Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес Отбасы банк биыл 1 сәуірден бастап «Дипломмен – ауылға!» жобасының сенімді агенті болып тағайындалғаны белгілі. Аталған жобаны жалғастыруда таңдау неге Отбасы банкке түсті десек, шынында да, оның тұрғынжайды несиелеуде бай тәжірибесі бар екендігін және осы жүйені үздіксіз жетілдіріп отырғанын жоққа шығара алмаймыз.
Сонымен 1 мамырдан бастап бағдарламаға қатысушыларға Отбасы банк арқылы заемдар төлене бастайды. Және жұрттың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қолдауға ие болу ісін жеделдету, әрі жеңілдету үшін «Дипломмен – ауылға!» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Алайда осы бағдарламаға қатысты отандастарымыз білуге тиісті бірнеше маңызды мәселе бар. Себебі енді нақ Отбасы банк бұрын алынған қарыздар мен жаңа бюджеттік несиелер бойынша қызмет көрсете бастайтын болады. Бұрынғы клиенттер ай сайынғы төлемдерін кешіктірмеу үшін сәуір айының соңына дейін Отбасы банкінің клиенті болып үлгеруі қажет. Мұны онлайн жасауға болар еді, бірақ клиенттің келісімінсіз мұны атқару мүмкін емес.
Қазір банк бұрынғы оператордан «мұраға қалған» 38 мың адамы бар клиенттік базаны қабылдап үлгерді. Осы отандастарымыз үшін Отбасы банкте жаңа есепшот ашып үлгеру өте маңызды болғандықтан, Отбасы банктің қашықтан қызмет көрсету департаментінің директоры Арсулан Черниязовпен сұхбаттасқан едік.
– «Дипломмен – ауылға!» жобасының заемшылары несиелерін төлеуді кедергісіз жалғастыра беру үшін 1 мамырға дейін Отбасы банкте есепшоттарын ашуға тиіс. Егер мұны жасап үлгермесе, онда төлемдері кешігеді. Клиенттердің есепшоттарымен қатар, депозиттері де бірге ашылатынын атап айтқым келеді. Бұл опция да – осы үдерістің ажырамас бөлігі. Сондықтан азаматтарға бұдан қорқудың, яки немқұрайды қараудың жөні жоқ. Өйткені Отбасы банк – жинақтаушы банк болғандықтан, депозит – клиенттерге онсыз қызмет көрсетілуі мүмкін емес негізгі өнім. Депозит ашу ештеңеге міндеттемейді, керісінше, келешекте «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушы балаларын баспаналы етуді немесе үйін кеңейтуді жоспарласа, көмегі мол. Бірақ адамдар бұл депозитті пайдаланғысы, ақша жинағысы келмесе, оларға мұны ешкім міндеттемейді.
– Мамыр айының басталуына санаулы күн қалды. Бұрынғы клиенттер бұған үлгере ала ма?
– Банк осының бәрін ойластырып отыр. Сондықтан банк бөлімшелеріне шапқыламай, үйде отырып-ақ смартфоныңызға Оtbasy bank қосымшасын жүктеп алып, сол арқылы «банк клиенті болуды» таңдау жеткілікті. Бағдарлама өзі тексеріп, яғни сіздің биометриялық деректеріңізді салыстырғаннан кейін барлық қажетті логикалық әрі ыңғайлы үдерістерді аяқтай аласыз. Банк клиентіне айналып, ағымдағы шот ашудың тағы бір тиімді жолы – 300 нөміріне тегін қоңырау шалу. Үшінші әдісі – ең жақын жердегі банк бөлімшесіне, кеңес беру орталығына бару. Біз клиенттерімізге барынша ыңғайлы болу үшін бәрін жеңілдетуге тырысып отырмыз. Әзірге олардың үштен бірі ғана ағымдағы шотын ашты. Демек асыққан жөн!
– Бағдарламаға қатысуға жаңа өтінімдер беруге бола ма?
– Өтінімдерді қабылдаудың басталатын күнін қосымша хабарлаймыз. Бірақ бағдарламаға ауылдық жерлерге жаңадан көшіп келген немесе бұрыннан тұрып жатқан, нақты кәсіппен айналысатындар қатыса алады. Ең бастысы, олар денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік, мәдениет пен спорт және ауыл шаруашылығы саласына керекті мамандар, оның ішінде ауылдық округтер әкімдігі аппаратының мемлекеттік қызметшілері болуға тиіс. Белгілі бір елді мекендерге қажетті қызметкерлер тізімін жергілікті әкімдіктер өздері жасақтап, ресми сайттарына орналастырады. Содан кейін осы тізім бойынша өтініштер қабылданады. Тағы бір шарты – талап етілетін мамандық бойынша үміткер алдағы уақытта үш жыл ауылда жұмыс істеуі керек.
Өтінімдер қалай беріледі десеңіз, егер бұрын осыған дейінгі оператордың филиалы – Аграрлық несие корпорациясына бару қажет болса, қазір компьютер, планшет немесе смартфон болса, жеткілікті.
Отбасы банктің мемлекеттік деректер базасымен интеграциялануы мен Вlockchain технологиясының көмегімен азаматтардың түрлі мекемелерге сандалуы тыйыла бастады десек те болады. Жобаға қатысу үшін otbasybank.kz порталында тіркеліп, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою жеткілікті. Яғни жобаның әлеуетті қатысушыларына eGov мобильді қосымшасын қосымша жүктеп алып, оған тіркелу қажеттігі маңызды екенін айта кету керек. Бұл болашақта қатысушылар мемлекеттік деректер қорынан сұралған деректерді растауы үшін қажет.
– Банк өтінімдерді қарау мен өңдеуді қашықтан жүзеге асыратын болса, бұл әкімдіктердің де жұмысын жеңілдете түсетін болар?
– Әлбетте. Клиенттің өтінімі мақұлданған жағдайда, ол үй сатып алуға немесе салу үшін берілетін өте жеңілдетілген несиені, сонымен қатар «көтерме жәрдемақы» деп аталатын әлеуметтік қолдауды рәсімдей алады.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша несиенің ең жоғары сомасы 1500 АЕК-ке дейін, жылына 0,01%-дық мөлшерлемемен 15 жылға дейін беріледі. Шындап келгенде, бұл бөліп төлеу сияқты өте тиімді.
– Бағдарлама бойынша қай өңірдің кадрлары белсенділік танытып отыр? Жалпы, сіздің банк жүйесі қосымша міндетті алып жүруге дайын ба?
– Бұл бағдарлама неге өзекті екенін ел түсіне бастады. Тек өткен жылы 12 мың өтінім қабылданса, жылына орта есеппен 5 мыңға дейін несие беріледі. Қаржыландыру жағынан Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр.
Мен банкирлерден: «Сіздер қосымша жүктемеге дайынсыздар ма? Қазірдің өзінде 38 мың жаңа клиент пайда болды, енді одан да көп бола ма?», деп сұрасам, олар күле жауап беріп: «Еnpf-otbasy.kz платформасы іске қосылғаннан кейін ештеңе қорқынышты емес», деп отыр.
Өйткені, елдің ЕПҰ-ны пайдалануына байланысты бұл ресурсқа сұраныс өте жоғары болып, банк қызметкерлері шама-шарқынша жұмыс істеп, бұл олардың тапсырмаларды мобильді және дәл орындауына кедергі келтірген жоқ. Қазір олар машықтанып алғандықтан, барлық маманымыз да, жүйелер де 100 пайыз дайын десем болады.