Діни сауаттылық – қауіпсіздік кепілі

0

Бейсенбі күні аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің II отырысы өтті. Кеңес төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округтердегі дін саласына жауапты мамандар, мешіт имамдары және БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандағы білім беру мекемелерінде жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастыру және оны шешудің тиімді жолдары туралы аудандық білім бөлімінің бас маманы А.Қалдарбеков баяндама жасады. Баяндамашы аудандық білім беру мекемелерінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша атқарылып жатқан шараларға кеңінен тоқталды. «Аудандық білім бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес 2023-2024 оқу жылында «Діни экстремизмнің» алдын алу бойынша оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, педагог-психологтармен деструктивті теріс ағымдағы діни бірлестіктер туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар Қордай ауданының білім бөлімі, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып, Масаншы ауылындағы медресеге зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында 1-3 курс білім алушыларының тізімдері алынып, жалпы мектеп оқушылары мәліметтері жинақталатын «Ұлттық білім беру деректер қоры» базасы арқылы тексерілді. Тексеру барысында көптеген білім алушылар «ҰББДҚ» қорында болмай шықты. Оған себеп көпшілігінің аты-жөндерінің дұрыс берілмеуі»,-деген А.Қалдарбеков бұл бағыттағы жұмыстар білім бөлімінің тұрақты бақылауында екенін жеткізді.

Қордай ауданы бойынша 71 діни бірлестіктер мен филиалдар жұмыс атқаруда. Оның 65-і ҚМДБ мешіттері. Шіркеулер саны – 6. Бүгінгі күнге Қордай ауданы бойынша тіркелген 8 намазхана бар. Мұндай деректерді өз баяндамасында  «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің аудандық бөлімінің басшысы Т.Есқұлова келтірді. Баяндамашы сонымен қатар «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің Қордай ауданындағы бөлімшесінің ауданда діни тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында атқарған жұмыстары туралы мәлімет берді. «Бүгінгі күнге аудан бойынша деструктивті діни ағымдарға тартылған азаматтар саны -75. «ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес оңалту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде діни өшпенділік пен алауыздықты тудыратын 11 азамат қоғамға бейімделіп, индикаторға қол жеткізу нәтижесі 14,6%-ды құрады. Шетелдік діни оқу орындарында оқитын азаматтармен атқарылған жұмыстарға келетін болсақ, өзге елдерде білім алып жатқан студенттерді Отанға қайтару, сондай-ақ терроризм идеясына қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда алыс шетелдік діни оқу орындарында оқитын азаматтардың саны – 14. Атап айтқанда, Сортөбеде –7, Масанчиде – 4, Отарда – 1, Қордайда –2. Аталған азаматтардың 12-сі Түркияда, біреуі Египетте, біреуі Малайзияда.»,-деген хабарламашы бұдан бөлек, діни бірлестіктердің жұмысына зерделеу жұмыстары, «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының жұмысы, ауданда жүргізілген рейд жұмыстары, «Жусан» операциясы аясында террористік белсенді аймақтардан оралған азаматшалармен атқарылған жұмыстар туралы, заңсыз миссионерлік қызмет туралы ақпараттарға тоқталды. «Ағымдағы жылы Сортөбе, Ауқатты ауылдық округтерінде заңсыз миссионерлік фактісі анықталып, әкімшілік кодекстің 490-бабына сәйкес заң бұзған азаматтарға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Заң бұзушы азаматтармен жеке кездесу жұмыстары ұйымдастырылып, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді»,-деді Т.Есқұлова.

Келесі кезекте мінберге Қордай ауданының бас имамы А.Егізбаев шығып, аудандағы діни ахуал туралы кеңінен баяндады. Оның ішінде ақпарат және қоғаммен байланыс, мешіт істері, кадр, шариғат және пәтуа, уағыз-насихат, діни оңалту, жастар ісі, қайырымдылық бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарға жекелей тоқталып өтті.

Осыдан кейін кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. «Жастар дінді тек ҚМДБ талаптарына сай келетін заңды орындарда ғана үйренуі керек. Бұл бойынша жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет»,— деп жиынды қорытындылаған кеңес төрайымы Дамира Сүгірбай жауапты бөлім және мекеме басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне хаттамалық тапсырмалар жүктеді.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.