Қазақтың тегі – түркіден де, діні – мұсылманнан. Ұлтымызды сақтап, тегімізді бүтіндеу үшін, тарихымызды, дінімізді түгендеу үшін жас ұрпақты ұлттық сауаттылыққа имандылыққа тәрбиелеуіміз керек. Имандылық тәрбиесінің мақсаты адамзатты ақиқатқа жетелеу болып табылады. Яғни, мемлекетіміздің, қоғамымыздың болашағына жауап беретін адал, мәдениетті, білімді азамат тәрбиелеу. Иман, инабат, адамгершілік, ізеттілік, ізгілік іздерінің қайнар көзі діни танымда, дінде жатыр.
Бүгінгі таңда елімізде және бүкіл дүние жүзіндегі ең өзекті проблема — діни сауаттылық немесе діни сауатты болу. Қазірдің өзінде қоғамда көп адамдардың діни сауаты төмен. Осыны басынан түзеу мақсатында 2016 жылы мектептерге 9-сыныптың оқушыларына арнайы «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні енгізілген болатын. 2019-2020 оқу жылынан бастап 8-сыныптарға «Мектепте діни сауаттылықты қалыптастырудың негіздері» курсы енгізілді. Республика бойынша біздің облыста тәжірибе ретінде енгізіліп, оның ішінде Қордай ауданында 100 пайыз барлық 8-сынып оқушыларына оқытылды. Бұл тамаша бастама. Мұндай сабақтардың оқушылардың діни сауаттылықтарын жетілдіруге пайдасы зор, себебі соңғы сауалнамалардың нәтижесі бойынша оқушылардың дінге деген көзқарастары, діни сауаттылығы байқалады. Бұрынғыдай діни оқу орындарында білім алу үшін шет елге кетуге үміткерлер жоқ. Сирия, Ауғанстан және т.б. мемлекеттерге кім кетіп жатқанын, онда қандай қатер бар екенін жетік түсінеді. Жалпы әлемдік діндер мен диструктивті діни ағымдарды ажырата алады. Бұл жұмысты тек мектепте ғана емес әр отбасыда жүргізсе ұрпағымыз діни сауатты болатыны сөзсіз.
Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастардың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Дегенмен, қазіргі таңда еліміздегі кейбір жастардың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мәселе болып отыр.
Атақты тарихшы Л.Гумилев: «Бір халықты идеологиялық тұрғыда жаулап алу, қару қолданып, күш жұмсаудан арзан, әрі анағұрлым тиімді» — екенін айтқан. Біз тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді мәңгі ұмытпауға, оны әрдайым есте сақтауға міндеттіміз. Жастардың тоталитарлы культтардың шырмауына түсуінің алғышарттары мынадай: жанұя жағдайындағы күйзелістер, өтпелі кезеңдегі психологиялық ахуал, болашақ өмір алдындағы үрей, айналадағы ортамен қарым-қатынастағы мәселелер, өз елінің тарихын, дінін, рухани мұрасын толық білуден туатын тәрбиенің жоқтығы. Ислам діні туралы білімнің таяздығы.
Мектеп ұстаздары білім алушыларға дін саласындағы заңнамалар, дәстүрлі діндердің шығу тарихы және деструктивті діни ағымдардың зардаптары туралы жүйелі білім беріп, оқушыларға діннің танымдық, мәдени және дүниетанымдық мәнін ұғындырып, білім алушыларды толеранттылыққа тәрбиелеп, діни әдебиеттер мен бұқаралық ақпарат көздерінің материалдарын сыни тұрғыда бағалай білуге дағдыландырады. Дегенмен, бұл жұмыстың өзі де аздық етеді. Егер біз қоғам болып, жастарымыздың болашағы, мемлекетіміздің тірегінің мығым болуын бүгіннен бастап ойласақ, осы бағыттағы жұмысты назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ- мемлекет тізгінін өз қолында ұстайтын ертеңгі ел үміті.
Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Жастарды үйде де, түзде де имандылық пен адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеудің халықтық сан алуан әдіс-тәсілдерін қолданған. Имандылық үлкенді силау, ар-ұят, ожданды білу, инабатты болу осы тәрбиеден басталады. Өйткені ар – ұят, ождан – иманның кілті. Имандылыққа деген ұмтылыс адам бойындағы табиғи құбылыс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Имандылық негізін жетпіс немесе алпыс тармақтан тұрады. Оның ең әлсізі жолдан зиянды нәрсені алып тастау. Ал күнәға барудан ұялу ол имандылықтың бір бөлігі» — деп бұйырған. Хадистің мағынасын тереңдеп түсініп, мұсылман қазақ еліне ислами тәлім – тәрбиені насихаттау қызметін атқарған данышпан Абай Құнанбайұлының 38 – ші қара сөзінде: «Имандылық тек сену ғана емес, әділдікті арттыру мен әділетті іс істеу, ынсап, ұят бұл қабілеттен шығады» — деп жазуы да әлбетте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)-ның хадистерінен халқымызға уағыздап, тәрбиеге шақыру үшін болатын.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа-адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіру қажет. Жастарды имандылыққа тәрбиелеу негізінде отбасынан басталады. Отбасы дегеніміз – адам баласының өсіп — өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Отбасында, әсіресе, тәрбие анаға байланысты. Ананың бала тәрбиелеудегі роліне Ислам қайраткерлері де көп көңіл бөлген.
Сол үшін де Абай: «Адам баласының көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат байлаулықтың жоқтығынап азайды», — дейді.
Т.ЕСҚҰЛОВА, Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының Қордай ауданы
бойынша арнайы бөлімінің басшысы