«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА»

0
  1. Жаңа қағидаларға сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ (осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау кезінде), сондай-ақ соңғы 2 (екі) жыл ішінде күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ мамандарға ұсынылады (Қағидалардың 18-тармағы). Бұл норма не үшін қажет екенін түсіндіріп берсеңіз?

Бұл норма тұрғын үйі жоқ мамандарды әлеуметтік қолдау шараларымен барынша тиімді қамту, сондай-ақ бұрын берілген кредиттері бар мамандарға қаржылық жүктемені болдырмау үшін, сондай-ақ соңғы 2 жылда 90 күнтізбелік күннен артық қарызы болмаған жағдайда енгізілді. Басқа кредиттердің болуы мамандардың төлем қабілетіне әсер етеді.

  1. Маман туыстарынан тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредитті пайдалана ала ма?

Жоқ, пайдалана алмайды. Бұл проблеманы жергілікті атқарушы органдар бірнеше рет көтерді. Біз жақын туыстарынан (жұбайынан (зайыбынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан (оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандардан), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан) тұрғын үй-жай сатып алуға, сондай-ақ азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға тыйым салу жөніндегі норманы енгіздік.

Бұл норма шын мәнінде тұрғын үйі жоқ мамандарды әлеуметтік қолдау шараларымен неғұрлым тиімді қамтуға ықпал ететін болады.

  1. Көтерме жәрдемақы мен бюджеттік кредитті төлеу үшін жас ерекшелігіне қарай шектеу бар ма, яғни әлеуметтік қолдау шаралары қай жасқа дейін төленеді?

Қағидаларға сәйкес алушы әлеуметтік қолдау шараларын алған кезде ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге өзіне міндеттеме алады.

Сонымен бірге, Қағидаларда жас ерекшеліктеріне шектеулер белгіленбеген. Алайда әкімдіктер маманның еңбек демалысына шыққанға дейін толық үш жыл бұрын шекті жұмыс мерзімі бойынша келісім міндеттемелерін орындау мерзімдерін ескереді, сондай-ақ бюджеттік кредит бойынша мерзімдер (15 жылға дейін) ескеріледі.

  1. Тұрғын үй құрылысына бюджеттік кредитті пайдалануға бола ма?

Иә, болады. Бұл норма Қағидаларда (2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрық) бар. Әкімдік маманға таңдау үшін тұрғын үйлердің үлгілік жобаларының нұсқаларын ұсынады. Алайда тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 46 АЕК-тен (134,2 мың теңге) аспауы тиіс. Тұрғын үй құрылысының сметалық құны берілетін кредиттің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет. Тұрғын үй құрылысының мерзімі кредит берілген сәттен бастап 12 айдан аспауы тиіс.

  1. «Дипломмен ауылға» жобасы неліктен шағын қалаларда қолданылмайды?

Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» салалық Заңы (18-баптың                 8-тармағы) ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұруға келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандарын ғана қолдауға бағытталған.

Қазіргі уақытта заңнамалық актілердің халқы 10 мың адамнан аз шағын қалалардың мәртебесін өзгерту бөлігіне түзетулер енгізілді. Қалалық елді мекеннің мәртебесі ауылдық елді мекенге өзгерген жағдайда, олардың мамандары бұдан әрі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары мен тиісті үстемеақылар ала алады.

Сондай-ақ, қалаларға келетін мамандар үшін Жоба шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ауылдық жерлерден мамандардың кетуіне және кадр тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкелуі мүмкін екенін ескеру қажет.

  1. Сіз «Дипломмен ауылға» жобасын автоматтандыру жүргізіліп жатқанын айттыңыз. Маман өтінішті электронды форматта қалай бере алады?

Маман «Электрондық үкімет» порталы арқылы «Әлеуметтік қамсыздандыру» бөлімінде өзінің ЭЦҚ арқылы өтініш береді. Қандай әлеуметтік қолдау шаралары қажет екенін таңдайды. Яғни, көтерме жәрдемақы ғана немесе бюджеттік кредитпен бірге қажет пе екенін таңдайды. Тиісті ақпараттық жүйелерден тізбеге сәйкес құжаттар алынады.

Бұл, мысалы:

— жеке басын куәландыратын құжаттар туралы (Әділетминінің АЖ-нан);

— неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (Әділетминінің АЖ-нан) туралы;

— тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәлімет (ІІМ АЖ-нан);

— көрсетілетін қызметті алушының, оның жұбайының және балаларының жылжымайтын мүлкінің болмауы (болуы) туралы анықтамалар, көрсетілетін қызметті алушының атына тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін пайдалану құқығы туралы (Әділетминінің АЖ-нан);

— еңбек жолы жөнінде мәліметтер (Еңбекминінің АЖ-нан);

— орта білімнен кейінгі, техникалық, кәсіптік және/немесе жоғары білімі дипломының болуы туралы (БҒМ АЖ-нан) мәліметтер.

Еңбек қызметі жөнінде, білімі туралы дипломының болуы туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерде болмаған жағдайда, осы құжаттардың сканерленген нұсқалары салынады, сондай-ақ Кредиттік бюродан есеп салынады.

Бұдан әрі өтініш құжаттардың толық тізбесімен «Ауылдық ипотека бойынша өтінімдерді қабылдау жөніндегі бағдарламалық өнім» АЖ-на түседі. Осыдан кейін аудандар (қалалар) әкімдіктерінің жұмыскерлері өтінішті Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидаларына (ҰЭМ 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығы) сәйкес қарайды.

  1. Оралмандар (этникалық қазақтар) әлеуметтік қолдау шараларын ала ала ма?

Егер оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылса, олар «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша әлеуметтік қолдау шараларын ала алады.

Бюджеттік заңнамаға (ҚР Бюджеттік кодексі, 178-бап) сәйкес түпкілікті қарыз алушылар Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін екенін атап өткім келеді.

  1. Маман көрші ауылдан емес, міндетті түрде қаладан келуі керек пе?

Негізгі өлшемшарт – маманның келу орнына қарамастан, ауылдық елді мекенде жұмыс істеуге және тұруға деген ниетінің болуы.

  1. Егер жеңілдікті кредит алған адам ауылдан 3 жылдан ерте кетуді шешсе, ол нені төлеуге/орындауға міндетті?

Бұл мәселе әкімші, маман және сенім білдірілген өкіл (агент) арасында жасалған Келісімге сәйкес шешіледі.

Өндірістік жағдайларға байланысты немесе әкімшіліктің (әкімдіктің) бастамасы бойынша үш жыл мерзім өткенге дейін басқа ауылдық елді мекендерге (немесе бір ауылдық елді мекен шегінде) жұмысқа ауыстырылған кезде алынған әлеуметтік қолдау шараларына маманның құқығы сақталады. Сонымен бірге онымен қосымша келісім жасалады.

Егер маман өз бастамасы бойынша, әкімдіктің келісімінсіз, белгіленген мерзімнен аз жұмыс істесе, онда ол ұсынылған әлеуметтік қолдау шараларын толық көлемде қайтаруға тиіс.

  1. Өтінімді қарау және жеңілдікті кредит беру мерзімі қандай?

Өзектендірілген Қағидаларға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері әкімшіге құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап — 6 жұмыс күнін құрайды. (Бұрын көтерме жәрдемақы төлеу – 27 жұмыс күні ішінде, тұрғын үйге бюджеттік кредит төлеу – 47 жұмыс күні ішінде болған).

  1. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қай жылға дейін болады?

«Дипломмен ауылға» жобасының іске асырылуының барлық кезеңінде, әсіресе ауыл жастары арасында өзектілігін жоғалтпай отыр. Сонымен бірге, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жобаны іске асыру мерзімдері регламенттелмеген.

  1. Сұранысқа ие мамандықтар тізбесі не үшін қажет? Егер менің мамандығым бұл тізбеде болмаса, мен әлеуметтік қолдау шараларын ала аламын ба?

Белгілі бір салада кадрлардың жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін әкімдіктерге сұранысқа ие мамандықтар тізбесін қалыптастыруға мүмкіндік берілді. Бұл тізбе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің ресми сайтында орналастырылады. Бұл тізбе алдағы кезеңге тиісті салада әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну үшін мамандықтар санаттарын айқындауға мүмкіндік береді. Мысалы, өтінішті уақтылы бермеген немесе қаржыландырудың болмауы себебінен әлеуметтік қолдау шараларын ала алмаған білікті сала мамандары (мамандандырылған салалық дәрігерлер, шет тілдері мұғалімдері). Осы норманы енгізгенге дейін Қағидаларда мұндай мүмкіндік болмады және әлеуметтік қолдау шараларын жылдың басында өтініш берген мамандар ғана алды.

Алайда, бұл тізбеге ағымдағы жағдайға қарай өзгерістер енгізілуі мүмкін (қосымша ақша бөлу, басқа мамандардан бас тарту және т.б.).

  1. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қолдау шараларын алуға мүмкіндігі бар ма?

2020 жылғы 30 қыркүйекте «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығы қабылданды.

Көрсетілген Қағидаларға сәйкес 2020 жылғы 17 қазаннан (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң) кейін жұмысқа орналасқан ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері әлеуметтік қолдау шараларын алуға құқылы.

  1. Жеке ұйымдардың қызметкерлеріне (мысалы, ЖШС, ЖК және тб.) көтерме жәрдемақы және бюджеттік кредит түрінде шаралар ұсынылуы мүмкін?

Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын көрсету қағидаларында (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрық) сәйкес маманның жұмыс жасайтын ұйымның меншік нысаны реттелмеген.

Осыған байланысты, жеке ұйымдарда жұмыс істейтін мамандар әлеуметтік қолдау шараларын алуға өтінім бере алады.

  1. Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша құжаттарды қайда тапсыру керек?

Сізге әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну, кезекке қою немесе қоймау мәселесін қарау үшін «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (ХҚКО) арқылы толық құжаттармен электрондық форматта хабарласуды ұсынамыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.