Қазіргі таңда діннің қасиетінен гөрі, қасіретіне куә болып жүрміз. Оның басты себептерінің бірі қоғам арасындағы діни сауатсыздық. Қай саланы алсаңда, ондағы мәселелердің шешімі тек сауаттылықта жатқандығы анық.
Соңғы уақытта елдегі діни ұйымдар, өздерінің үгіт жұмыстарын діннен бейхабар, діни түсінігі таяз азаматтардан бастайтыны сөзсіз. Олар, діни шешендіктің ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың ой санасына теріс ықпалын тигізуде. Көп жағдайда идеологиялық ықпалға оп-оңай бой алдыртатын қоғамның ерекше тобы саналатын жастар, теріс пиғылды діни насихаттың қызметі үшін ыңғайлы нысанға айналып отыр.
Өкінішке орай зерттеу барысында, діни ағымдардың қатарында жастардың көрсеткіші жоғары. Ағым өкілдері, жастарымызды өздерінің ықпалына қарай саяси мақсатта қолдануға тырысады. Өйткені кез келген жасөспірім жаңа құбылысты үйренуге, оның қыр-сырын игеруге немесе оны білуге құштарлық танытады, әрдайым ақпарат алаңының алдында отыратын да – жастар. Өзіне керекті мәліметтер іздегенде, осы діни ағым өкілдерімен кездейсоқ танысатын да жастарымыз.
Жастардың дәстүрлі емес діни ағымдардың шырмауында кетуінің бірнеше себептерін атап көрсетуге болады. Біріншіден, сауаттылық мәселесі. Яғни діни сауаттылықтың төмен дәрежеде болуы. Екіншіден, әлеуметтік жағдай. Материалдық жағынан аз қамтылмаған отбасыларды, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы өздерінің қатарына қосып жатқандығын айтуға болады. Әрине, елдегі барлық отбасын материалдық жағынан қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ адамдарды діни сауатты етуге болатын іс.
Әлбетте, жаңа заманның жетістігі интернет да бір жағынан өз зиянын келтіруде. Мысалы, теріс діни ағымдардың өкілдері өз алдарына интернет сайттарын ашып, көп уақытын компьютер алдында өткізетін жастарды шатастырып, санасын улауға тырысатыны сөзсіз.
Әлеуметтік желі арқылы және интернет сайт арқылы олар, қалыптасқан дәстүрлерді терістеу, ата-ананы тыңдамау деген секілді теріс түсініктерін тықпалап жатыр. Жалпы интернетті толық бақылауға алу қиын іс. Бірін жапса, ертең екіншісі ашылады. Енді тек мемлекет тарапынан қатаң бақылау жүргізіліп, интернет сайттарындағы мәліметтер тексеріліп отыруы қажет. Сонымен қатар бүгінде Дін істері комитеті және жергілікті атқарушы органдарымен бірігіп, интернет сайттарындағы теріс мазмұнды мәліметтермен күресті өз құзыреттеріне алып, олардың жарыққа шығуын қадағалап, барынша тосқауыл қоюда.
Бүгінгі күні Қордай ауданының барлық ауылдық округтерінде дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын дәріптеу мақсатында мобильді түсіндіру топтары құрылған, ішіне мемлекеттік қызметкерлер, учаскелік полиция инспекторы, имамдар мұғалімдер және ауыл белсенділері кіреді. Топ мүшелері өз қызметін белсенді түрде жүргізіп, ауыл тұрғындары, жастар, оқушылар және мемлекеттік ұйымдар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ауыл ақсақалдары да шет қалмай өздерінің үлесін қосуда. Өйткені ауыл жастары міндетті түрде олардың беделді пікірін тыңдап дұрыс қорытындыға келетіні сөзсіз.
Жастарымызды теріс діни идеологиядан сақтандыру жолдарының бірі ол – діни білімді арттырумен қатар, отбасы институтын жетілдіру. Жастар бойындағы жаман қылықтарға қарсы күресетін иммунитет – діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Діни тәрбие адам бойындағы ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятады. Мектеп қабырғасынан оқушыларымызды діни, саяси сауатты, толыққанды жетілген тұлға етіп тәрбиелеп шығарған жағдайда ғана діни фанатизмнің қауіпінен арашалауға болады. Діни сауаттылықты қалыптастыру – заман талабы екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Қасық ауылдық округі әкімі аппараты