Қордай ауылында ұлттық рухты жаңғыртқан сүйінші жаңалық Қордай ауылында биыл ерекше бір қуанышты құбылыс орын алды. Ауылдағы мектептердің бірінде домбыра үйірмесі ашылып, оған үшінші сыныпта оқитын орыс ұлтты қыздардың қызығушылықпен қатысып жүргені көз сүйсіндіреді. Олар қазақтың қара домбырасына шын көңілмен ден қойып, ұлттық өнерге құрмет көрсетуде. Бұл игі істің бастамашысы – музыка пәнінің мұғалімі Райхан Байбетова.
Үйірме қыркүйек айының соңында ғана жолға қойылса да, қыздар қазаннан бері бірде-бір сабақты қалдырмай, ынтамен қатысып келеді. Аптасына екі рет – сәрсенбі мен жұма күндері өтетін сабақтарға олардың ықыласы ерекше. Жас та болса, өнерге деген талпыныстары байқалып-ақ тұр.
Үйірменің белсенді оқушыларының бірі – Ульяна Чепурных. Ол домбыраға деген алғашқы сүйіспеншілігі туралы тебірене айтады:
«Мен алты жасымнан-ақ домбыраның үнін жақсы көретінмін. Үйірме ашылғанда анам барып көргім келе ме деп сұрағанда, ойланып барып келістім. Өте дұрыс шешім қабылдаппын», – дейді ол қуана.
Ульянаның ықыласы өзгелерге де әсер еткен секілді: «Домбыра үйренгісі келетіндер көп екен», – деп күлді ол.
Тағы бір оқушы – Злата Коростелева. Ол домбыраны баяғыдан бері қызығып тыңдаса да, алғашында тартынғанын жасырмайды:
«Анам айтқанда бірден келіспедім. Бәлкім үйрене алмаспын деген қорқыныш болды. Бірақ ағам қатты қолдап, мені жігерлендірді. Қазір үйірмеге барғаныма өте қуаныштымын», – дейді ол.
Ал Василина Аляева домбыра үйрену туралы шешімді өзі қабылдапты:
«Құрбыларыма қарап, мен де қазақтың ұлттық аспабын үйренгім келді. Ата-анамнан домбыра мен нота дәптерін алып берулерін өтіндім. Рұқсат етіп, қолдау көрсеткендеріне қатты қуандым», – дейді ол.
Музыка мұғалімі Райхан Маратқызы қыздардың ынтасына дән риза.
«Өте еңбекқор, тыңғылықты, айтқанды екі етпейтін тәртіпті балалар. Сабақты қалдырмайды, берілген тапсырмаларды түгел орындайды», – деп олардың алғырлығын мақтан етеді.
Қазір жас домбырашылар алғаш қадам ретінде орыс халық әні – «Во саду ли, в огороде» шығармасын үйреніп жатыр.
«Әзірге жеңіл әуеннен бастаймыз. Одан кейін қазақтың сүйікті әні – «Еркем-айға» көшеміз. Кейін күрделі күйлер мен әндерге де барамыз», – дейді ұстаз. Ол сондай-ақ нотамен ойнаудың маңызын ерекше атап өтті:
«Алдымен нотаны меңгеруі қажет. Болашақта сандармен ойнауды да үйретемін – балаларға ол жеңілірек түседі».
Домбыра үніне құмар болып өскен осындай жеткіншектердің арасында қазақ өнеріне шынайы құрмет пен ынта бар екені қуантады. Ұлттық өнердің қадірін өзге ұлт өкілдерінің жүрегіне жеткізу – нағыз тәрбиенің көрінісі.
Мадина УЗБЕКОВА