ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ

0

Азаматтардың діни сауаттылығы шариғаттың ғана емес, қазіргі заманның да талабы. Себебі, әртүрлі ағымның тамыр жайып, көбейіп кеткен кезеңінде ата дініміз жайлы білім болмаса, теріс бағыттың артынан еріп кету қаупі жоғары. Міне, осыған байланысты елімізде халыққа түсіндіру жұмыстары жасалып, дұрыс мағлұмат беру мақсатында дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Жақында аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жұмыс кестесіне сай «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында іс-шара ұйымдастырды.

Аталмыш топ мүшелері бірінші кезекте жастарға көп көңіл бөледі. Өйткені, жат ағымның арбауына көбіне жастар еретіні шындық. Еліктегіш келетін олар діни-радикалды көзқарасты ақиқат деп танып жататыны да кездеседі. Осы ретте аудандық «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы Мұхтор Саидов қазіргі таңдағы радикалды діни көзқарасы бар топтардың сипаттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сонымен қатар, ол теріс ағымнан сақтану жолдары, діннің қоғамдағы орны, діни білім турасында мардымды насихат айтты.

Жиында аудандық бас имам Әлмұхаммед Егізбаев та сөз алып, жастардың мұндай діни ағымдардан өте сақ болуы керек екенін атап өтті. Себебі мұндай діндерге кірген адам қайтадан шығуы өте қиын. Өйткені өздеріне тәуелді етіп, адам санасын тереңінен улайды. Ең дұрысы, жастарымыз өзіміздің дәстүлі ислам дініндегі шариғат бойынша жүрсе және ҚМДБ тағайындаған имамдарға ерсе ешқашан адаспайды, теріс жолға түспейді. АТК мүшелері бүгінгі таңда радикалды көзқарастар көбіне интернет желісі арқылы тез тарайтынын жеткізді. Ақпараттың оңай қол жетімділігіне байланысты бұл саланы қадағалау өте қиын екен. Сол себепті әр азамат дін туралы ақпаратты тек ресми парақшалардан алу қажеттігі де айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.