12 шілдеде аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің I отырысы өтті. Отырысты аудан әкімінің орынбасары, кеңес төрайымы Дамира Сүгірбай жүргізді. Онда мешіт имамдарына мемлекеттік тілді үйрету бағытында атқарылған жұмыстары, Қордай аудандық пробация қызметі бөлімінде тіркеуде тұрған азаматтармен жүргізіліп жатқан жұмыстар және спорт мектептеріндегі жастар мен бапкер – оқытушылардың діни сауаттылығын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы мәселелер талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша сөз тілдерді оқыту орталығы директорының м.а. Алтынай Әшімханға берілді. Алтынай Болатқызының айтуынша, 2023 жылдың 22 тамызынан бастап Масаншы ауылындағы «Мұсылмандар» мешітінде 10 тыңдаушы, Сортөбедегі мешітте 11 тыңдаушы қамтылып, мемлекеттік тілді оқыту курстары басталған. Биылғы жылы аталған тыңдаушылар тілді үйрену курстарын жалғастырып, олардың сұранысы бойынша аптасына бір мәрте дәріс беріледі. Қазіргі таңда имамдар санын көбейту жоспарлануда. Алдыңғы жылдардың тәжірибесіне сәйкес, дін қызметкерлерінің пікірлерін ескере отырып, әр сабақтың мақсатына қарай бейнероликтер әзірленіп, курстарды QR кодтар арқылы да үйрену мүмкіндігі жасалған. Орта деңгейге арналған бұл бағдарлама бойынша тыңдаушы діни бағыттағы 900-ге жуық сөзді меңгеріп шығады және қазақ тілінде еркін уағыз айту мүмкіндігіне ие болады.
Келесі сөз кезегі Қордай аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Темірхан Ошановқа берілді. Темірхан Жамалбекұлының айтуынша, бүгінгі күнге «Қауіпсіз-Қордай» жобасы негізінде, арнайы құрылған жұмыс тобы, ауылдық округ әкімдіктері мамандарымен пробация қызметінің есебінде тұрған 82 азаматтың отбасыларына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, мұқтаждықтары анықталып, әлеуметтік карта жасақталды. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға душар болған бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға да әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Бас бостандығынан айыру мекемесінен босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тұрған 13 азаматқа 15 АЕК көлемінде (55380 теңге) жалпы сомасы 719940 теңгелік бір жолғы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Өз кезегінде, аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысының м.а. Шынар Джайлямышева «Біз діни экстремизимге қарсымыз атты ұранымен» өткізілген шаралар турасында айтып өтті.
Кеңес отырысына ауылдық округ әкімдері онлайн форматта қатысты.
Отырысты қорытындылай келе, Дамира Маратқызы бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне ұсыныстар беріп тапсырмалар жүктеді.
Мадина УЗБЕКОВА