ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ – ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ

0

Жақында аудан әкімдігінде аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің бірінші және екінші отырысы өтіп, жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, кеңес мүшелері, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Дін – қоғамдағы өте өткір де өзекті мәселе екені белгілі. Діннің осы бір ерекшелігін теріс пиғылды азаматтар алуан түрлі айла-тәсілдер арқылы өз мақсаттарына пайдалануда. Бұл тұрғыда әсіресе жастардың түрлі ағымдардың арбауына ілігіп кетуі қауіпті. Сол себепті өскелең ұрпаққа жастайынан ақ пен қараның ара жігін ажыратуды үйрету керек. Осы орайда аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбеков білім беру мекемелеріндегі жастар арасындағы діни сауаттылықты қалыптастыру жұмыстары жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, мектептерде зайырлылық және дінтану негіздері атты сабақтар өтеді, оқушыларды қадағалау жұмысы да жоғары деңгейде. Десе де бөлім басшысы дінтану сабақтарына бірқатар өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс хатын басқармаға жібергенін тілге тиек етті. Кеңес мүшелері осы тұста бірқатар ұсыныстарын алға тартып, жат ағымдардың жетегінде кететіндердің арасында жастар басым екенін атап өтті.

Жиында аудандық ішкі істер бөлімінің діни экстермизм мен терроризмге қарсы күрес мақсатында атқарылған жұмыстары туралы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің дін секторының жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндамалар тыңдалды. Осы ретте жат ағымда жүргендерді оңалту жұмыстары, шетелдерде оқитын азаматтар жайында әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, діни білімді еліміздің медреселері мен университеттерінде алу қажеттілігі айтылды.

Діни сауаттылық шариғаттың ғана емес бүгінгі заманның да басты талабы. Өйткені, түрлі ағымның тамыр жайып, көбейіп кеткен кезеңінде ата дініміз жайлы білімің болмаса, теріс бағыттың соңынан еріп кету қаупі басым. Міне, сол себепті аудандағы түсіндіру жұмыстары одан әрі жанданып, халыққа дұрыс мағлұматтар беру мақсатында кездесулерді ұйымдастыру жалғасатын болады.

 

Е.ҚАТБЕКОВ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.