шетелдерде алу керек деген қажеттілік негізсіз. Себебі, елімізде медресе-колледждер, университеттер ашылып, осы бағытта жүйелі сапалы білім беріп жатыр. «Дінтану», «теология», «исламтану» мамандықтары бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жоғарғы оқу орындарында білім берілуде. Оқытушы-профессор құрамы да жеткілікті, біліктілігі де жоғары. Сондықтан еліміздегі діни оқу орындар шетелдегі діни оқу орындарынан кем емес.
Бүгінгі күні Қазақстанда дін мамандары екі бағытта — дінтанушылар мен теологтар ретінде даярланады. Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыдан зерттеп, әлемдік, ұлттық діндердің тарихы мен теориясын қарастырса; теологтар құдайды, дінді ішкі құрылымын зерттейді. Дінтанушы мамандарға мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, өңірлік дін істері басқармалар қызметкерлері, мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары ретінде сұраныс жоғары.
Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап Тараз қаласында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Тарих-дінтану» қосарланған мамандығы ашылып, талапкерлерді қабылдауда. Бұл мамандықтын тиімділігі жалпы білім беретін мектептерде 9-сыныптарда өтілетін «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің оқыту жүйесіне, сапалығына өз үлесін қосады. Осы пәнді жүргізетін тарихшы мұғалімдердің орнын алмастырады.
Дінтану пәні – бұл тек діндер туралы ғылыми пән ғана емес, сонымен қатар ең басты мақсаты – оқушының дін туралы түсінігін және оған деген объективті қатынасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін гуманитарлық пән болып табылады. Сондықтан, бұл пәнді арнайы дінтанулық білім бар мамандар беруі тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі таңда мектептерде аталған пәнді дінтанушы мамандар емес, өзге пән мұғалімдері жүргізуде. Дін саласы өте нәзік және идеологиялық бағытта жауапкершілікті талап ететін сала болғандықтан дінтанушы маман иесіне жүктеген дұрыс. Бұл өз кезегінде жас ұрпаққа қоғамдағы дін жағдайын түсіндіріп, нейтралдық ұстаным тұрғысынан дін туралы объективті білімді қалыптастыруға, Қазақстандағы және әлемдегі тыйым салынған діни ұйымдар туралы толыққанды ақпарат алуға мүмкіндік береді. Дін туралы білім беретін пәнді мектеп бағдарламасына енгізу тәжірибесі өзге елдердің білім бағдарламаларында да бар. Мәселен, 2010 жылдан бастап Ресей Федерециясында «Діни мәдениет және зайырлы этика негіздері» оқу пәні мектеп бағдарламасына енгізілсе, мектеп бағдарламасына дінтануды енгізу бойынша алғашқы қадам жасаған Белоруссия мемлекеті болды.
Бүгінгі әлеуметтік жағдайда елімізде белгілі бір идеологиялық білім ретінде дінге деген қажеттілік бар. Сол себептен, Қазақстан қоғамының түрлі этностық, конфессиялық сипатын ескере отыра, соған қоса ұлттық діни мұраны сақтап қалатындай қазіргі зайырлы қоғамға, заман талабына сай дінтану пәнін оқыту, дінтанушы мамандар аса қажет және бұл тақырып қашан да өзекті болып қала бермек.
Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын зерттеу орталығы»
ДІНИ БІЛІМДІ ШЕТЕЛДЕ АЛУДЫҢ ЗАРДАБЫ КӨП
Next Post